360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да тапсырыссыз қалған кәсіпорындар тоқтаудың алдында тұр

  • 467
  • UPD: 12:04, 03.10.2018

Шығыстағы Тарбағатай ауданында отын мен шөп қымбаттап кетті.

Ал солтүстіктегі кәсіпорындар тапсырыс болмағандықтан тоқтаудың алдында тұр.

«Қостанай таңы». «Колледж жабылатын болды»

Рудный технология және сервис колледжі келесі жылдан бастап жабылатын болды. Көптен бері талқыланып келе жатқан оңтайландыру мәселесін Қостанай облысының білім басқармасының басшылары шешті. Мұндай шешім ең алдымен бюджет қаржысын үнемдеу үшін қабылданған. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті жазды. Қазір оқу орнын оңтайландырудың жоспары әзірленіп жатыр.

http://kostanaytany.kz/archives/66163

Төлеген Жабылов, Рудный технология және сервис колледжінің директоры: 

- Біздегі аспаз-кондитер, шаштараз, контролер-кассир мамандығында оқитын студенттер тау-кен технология колледжіне, наубайшы мен тігіншілер әлеуметтік-гуманитарлық колледжге, ал автослесарьлар мен автоэлектриктер құрылыс және көлік колледжіне ауыстырылады. Қазіргі міндет осы білім мекемелері жаңа мамандықтарды оқыту үшін 2019 жылдың 1 наурызына дейін лицензияны алу қажет. Егер үлгермесе, колледж өз жұмысын уақытша жалғастыра беретін болады.

Колледж директорының сөзіне сенсек, мұғалімдер мен техникалық персонал қызметкерлері де өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылмақ екен. Ал колледжде 350 студент оқиды, оның 125-і – бітіруші түлектер. Қалған 225-і оқуларын басқа білім мекемесінде жалғастыратын болады.

«Didar» gazeti. «Отын мен шөп қымбат»

Шығыстағы Тарбағатай ауданында отын мен шөпке тапшылық әлден сезілді. Қазір тіркемелі бір трактор шөптің құны қазірдің өзінде 35-40 мың теңге болып тұр. Ал көмірдің тоннасы 10-15 мың. Бұл туралы облыстық «Дидар» газеті атқарушы билікке құлаққағыс мақаласын жариялады. Енді сол мақаладан үзіндіге үңілейік.

http://didar-gazeti.kz/8586-shp-pen-otyn-ymbattap-barady.html

«Мәселенің мәнісі мынада: аудан орталығындағы заңсыз шөп тасып жүрген кәсіпкерлер ебін тауып, шабындық жерлерді ұзақ мерзімге жалға алып алған. Оның ішінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен өтіп кеткен жайылымдық алқаптар да бар. Жайылымы тарылған халық мәселені депутаттардың алдында да көтерген. Бірақ нәтиже болмады. Отынның да жағдайы оңбай тұр. Өткен жылы аудан көлемінде көмірдің бір тоннасы 16-18 мың теңгені құраған болатын. Биыл ол баға көтеріліп келеді. Желтоқсан мен қаңтардың сарышұнақ аязы қысқанда бір тоннасы 25-38 мың теңгеге барады деп болжап отыр алыпсатарлар».

Газет тілшісінің жазуынша, жергілікті билік мәселеден өте жақсы хабардар көрінеді. Алайда бағаны нарық реттейді дегенге саяды. Халық осыған наразы болып отыр.

«Ең сорақысы, сол өзгенің иелігіне өтіп кеткен жерлер игерусіз жатыр. Иесі не өзі шаппайды, не өзгеге шапқызбайды. Заң бойынша пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылуы керек. Бұл мәселеге келгенде, жергілікті билік жұмған ауыздарын ашпайды. Мұндай жайт шөп сатып шіренген кәсіпкерлерге қол болып тұр. Қыс қаҺарына мінсе, бір машина шөптің бағасы 70-80 мың теңгеге жетуі мүмкін».

«Egemen Qazaqstan» gazeti. «Кері кеткен кәсіпорындар»

Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір кәсіпорындар кері кетіп бара жатыр. Тек биылдың өзінде өңірдегі машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 31,3 процентке төмендеп, 21 миллард теңгенің өнімін жоғалтқан. Тұрғын үй саласы да тұралай бастапты. Жаңадан салынған үйлердің коммуналдық жүйесі әлі дұрыс істемейді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Өңір-өмір» айдарында сараптамалық мақала жариялады.

https://pdf.egemen.kz/pdfs/2018/10/02102018.pdf

«Өнеркəсіп нысандарында 74 лифт тіркеуге алынса, олардың 14-і ғана ауыстырылған. Қалғандарының тозығы жетіп, пайдалану мерзімі əлдеқашан өтіп кеткен. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар да шыбын жанын шүберекке түйіп жүр. Өйткені мұндағы лифтілердің жайы сын көтермейді. 338 қондырғының 178-і шұғыл жаңалауды қажет етеді. Бұлардың басым бөлігі өткен ғасырдың 80-жылдары қойылыпты. Қолданылу мерзімінің бітуіне орай осыдан 10 жыл бұрын ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ əлі күнге дейін жұмыс істеп тұр».

«Қазақ үні» газеті. «Құрылысы бітпеген мектептер»

Биыл республикалық бюджеттен мектептердің құрылысына қажетті қаржы бөлінген. Дегенмен 24 мектеп əлі пайдалануға берілмеген. Бұл туралы Мəжіліс депутаты Əбдіманап Бектұрғанов Парламент отырысында мәлімді, деп хабарлайды «Қазақ үні» басылымы. Жалпы еліміз бойынша бүгінде үш маусымды 64, апаттық жағдайдағы 16 мектеп бар екен. Олардың көбі Атырау, Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында.

https://qazaquni.kz/2018/10/02/90671.html

Əбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Əрине, жылда қаржы бөлініп жатыр. Қаражатты жергілікті атқарушы органдар, Білім жəне ғылым министрлігі дұрыс жоспарлауы керек. Берілген қаржыға мектептер дұрыстап салынуы қажет. Есеп комитетінің мəліметіне жүгінсек, кейбір жерде 1 мың орындық мектеп салынса, ол жерде балалардың саны аз. Ал кейбір жерде салынып жатқан мектептер 500 орындық, ал балалардың саны көп. Осындай шешілуі тиіс мəселелер бар.

Авторы: Олжас Керейхан

Хабар 24 телеарнасы