360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы үлгі еткен «Бөрте-Милка» кешенді фермасы туралы не білеміз?

  • 523
  • UPD: 14:03, 06.10.2018

«Айқын». «Өмірдің өзекті мәселелері қозғалды»

 Республикалық «Айқын» газетінде жарық көрген жолдау жайлы мақала осылай аталады. Авторы – осы басылымның бас редакторы – Нұртөре Жүсіп. Мақала Ақордадағы алқалы жиынның тың форматта, ашық жағдайда өткенімен басталады. Ары қарай Президенттің шенділерден қалай жауап алғаны баяндалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қадап айтқан отандық өндірушілерді қолдау, салық амнистиясы сияқты өзекті мәселелер де көрініс тапқан.     

«Экономика және руханият саласындағы жаңа қадамдар ел дамуына жаңа қуат, соны серпін беретіндігі даусыз. Жолдауда айтылған салық амнистиясы – барша отандастарымызды, оның ішінде кәсіпкерлерді толғандырып жүрген көкейкесті мәселелердің бірі. Бизнес өкілдеріне қолдау көрсету, шағын және орта бизнесті дамыту барысындағы батыл қадамдар ел ішіндегі атқарылуға тиісті кемел істерді дамытуға мүмкіндік береді. Елбасының отандық тауар өндірушілер мен жергілікті тұтынушылар арасындағы нақты байланысты нығайту арқылы ғана ел экономикасын күшейтуге болатындығын баса көрсете отырып, жұмыла жүзеге асыратын істерді санамалап беруі Жолдаудың құндылығын арттыра түспек».

«Егемен Қазақстан». Жолдау-2018: Басты мұрат – адамдық даму

Бүгінгі шолуымызды «Егемен Қазақстанда» жарияланған материалмен бастаймыз. Тақырыбы – «Жолдау-2018: басты мұрат – адами капитал». Қазақстандықтардың басым көпшілігі сияқты Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері де Жолдауды онлайн тамашалады. Автор оқырман назарына философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының пікірін ұсынуды жөн көріпті. 

«Рас, адами капиталдың өрісін тереңдету мен кеңейтуге қатысты бірқатар тұжырымдар Елбасы тарапынан бұған дейін де айтылған-ды. Ал бұл жолы шешімін табуға тиісті мәселелр түбегейлі тарқатылды деп айтуға толық негіз бар. Жолдаудың басынан аяғына дейінгі басты өзегі мен жұлыны қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтере түсуге бағытталған. Бұл ретте Елбасы мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын одан әрі көтеруді алға қояды. Дені сау ұлт қана іргетасы берік мемлекет құра алады. Осы орайда Жолдауда барша қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мен жақсартуға әрі орташа ғұмыр жасын одан әрі өсіру үшін алдағы жерде іске асатын кешенді шаралар жан-жақты қамтылғаны үлкен мерей».

Сондай-ақ сұхбатта аймақтардың жай-күйі де баяндалады. Нақты мысал ретінде, Ақтөбе өңіріндегі экономикалық өсім алынған. Сұхбат беруші қағаздағы көрсеткіштермен қатар тұрғындар өміріне жіті назар аударуды ұсынады.   

«Дәл осы мәселеге қатысты Ақтөбе өңірінен бір мысал келтіре кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Мұнда соңғы уақытта экономикалық өсім бес пайыздық мөлшерді құрағаны жиі айтылып жүр. Болмасын демейміз, болсын, әрине. Өсім де құрасын. Сонымен бір мезгілде қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының деңгейі, жалақысының мөлшері, табиғи демографиялық өсімінің жай-күйі, адамның өмірі тіпті, керек десеңіз, оның өлімі жөнінде неге айтпасқа, неге бұл мәселелерге назар аудармасқа? Түйткіл туғызған тұстарға қатысты неге нақты шешім алмасқа? Өйткені қай кезде де қоғамның басты тірегі әрі басты байлығы адамдар болып қала бермек. Осы тұрғыда Елбасының кешегі күні Қазақстан халқына арналған Жолдауы адамдық дамуға арналған Жолдау деп батыл түрде айта аламыз».

«Егемен Қазақстан». Мәртебелі мамандық өз мінбесіне шығады

Шолуымызды бас басылымда жарық көрген тағы бір мақаламен жалғастырамыз. «Мәртебелі мамандық өз мінбесіне шығады». Қалың оқырманға осындай атаумен жол тартқан мақалаға білім саласындағы өзгерістер өзек болған. Соның бірі – келесі жылы әзірленетін «Педагог мәртебесі туралы» Заң.  

«Келесі жылы Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірленетін болды. Біз осы кезге дейін «мұғалім мәртебесі төмендеп кетті» дегенді әртүрлі эмоциямен айта беретінбіз. Ал егер мұндай заң қабылданса, эмоцияға орын қалмайды! Мұндай Заң Қазақстан Республикасындағы педагог кадрлардың мәртебесін, құқығы мен міндеттерін нақты белгілеп, қоғамда үлкен өзгеріс болады деп ойлаймын. Осы заңда «педагог» деген құрметті атаққа кімдер лайық болатыны да нақты көрсетілуі тиіс. Осылайша «мұғалім» деген мәртебелі мамандыққа қоғамның көзқарасы өзгеріп, осы мамандықты алып жүрген әріптестерімнің де жауапкершілігі арта түсері сөзсіз».

«Қазақ үні». Елбасы үлгі еткен «Бөрте-Милка» кешенді фермасы туралы не білеміз?

Мемлекет басшысы өз жолдауында инновацияларды тиімді қолданып отырған кәсіпорындарды атап өтті. Соның бірі – еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан сүт фермасы. Бұл кәсіпорын тәулігіне 50 тоннадан астам сүт өңдеуге қауқарлы. 

«Мемлекет басшысы Жолдау барысында ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамыту мәселелерін сөз етті. Атап айтқанда, осы саладағы еңбек күшін арттыруды Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тапсырды. Елбасы мемлекеттің бар күшін замануи агротехнологияларды дамытуға бағыттау керектігін сөз етіп, оңтүстік өңірдегі «Бөрте-Милка» ЖШС жетістіктерін елге үлгі етті. – «Бөрте-Милка» ЖШС инновацияларды өз жұмысында тиімді пайдалану арқылы өз өнімділігін екі есе арттырған», – деді Н. Назарбаев Жолдау аясында.

Мақалада Мемлекет басшының назарына ілінген ферма жайлы біраз ақпарат бар. Мұнда барлық жұмыс адам қолымен емес, роботтардың көмегімен атқарылады екен. Фермада салқындату және жарық жүйесі, тіпті, камера орнатылған. Ал сүт өнімдері швед технологиясы бойынша өндіріледі екен.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы