366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мерзімді басылымдар жолдау жүктеген міндеттерді талқылап жатыр

  • 457
  • UPD: 11:56, 09.10.2018

Мерзімді басылымдар жолдау жүктеген міндеттердің ауқымды екенін талмай жазып жатыр.

Жолдау жайында қарапайым тұрғындардың пікірі қандай. Солардың біразына назар салайық.  

«Егемен Қазақстан» газетінде бірқатар жолдауға қатысты пікірлер жарияланған екен. «Білім саласына бірегей бетбұрыс жасалмақ» деген мақалада Елбасының мектептерге жасалып жатқан шегі жоқ өзгерістердің кесірінен оқушылардың сапалы білім алуы тежеліп қалуы мүмкіндігін ескерткендігі айтылған. Расымен де білім саласын жиі реформалау жүгенсіздік пен жүйесіздікке алып келуі ғажап емес. Ол ретте Президент Қазақстандағы барлық мемлекеттік орта білім ордаларына Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру әдісін енгізу қажеттігін атап көрсетті.

«Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды», – деді Елбасы.

Бүгін шыққан «Егемен Қазақстан» газетінде «Табысты өсіру – өмір сапасын арттыру» деген тақырыппен саясаттанушы Матиес Дорнфельд өз пікірін білдіріпті. Бұл жол­дау ел  болашағының негізгі параметрлерін айқындаған. Жастарға, білім мен денсаулыққа басымдықпен қарау соны аңғартады. Қазір Қазақстан осы заман­ғы талаптардың үдесінен шығатын елге айналды. Өңдеу өнеркәсібін арттыру – бола­шақ­тың экономикасы. Президент нақ осы бағдар­ды жандандыруға күш салып отыр.

Роботтандырылған жүйе мен инновацияларды енгізген тиімді. «Егемен Қазақстан» газетінде қарапайым еңбек адамы Нұралы Әбішев пікірін осылай білдіріпті. Елбасының жолдаулары еліміздің игілігі үшін қызмет етеді. Онда айтылғандардың барлығы елдің көкейінде жүрген мәселелер. «Әсіресе өзімізге етене таныс кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға қатысты айтылған бастамалар мен жүктелген міндеттер біз үшін өте маңызды» делінген.

«Елбасы жолдауында 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру керектігі айтылды. Біз өнім­дерімізді экспортқа шығаруға бір­тіндеп жақындап келеміз. Қазір алдымен өз тұтынушыларымыздың сұранысын толық қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Ешқандай қоспасыз таза табиғи болғандықтан, өнімдеріміздің сақталу мерзімі – 7 күн. Сұраныстың болуы осыған да байланысты шығар. Алдағы уақытта да серіктестік жаңа жобаларды жүзеге асырып, тұтынушыларды отандық өніммен қамтамасыз етуге қомақты үлесін қосатын болады».

Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болды. Бұл туралы «Астана ақшамы» жазады. Президент жолдауында мемлекеттік қызметтер аясында қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту қажеттігі айтылады. Әсіресе жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер – елді мазалайтын мәселе. Бұл салада ашықтық жоқ екенін Президент қатты айтты. Сондықтан тиісті органдарға жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырды.

«2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайы­зы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. Ол үшін «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заң жедел жаңартылмақ. Сонымен қатар қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қолға алынатын болды».

Маман даярлау сапасын арттыру, яғни білім сапасын қазіргіден де жақсартуға баса маңыз беру. Ал Елбасының сөзімен айтсақ, «жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Бұл жайында «Ақтөбе» газетінде «Ғылымға бөлінетін қаражат көбейді» деген мақалада жазылған.

«Елбасы Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңыздылығына да тоқталды. Бұл бағытта біздің университет 146 елдің оқу орындарымен әріптестік байланыс жасау жөнінде келісімдерге қол қойған болатын. Өзім басқаратын жаратылыстану факультетінің өзінде алдағы жылдан бастап Литва, Чехияның жоғары оқу орындарынан келетін мамандар студенттерге дәріс оқитын болады. Бүгінде оған қоса Израильдегі жоғары оқу орындарының бірімен келісім жасау рәсімдері қолға алынды».

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы