368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдау жайлы отандық БАҚ не дейді?

  • 926
  • UPD: 22:54, 09.10.2018

Мемлекет басшысының жариялаған кезекті Жолдауы ел ішінде үлкен қолдау тауып жатыр.

Мұны мерзімді басылым беттерінен де байқауға болады.

Ел дамуына салынған даңғыл. Еңбек ардагері Қуанышқали Шапшаңов Жолдауға қатысты өз ойын осылай білдіріпті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстандағы халық саны 14 миллионнан аспайтын. Бүгінде біз 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа дейін артып отыр. Елбасы Жолдауда халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру мәселесінде күн тәр­тібінен түспейтінін қадап айтты. Әсіресе, мұғалім мәртебесі жайлы айтылған Президент сөзі өте құптарлық. Ұстаздардың артық жұмыстарға жегіліп, ретсіз тексерулерге ұшырап жүретіні шын. Міне, Президент аталған түйткілге жете мән берді.

Қазақстандықтардың өмір сүру сапасы дамыған елдердің стандарттарына жақындайды. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Тұңғыш Президент Қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбаева берген сұхбаты да осы әлеуметтік мәселені қозғайды.

Онда халықаралық сауда ережелерінің бұзылуы, әлемдік қаржы жүйесінің тұрақсыздығы сияқты сын-қатарлерге тек еліміздің басты байлығы адам капиталын дамытып қана қарсы тұруға болатындығы айтылған.

«Азаматтардың әл-ауқатына әсер ететін тағы бір сала – тұрғын-үй коммуналдық шығындары. Осы уақытқа дейін халықтың басым көпшілігі коммуналдық шығындардың жоғары екендігін, олардың төлеп жатқан қаражатының нәтижесіздігін айтып келген болатын. Себебі табиғи монополистер халықтан жинаған коммуналдық төлемнің бір бөлігін төзу деңгейі жоғары құбырларды жөндеуге инвестициялап, жылу немесе судың шығынға кетуін азайтуы тиіс болатын. Осыған орай Елбасы монополистердің қызметіне бақылауды күшейтіп, коммуналдық төлемдердің жұмсалу бағытын ашық жариялауды тапсырды».

Сондай-ақ көптен бері өз шешімін таппай келе жатқан медициналық мекемелердегі құжаттарды цифрлық нұсқаға көшіру ісі де алдағы жылдан басталатындығы және оның маңызды жайттардың бірі екендігі де осы басылымда көрініс тапқан.

«Өйткені бұл кешенді шара дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыра түседі. Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 процентіне дейін жеткізу міндеті еліміздегі әлеуметтік саланың дамуын жаңа белеске көтереді» делінген мақалада.

Елбасы тапсырмаларына байланысты пікірлер «Айқын» газетінде жарияланған. Тұшымды ой айтқандардың қатарында академик Ғарифолла Есім бар. Мақала «Тапсырма іске асса, нәтижеге жетеміз» деген топтамамен шыққан. Ғалымның пікіріне құлақ түрейік.

«Ғалым болғандықтан, маған Жолдауда ғылымды дамытуға айрықша басымдық бергені ұнады. Жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы ғылым мен білімге бөлінеді деген сөз – революциялық шешім. Біз бұған дейін тым болмаса, 2-3 пайызға өссе екен деп армандайтын едік. Елбасының он пайыз деп айтқаны біздің арманымыздан да асып түсті. Енді соны іске асыратын адамдарға жеткізу – үлкен мәселе. Ғылымға бөлінген қаражаттың қайтарымы экономиканы дамытудың кілтіне айналуы керек. Тағы бір айтылған маңызды мәселе – білім жүйесін оңтайландыру. Білімнің сапасын арттыру керек. Жоғары оқу орындарынан шыққан маман біздің қоғамға қажеті болмайтын болса, ондай оқу орнының да керегі шамалы. Осының барлығын ойлануымыз керек. Сөзден іске кірісейік».

Жолдау жайлы өз ойларын білдіріп жатқан тұрғындар өте көп. Оған қолдау танытқан азаматтардың арасында өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген әр саланың өкілдері бар. Алматы облыстық «Жетісу» газеті «Жолдау – өрлеу өзегі» деген тақырыппен пікірлер топтамасын беріпті. Онда ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов та өз ойын былай деп білдірген.

«Елбасы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқытуды 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруды, сондай-ақ мемлекеттік қолдаулардың барлық шарасын заманауи агротехнологияларды тартуға бағыттау керек екенін айтты. Айта кетейік, облыста жаңа технология жүйесінде биыл қант қызылшасы 11 мың гектар алқапқа егілген. Әр гектардан орта есеппен 400 центнерден өнім жиналады деп күтілуде. Одан 40-42 мың тонна қант өндіріледі. Бұл дегеніңіз, 2 миллион халқы бар облыс тұрғындарының азық-түлік қажеттілігін толық қамтамасыз етеді деген сөз. Осының бәрі жаңа технологиялардың арқасында қол жеткізілген нәтиже».

Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен алда атқарылуы тиіс міндеттерді саралай келген Елбасы жастар мәселесін де назардан тыс қалдырмады. 2019 жылды жастар жылы болатындығын Түркістан облысының жастары қуана қабылдады. Бұл жағымды жаңалықты «Оңтүстік Қазақстан» газеті де бөліскен екен. Алдағы уақытта елімізде «Сарбаз» жасөспірімдер клубы құрылады.

Осы категория бойынша: « Еліміздегі БАҚ Елбасы Жолдауына қолдау білдірді Мерзімді басылымдар жолдау жүктеген міндеттерді талқылап жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы