364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да малды «электр бақташы» бағады

  • 307
  • UPD: 13:42, 24.10.2018

Елімізде туризм саласын дамыту үшін қандай бағдарламалар жасалып жатыр?

Түркістан облысында қанша елді мекен таза ауызсуға зәру.

«Жас Алаш» газеті. Қызылордалықтар тоңып жүр...

https://zhasalash.kz/19818/

Күн суытып, оңтүстік тұрғындары қысқа қамдана бастады. Бұл ретте көпті алаңдатып отырған бір проблема бар. Ол – көмір мәселесі. Республикалық «Жас Алаш» газетінде қызылордалықтардың қатты отын таппай, сеңделіп жүргені жайында мақала жарияланды. Иә, мұндай көрініс жылда қайталанады. Авторы бұл ретте мақалада қала тұрғыны Света Жаханқызының мынадай пікірін білдіріпті. Олай болса үзіндіге зер салайық. 

Света Жаханқызы, қала тұрғыны:

- Мен ҚР Тұңғыш Президенті саябағының жанында тұрамын. Үй жағымызға табиғи газ тартылмаған. Көмір сатып ала алмай жүргенімізге екі аптадан асты. Ұлым күнде таң атпай қоймаға барады. Күнделікті 5 вагон көмір келеді екен. Ол түске дейін таусылып қалады. Неге жеткілікті етіп әкелмейді. Үйімде бір жастан енді асқан немерем бар. Салқын болған соң, тоқ пешпен жылынып отырмыз. Қашан көмірге қолымыз жететіні белгісіз.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін, мақала авторы қалалық әкімдіктен ақпарат сұратыпты. Ал жауаптылардың айтуы бойынша, алаңдауға еш негіз жоқ сыңайлы. Жағдайды олар былай түсіндірген.  

Ғабит Ұзақбай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- 20 қазандағы ақпарат бойынша, қалада көмір тапшылығы жоқ. Қаладағы көмір қоймаларында 1449 тонна қатты отын қоры бар. Қала тұрғындарының қажеттілігіне 42 177 тонна болса, оның 33 509 тоннасы тұрғындарға жеткізілді. Қосымша тағы келетін болады.

Бүгінде қалада көмір сататын 4 қойма бар. Оның екеуінде қатты отын таусылған мамандар алдағы күндері оның біреуіне – 9 вагон, екіншісіне 2 вагон көмір келеді деп сендіріп отыр.

«Aikyn» gazeti. «Оқушы көп, мектеп аз»

https://pdf.aikyn.kz/egazet/2018/10/Aikyn-20181023.pdf

Енді білім тақырыбына ауыссақ. Қазір халық қалаулылары Елбасы жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында өңірлерді аралап жүр. Депутаттар бұл ретте Батыс Қазақстан облысында болып, үш ауысымда оқитын №47 мектепке ат басын тіреген. Жалпы қазіргі таңда Қазақстанда үш ауысымда мектеп бар екен? Мақаладан үзінді.

Жәмила Нұрманбетова, Мәжіліс депутаты:

- Бүгінде елімізде 127 үш ауысымды мектеп бар. Сонымен бірге 44 мектеп апатты жағдайда тұр. Нақты алғанда 124 мың оқушыға орын жетіспейді екен. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 5 үш ауысымды, 5 апатты мектеп бар. Бұл 2163 оқушыға орын жетіспейтінін көрсетеді.

Қазір аталған мәселе өңірде өткір тұр. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мұны бала санының артуымен түсіндіріп отыр.

Шолпан Қыдырова, БҚО білім басқармасының басшысы:

- Қаладағы 50 мектепті былтыр 42 977 оқушы аяқтаған. Білім сапасы 61,28 пайызды құрады. Биылғы оқу жылында 46482 оқушы білім алып жүрсе, ол өткен жылғымен салыстырғанда 3497 балаға артқан. Қазіргі таңда №10, 18, 20, 47 және эстетикалық бағыттағы гимназияда 3 ауысымды оқыту жүргізіледі. Зашаған кентінде 4 жалпы білім беретін мектеп болса, жобалық қуатына сай №10 орта мектепте – 1200, №47 мектепте – 1200, №30 орта мектепте – 772, №20 орта мектепте 964 оқушы білім алуы тиіс. Әйтсе де қазіргі таңда №10 орта мектепте 3365 оқушы білім алып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 530 балаға артып отыр.

Қазақстан – туризм үшін қолайлы аймақ. Өйткені жаңға жайлы демалыс орындары өте көп бізде. Осы саланы дамыту үшін елімізде арнайы 10 жер таңдалып алынды. 2019-2023 жылдар аралығында бұл мақсатқа 600 миллиард теңге бағытталмақ. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа құжат туризм секторына серпін бере ме?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Ал бағдарламаның негізгі әзірлеушісі – Мәдениет және спорт министрлігі.

«Egemen Qazaqstan» gazeti. «Жаңа құжат туризм секторына серпін бере ме?»  

https://pdf.egemen.kz/pdfs/2018/10/23102018.pdf 

Еркебұлан Хасенов, мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі:

- Қазақстан – туристік жерлері көп үлкен мемлекет. Барлық жерлерді бірдей дамытуға қаражат көзі жетпейді, сондықтан біз анағұрлым тартымды территорияны белгіледік. Мәселен, туризмді дамыту картасына Алакөл мен Балқаштың жағалауы, Алматы мен Алматы облысындағы тау кластері кірді.

Салықтық жеңілдіктер қарастарылған. Сондай-ақ бұл учаскелерге қажетті инфрақұрылым тартылады. Мұнымен қоса туризм саласындағы кәсіпкерлерге 20 жылға дейін 14% мөлшерлемемен несие берілмек. Ал мөлшерлеменің жартысын мемлекет субсидиялайды. Дегенмен де «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабайдың айтуы бойынша, құжатта көршілес Өзбекстандағы сияқты шағын бизнесті қолдауға ынталандыру шаралары жоқ.

Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Ол жақта бизнесмендер инфрақұрылым нысандарын салуға мемлекеттен субсидия ала алады. Тағы бір қарапайым мысал, Өзбекстанда мемлекет қонақүйлер мен отельдерді «жұлдыздарды» алуға ынталандырады. Ал бізде мұндай аудит шамамен 300 мың теңге тұрады, соның нәтижесінде елдегі отельдердің небәрі 8,5%-ында ғана «жұлдызы» бар. Осындай мотивация жасайық, шығынның жартысын болса да өтеп берейік. Сол кезде бизнесмендер бұл жүйені енгізуге, қонақтарға жасалатын жағдайды жақсартуға дайын болады. Өкінішке қарай, бағдарламада осы тектес шаралар қарастырылмаған.

Кезекті «Айқын» газетіне берсек. Бұл басылымда «84 елді мекен ауызсумен қамтылады» деген шағын мақала жарияланды. Әңгіме Түркістан облысына байланысты. Мемлекет басшысы осы ауызсу мәселесін 2050 жылға дейін түбегейлі шешуді тапсырған болатын. Бұл ретте аталған Түркістан өңірінде әлі ауыз су жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екен. Енді алдағы үш жылда олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар шаруалар атқарылмақшы. Үзіндіге зер салайық.

«Aikyn» gazeti, «84 елді мекен ауызсумен қамтылады»

https://pdf.aikyn.kz/egazet/2018/10/Aikyn-20181023.pdf 

Марғұлан Марайым, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- «2016-2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы 3 жылда 84 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауызсу саласына 11 млрд теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде 20 нысан биыл пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019 жылға жоспарланған».

Осылайша билік 2020 жылға дейін орталықтандырылған ауызсумен қала тұрғындарын – 97 пайызға, елді мекендерді 62 пайызға қамтуды жоспарлап отыр.

«Орал өңірі » газеті, «Электр бақташы» көмекке келді»

http://oraloniri.kz/?p=24147 

Өзге де тақырыптарға ауыссақ. Қазір техника мен технологияның қарыштап дамыған кезі ғой. Заман ағымына қарай бұл көшке ауыл тұрғындары да ілесіп келеді. Мәселен, «Орал өңірі» газетінде «Электр бақташы» көмекке келді» деген материал жарияланды. Жобаны Кенған Шененов жүзеге асырған. Бұл азамат сары далада алдымен күн сәулесінен қуат алатын үй салған. Енді малды электр бақташыға бағудың қисынын келтіріпті. Мұндай қадамға балуға не түрткі болды екен? 

Кенген Шененов, шаруа:

- Бұрындары малды велосипедпен, жаяу бағатынбыз. Бүгінде ауыл тұрғындарының қырға барып мал баққысы жоқ. Сондықтан малды «электр бақташыға» сеніп, бақтыруды қолға алдық, «Электр бақташы» дегеніміз – айналасына баламалы қуат көздерінен қуат алатын сымдар тартылған қоршау. Бұл қоршаудың ұзындығы – 8, ені төрт шақырымды құрайды. Қоршаудың ішінде 100 бас ірі қара шашау шықпай, бағылады. Мал қоршаудан шыққысы келіп «тәртіпсіздік» жасайтын болса, онда қоршаудың сымы арқылы әлсіз тоқ ұрып, денесін дірілдетеді.

Авторы: Самат Қайырденұлы

Осы категория бойынша: « Ақмола облысында 2494,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді Біз не киіп жүрміз? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы