368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баспасөзге шолу. Елімізде 127 мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытып жатыр

  • 646
  • UPD: 12:21, 15.10.2018

Күнделікті газет-журналдардағы өзекті мәселе, озық мақала біздің назарда.

«Aikyn» gazeti, «Қараңғыдағы баланың қамын кім ойлайды?»

https://aikyn.kz/2018/10/12/70214.html

Республикалық «Айқын» газетінің соңғы санынының жүгін көтеріп тұрған мақаланың бірі «Қараңғыдағы баланың қамын кім ойлайды?» деп аталады. «Түйткіл» айдарында әріптесіміз Абай Аймағамбет Назарбаев зияткерлік мектептері дайындаған жалпыға міндетті білім беру стандартын еліміздегі мектептерге енгізудің тиімділігін мамандардың пікірімен толықтырады. «Білімнің сапасын көтеру дұрыс-ақ, алайда мектеп салмай білім алу мүмкін бе?» деген сауалды алға тартқан автор үш ауысымда оқытатын мектептер мен апатты жағдайда тұрған білім ордаларының мәселесін өткір көтерген.

«Қазір еліміз бойынша үш ауысымда оқытып жатқан мектептер саны –127. Бұдан бөлек еліміздің әр аймағынан қол бұлғап, көмек сұрап тұрған 44 апатты жағдайдағы білім ордаларын тығырықтан алып шығу мәселесі осыдан үш жыл бұрын көтерілген. Мемлекеттен ақша бөлініп, жыл сайын жаңа мектептер салынғанына қарамастан бұл түйін тарқатылар емес».

Түйткілді мәселені Мемлекет басшысы биылғы жолдауында да көтеріп, Үкіметке 2019-2020 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Мақала авторы: «білім саласындағы бұл мәселені шешу сабақтан кеш қайтатын балаға төнетін қауіпті сейілтеді», – дейді.

«Оқу маусымының басым бөлігі күз, қыс, көктем айларын қамтиды. Бұл уақытта күннің ерте бататыны белгілі. Демек кешкі сағат 8-ге таяу сабақтан шыққан баланың үйге жетуі де оңайға соқпасы анық. Оның үстіне қоғамда балаға төніп тұрған қауіп те аз емес. Үкімет үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешу арқылы қоғамды үлкен қатерден алыстататынын да түсінуі керек сияқты».

«Егемен Қазақстан» газеті, «Қостанайда өткен инвестициялық форумда 251 млрд тұратын 19 меморандумға қол қойылды»

http://egemen.kz/article/176096-qostanayda-oetken-investitsiyalyq-forumda-251-mlrd-turatyn-19-memorandumgha-qol-qoyyldy

«Аймақтардың тынысына назар аударсақ. Қостанайда өткен инвестициялық форумда 251 млрд тұратын 19 меморандумға қол қойылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алдымен Қытайдың автомобиль шығаратын компаниясымен келісілген құжатқа қол қойды. Жалпы он тоғыз келісімнің арасында аса ірі инвесторлық жоба да бар.

«Қостанайда дәнді және майлы дақылдарды өңдеп, одан май, жарма, крахмал, тағы басқа сұранысқа ие және экспортқа бағытталған өнімдер алатын болады. Хаб Қостанайдағы индустриялық аймаққа орналасады. Компания келесі жылғы көктемнен бастап жобаны жүзеге асыруды бастайды. Оның құны 100 млрд теңгеге көрсетіліп отыр. Меморандумда мұнан басқа Ресей компанияларымен де екіжақты қол қойылды».

Жалпы өткен жылы Қостанайда өткен алғашқы инвестициялық форумға 300 инвестор қатысып, құны 580 млн доллар болатын 26 меморандумға қол қойылған болатын. Олардың барлығы бүгінде жүзеге асып жатыр. 

«Оңтүстік Қазақстан» газеті, «Сыбаға» – әрі табысты, әрі баянды бағдарлама»

http://okg.kz/article/?id=14396&slug=syba-a-ari-tabysty-ari-bayandy-ba-darlama

Ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатындар үшін маңдай терді табысқа айналдыру маңызды. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының жаңа мүмкіндіктерімен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті таныстырады. Мақалада ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламаның тиімділігі мен шарттары жан-жақты айтылған.

«Ел үкіметінде жуырда 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа Ұлттық бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама бойынша осы мерзім ішінде ірі қара малдың басын 7 миллионнан 15 миллионға дейін ұлғайту  жоспарланған. Сонымен қатар асылтұқымды ірі қара малдың басын импорттау есебінен көбейту қарастырылған».

Бұл «Сыбағаның» артықшылықтары көп. Мысалы, дәл осындай бағдарлама бұрын да болған. Бірақ оның ұсынған шартында несие алушының сатып алатын малы кепілдікке алынбайтын. Сондай-ақ сатып алатын мал басының кемінде 25%-ы өз малы болуы керек еді. Жаңа «Сыбаға» бағдарламасының жобасы ұзақмерзімді болашаққа көзделгендіктен мемлекеттің басым бағытының бірі ретінде танылуы тиіс. Бұл бағдарлама бойынша еліміздің экспорттық әлеуетін және мал шаруашылығы саласында ет өнімі сапасын арттыру міндеті қойылып отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы

Осы категория бойынша: « Қытайдан 5 жыл бұрын келген қандасымыз Қазақстан азаматтығын алады Заңсыз мұнай тасымалынан келетін зиян көп »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы