365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жеңіл өнеркәсіп саласы салықтан жеңілдікке зәру

  • 414
  • UPD: 11:33, 19.10.2018

Жеңіл өнеркәсіп саласына салық жеңілдіктері қарастырылуы керек. «Алматы ақшамы» газетінде басылған мақаланың бірі осылай аталады.

Жуырда Парламент Сенатының бір топ депутаты қаладағы ұлттық сән үйінің бірінде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Мақала авторы Әсел Дағжан тігін саласында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Фарида Мерхамитқызының мынадай пікірін беріпті.

«Жеңіл өнеркәсіп жеңіл емес. Өте ауыр сала. Өйткені бұл салада өте көп адам жұмыс істеу керек. Тауардың құны көп адамның еңбегімен шығады. Бұл салада біздің көрші Қырғыз елі қатты дамып кетті. Олар ә дегеннен салық салған жоқ. Мәселен, Ресейде 5 миллиард доллардың киім өндірісінің айналымы болса, соның 1,5 миллиардын осы қырғыздар  жасап отыр. Біз қырғыз ағайындардан 650 миллион доллардың тауарын алып сатады екенбіз»

Фарида Мерхамитқызының айтуынша әзірге елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүргендер тендермен жан бағып отыр. Дегенмен, шетелдік нарыққа шығуға бізде де мүмкіндік бар.

«Бірақ ол үшін үкімет тарапынан салыққа байланысты жеңілдіктер қарастырылуы керек. Әрі осы жеңіл өнеркәсіп саласында бренд қалыптасыру үшін мемлекет тарапынан үгіт-насихат жұмыстары өте қажет-ақ»

Өзге елдер қоқысты байлық деп бағалайды

Өзге елдер қоқысты байлық деп бағаласа, біз дұрыс кәдеге жарата алмай отырмыз. Шығыс Қазақстан облыстық Дидар газетінің тілшісі Лаура Тілеубайқызы осы тақырыпты көтерген екен. Қоқысты қайта өңдеу зауыттары Қазақстанда жоқ емес, бар. «Бірақ мамандардың айтуынша, елімізде қоқысты көптеп өңдеу үшін оны алдымен сұрыптап алу қажет»-деп жазады автор. Ол үшін халықты қоқыс тастау мәдениетіне үйрету керек. Мәселен, шыны қалдықтарын, пластик пен полиэтиленді, тамақ, қағаз қалдықтары мен шүберекті де бөлек тастаған жөн. Бұл қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Қазір еліміздегі қалдықтардың тек бес пайызы ғана өңделеді екен.

«Келесі жылы сұрыпталмаған қоқысты полигондарға көмуге тыйым салатын Экологиялық кодекстің 301-бабы күшіне енеді. Бұл күн де алыс емес. Заң күшіне енген соң, экология департаментінің мамандары тексеру жүргізе бастайды. Айыппұлға бірінші болып ауыл әкімдерінің ілінетіндігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, көптеген аудандарда қоқыс өңдеу мен сұрыптау мәселесін былай қойғанда, полигон проблемасы да шешімін таппай келеді» 

Мақала авторының айтуынша, өткен жылдың басында облыстағы қатты тұрмыстық полигондарына жиналған қалдық көлемі жеті мың тоннадан асқан. Сонымен қатар облыс аумағындағы 435 полигонның жиырмадан астамы ғана заңдастырылған. 3) «Ойнаймын деп от басқан...» Түркістан газеті жалған ақпарат таратып, елдің зәре-құтын алғандар туралы мақала жариялап отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде жалған ақпарат таратудың 46 дерегі тіркелген.

«Бір ауыз сөз көптің берекесін қашырып, тіпті тұтас ұлттың ұйыған тірлігін ірітуі ықтимал екенін байыптамайтындардың бүгінгі қаруы – жалған ақпарат»

«Аңдамай сөйлеудің ақыры темір торға апарып тіреуі мүмкін екенін білсе де, желіде жұлдыз болғысы келетіндер көрмегенін көргендей ғып бөсуге дайын»

«Мамандардың айтуынша, мұндай фактілердің дені ізі суымай ашылып жатады. Өйткені Жедел іздестіру бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында жалған ақпар берген тұлғалардың қай жерден, қандай нөмірден қоңырау шалғанын анықтауға қауқарлы. Оларды қолға түсіру еш қиындық тудырмайды»

Ақтөбе облысында суармалы жерлер жүйесі кеңейтіледі

Ал Ақтөбе облыстық қоғамдық-саяси газеті өңірде суармалы алқаптарды көбейтуге ден қойыла бастағанын жазады. Мұндағы негізгі мақсат ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру. «Қазақсушаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Бекзат Наметовтың айтуынша бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 21,5 мың гектар суармалы жер игеріліп отыр. Келесі жылы оған тағы да 8,9 мың гектар жер қосылмақшы. Мәселен, кеңестік заманда облыста барлығы 40 мың гектар шамасында суармалы алқап игерілген. Болашақта осы межеден асыру жоспарланып отыр.

«Біз суармалы жерлер ретінде игеретін 42 мың гектармен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта облыста 10 су қоймасы салынады. Олардың барлығы да жаңа суармалы жерлерді игеруге қызмет етеді. Бұл құрылыстар іске қосылған жағдайда суармалы жерлер алқабын екі есеге дейін ұлғайтуға болады»

Осы категория бойынша: « «Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек? ШҚО-да ем іздеген халық алысқа сабылмайтын болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы