365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Astana Media Week 2018 – БАҚ назарында

  • 668
  • UPD: 19:38, 28.09.2018

Елордада, біз тұрған Қазмедиа орталығында қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан медиа апталықтың өтіп жатқаны белгілі.

Бұл ауқымды шарада айтылып жатқан тың дүниелер еліміздегі барша басылымда көрініс тауып жатыр. Солардың кейбірін шолып шықсақ. Мәселен, «Егемен Қазақстанда» жарық көрген сараптамалық мақалада былтыр бастау алған контент-маркеттің биыл да өтіп жатқаны жазылған. Сондай-ақ апталықтың негізгі мақсаттарының бірі ретінде қатысушы продакшн-компаниялардың инвестор тарту мүмкіндігі көрсетілген. Айта кетейік, бүгін шараның үшінші күні өтіп жатыр. Автор бұл күннің бағдарламасын да оқырманға ұсынады.

«Медиа-апталықтың соңғы күні де пайдалы шараларға толы болмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Өңірлік БАҚ альянсымен бірге орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі қызметкерлері мен түрлі саладағы журналистер үшін семинарлар өткізбек. Онда баспасөз қызметтерінің өкілдеріне БАҚ-пен тиімді жұмыс жүргізудің, медиа жұмысының ажырамас бөлігі SMM-ді \Social media Marketing\ жүргізудің қыр-сыры үйретілетін болады. Сонымен бірге сарапшылар іскерлік байланыс орнатудың маңыздылығы мен медиа жоспарлау тиімділігін, заманауи медиа трендтер жайын талқылап, стратегиялық ойлауды дамыту құпияларымен бөліспек»

 

«Алматы ақшамы». Шер-шындық

Астана медиа-апталығы жөнінде алып шаһар – Алматының бас басылымы да жазды. Алматы ақшамы» да біз жоғарыда атап өткен контент-маркет, яғни медиа-көрмеге қатысушылардың өз өнімдерін көпшілікке ұсыну тәсіліне басымдық береді.

Автор бұл шараны «жеке нарық өкілдері арасындағы диалог үшін тиімді алаң» деп атайды. Сондай-ақ осы басылымның соңғы санында таяу күнде жарық көретін «Шер-шындық» атты кітаптан үзінді жарияланды. Көлемді дүние қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртазаға арналған. Айта кетейік, бүгін – ұлт баспасөзі тарихында бірнеше буынға ұстаз болған тау-тұлғаның туған күні. Жазушы 86 жасқа толып отыр. Кітап пен үзіндінің авторы – Шерағаңның шекпенінен шыққан шәкірті, «Алматы ақшамының» бас редакторы – Қали Сәрсенбай. Автор негізінен қаламгермен қызметтес болған жылдар жайлы баяндайды.

«Шын мен шың. Шындықты кiм-кiм де айтқан болар-ау, бiрақ шырқыратып, шырайын келтiрiп айту бiр басқа. Ол бiр шың тәрiздi. Ал шыңға шығу да әркiмнiң қолынан келмейдi. Сол шыңға Шерағаң шықты. Шыққанда да өзi айтқандай, «шындық ащы әрi ажарсыз» болса да сол шындық шыңының шырайын келтiрдi. Балаға ат қойғанда да халқымыз ырымдап қояды ғой. Шерағаңның есiмiнiң түбiрiне үңiлсек, «шер» сөзi шығады. «Шер кiсiнi шайыр қылады» деген де сөз бар. Бәлкiм, халқының шерiн айтсын, шерiн тарқатсын деген болар. Болар емес-ау, бүгiнде сол халықтың ырымы, наным-сенiмi шындыққа айналды ғой. Шер мен шындық бiр-бiрiнен ажырағысыз егiз ұғымға айналып кеттi. Шер-шындық десек те болғандай»

Сондай-ақ газеттің бұл санында «Шерағаңның шашылып түскен тіркестері» деген атаумен қаламгердің мірдің оғындай сөздері де жарияланды. Оқырманға ой салатын шағын үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз.

«Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүние-қоңызбен, ақшамен өлшейдi. Көлдiң тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай. Ал таусылмайтын байлық, ол – құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады. Талант пен дарын тана сүтiнен емес, ана сүтiнен дариды»

 

«Сыр бойы». Елімізде «Махаббат, қызық мол жылдар» атты телехикая түсіріледі

Апталыққа арнайы келген аймақ тілшілері де оқырманға жиыннан түйгенін ұсынып жатыр. Мәселен, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті «Махаббат, қызық мол жылдар» деген телехикаяның түсірілетінін жазады. Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романы желісімен, әрине. Автор осы көркем дүниені түсіретін компания өкілдерімен тілдесіпті.

«Шынайы махаббат туралы кино қоғамға идеологиялық серпін берер деген ойдамыз. Бәрі бекітілетін болса, «Махаббат, қызық мол жылдар» тележобасын келесі жылы бастамақ ойымыз бар».

Осы категория бойынша: « Баспасөзге шолу. Халқымыздың қазіргі той өткізу мәдениеті қандай? «Томирис» тарихи фильмі экранға қашан шықпақ? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы