365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек?

  • 707
  • UPD: 12:34, 18.10.2018

«Педагог мәртебесі туралы заң» қандай болуы керек? Қостанайда ұрланған малдың 60 проценті неліктен иесіне қайтпайды?

Таразда көгілдір отын үшін қарызға батқандар көп. Бұл жайында облыстық «Ақ жол» газеті баяндап отыр. Келісімге сәйкес, кез келген тұтынушы әр айдың 25-іне дейін толықтай төлем жасауға міндетті. Олай болмаған жағдайда мамандар көгілдір отынды өшіруге құқылы. Газды тұтынушыларға жеткізіп беріп отырған оператор компанияның дерегіне жүгінсек, өңірідегі 11 458 абоненттің қарыз сомасы 72 миллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 2354 абонент 3 айдан астам уақыт төлем жасамағандықтан, олардың берешегі 60 миллион теңге көлемінде.

«Бүгінгі таңда тараздықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде көгілдір отын маңызды рөлге ие болып отыр. Рас, қала тұрғындарының бірен-сараны болмаса, көпшілігі ауылдағыдай отын тасып, жер ошаққа қазан қайнатпайды. Алайда көгілдір отынды шектен тыс пайдаланатын шаһар тұрғындарының кейбіреулері «судың да сұрауы барын» ойламай, әр айдың соңында өздері қолданған табиғи отынның ақысын төлеуді де естен шығарып үлгерген».

Әдептен аттағандар әділ жаза алды. «Айқын» газетінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевтың мақаласы жарық көрді. Елбасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлық стандарттары белгіленген Әдеп кодексі қабылданған еді. Өңірлерде бұрынғы Тәртіптік кеңестердің орнына Әдеп жөніндегі кеңес құрылды. Мінеки сол, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен Әдеп жөніндегі уәкілдер облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің қызметшілерімен 321 кездесу және семинар-кеңес өткізген. Мақала авторы Берікбол Байхожаевтың айтуынша, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігі аз емес.

«Жалпы, мұндай шаралар әдеп кодексін бұзу фактілерінің азаюына септігін тигізді. Мәселен, 9 айда облыста 13 мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылды. Өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері 38 пайызға төмендеген».

«Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек? Елбасы халыққа жолдауында жауапты органдарға осы заңды әзірлеуді тапсырған еді. Білім саласымен байланысы бар мамандар да өздерінің талап-тілектерін білдіруде. Сондай ұсыныстың бірін «Егемен Қазақстан» газеті жариялап отыр. Мақала авторы – IQanat білім беру қорының атқарушы директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Айжан Садықова. Автор білім саласын ұзақ жыл бойы зерттеген америкалық атақты психолог Альфи Конның еңбегін басшылыққа алып, бірнеше ұсыныс жасап отыр. Атап айтсақ, депутаттардыкіндей «Ұстаз» төсбелгісін бекітіп, кітап сату дүкендерінде мұғалімдерге жеңілдік берілсе дейді. Сонымен қатар ұстаздардың ротациясын енгізсек деген пікірін білдіреді.

«Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде тұрғылықты жерде бірнеше мектеп болған жағдайда ұстаздардың ротациясын қамтамасыз ету керек – сонда бір аймақтағы білім ордаларының сапалық деңгейлері реттеледі, яғни білікті мамандар 3-5 жыл көлемінде басқа оқу орындарына барып өз тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік алады. Ал төмен дәрежедегі ұстаздар білім сапасы жоғары мектептерде біліктілігін жоғарылатуға қол жеткізеді. Бір орында жұмыс атқарып жатқан ұстаздар қауымы командалық жұмыс жүргізе бастайды».

Сондай-ақ автор мектеп директоры жыл сайын мұғалімдер алдында есеп берсе дейді. Соңғы жылдары орта білім беру саласы толығымен жаңартылған мазмұнға көшіп жатқан кезде ұстаздар мен олардың мәртебесіне де жаңаша көзқарас қажет екенін айтады. Айжан Садықова болашақ ұстаздардың тәжірибесін арттыру үшін де жаңа идея ұсынып отыр.

«Бүгінгі таңда педагогикалық мамандықты игеріп жатқан студенттердің аз бөлігі ғана мектептегі тәжірибеден сапалы өтетіні белгілі және университеттердегі зерттеулер көбінде теориялық тұрғыдан қарастырылады. Осы олқылықтарды болдырмау үшін және болашақ ұстаздар еңбектерінің мазмұнын толықтай сезіну мақсатында педагогтер даярлайтын ЖОО-да ғылыми лаборатория ретінде бір балабақша мен бір мектептің тіркелуі міндеттелгенін ұсынар едік».

Ал Қостанайда ұрланған малдың 60 проценті иесіне қайтпайды екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Нәзира Жәрімбет жазады. Жыл басынан бері облыс өңірінде 538 бас мал ұрланған. Соның 215 басы ғана, яғни 39,9 проценті табылып, иесіне қайтарылған. Қалған 60 процентінің ізі суып, табылмай кеткен. Жылқыны барымталап кету шекараға жақын орналасқан аудандарда жиі орын алады. Мысалы, қыркүйек айында облыстағы шаруа қожалықтарының бірінде 47 бас жылқы қолды болып, шаруашылық 8,5 миллион теңге зиян шеккен.

«Бүгінге дейін облыстық полицейлер 22 адамнан тұратын 9 қылмыстық топты ұстаған. Олар 44 рет мал ұрлаған. Облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің айтуынша, ауыл тұрғындары малға ен салуға немесе таңбалауға салғырт қарайды. Цифрландырудың жетістігіне назар салып, GPS жүйесін қолданбайды».

Ал Талдықорған қаласына алғашқы ақ қармен бірге аққу ұшып келіпті. Бұл туралы облыстық «Жетісу» газеті хабарлайды. Қалалық бассейннің тұнық суында мамырлай жүзген жалғыз аққуды бірінші болып «Талдықорған» газетінің фототілшісі Айдын Нұршанов түсіріп алған. Әдемі көріністі қалт жібермеген фототілшінің туындысы қазір әлеуметтік желілерге салынып, қызу талқыланып жатыр. Өңір ақсақалдары болса мұндай тарихи сәттің көп бола бермейтінін айтып, қазақтың аққуды байырдан кие тұтқанын алға тартуда.

«Оның үстіне, қазақ халқында «Аққуды атпа, досыңды сатпа» деген мәтел бар. Ақсақалдар аққудың басқа емес, дәл Қаратал жағалауына жақын орналасқан бассейнде жүзіп жүргенін игілікті істердің бастамасы, жақсылықтың жаршысы деп есептейді. Өйткені аққу – тазалықтың нышаны. Аққу тек таза жерге ғана қонады».

«Жетісу-Ақпараттың» хабарлауынша киелі құстың Талдықорған қаласына келіп қонуын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та  естіп, жақсы ырымға балап отырған көрінеді.

«Жүрекке әжім түседі». «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген сұхбат осылай аталады. Журналист Мәдина Серікқызы кардиохирург, Алматы қалалық кардиология орталығының басшысы Алмат Қодасбаевпен әдемі әңгіме өрбіткен екен. Білікті хирург мамандықтың қиындықтары мен жауапкершілігі туралы тереңнен толғайды. Бүгінгі медицинаның аяқ алысы мен жүрек күтімі жайында баяндайды. Әріптесіміз Мәдина Серікқызының: Қалам иелері не нәрсені де жүрегіне қабылдайтындықтан, әсершіл, сезімтал келетіндіктен жүрек ауруына шалдыққыш келеді. Сол рас па?» деген сұрағына былай жауап береді.

«Жүректің қызметі мидың қызметімен тікелей байланысты. Адам миымен қабылдағанның бәрін жүрегімен сезеді. Өмірде болатын күйзелістер мен қиыншылықтар бірден жүрекке әсер етеді. Демек, жүректің саулығы адамның көңіл-күйіне байланысты. Қалам иелері жүрек ауруларына жақын келеді дейтін статистика деректері жоқ. Жасы 70-80 ге келсе де, жазудан қол үзбеген, көңілі ояу, жаны таза адамдар болады. Яғни жүректің дертке шалдығуы ешқандай да мамандыққа байланысты емес».

Авторы: Ұлан Нарынбек

Осы категория бойынша: « Елімізде жыл сайын 36 мыңға жуық адамнан обыр дерті анықталады Жеңіл өнеркәсіп саласы салықтан жеңілдікке зәру »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы