371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ескі автобус, дөрекі кондуктор». Қоғамдық көлік қызметі көңілден қашан шығады?

  • 456
  • UPD: 11:43, 26.10.2018

Қарағанды қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсармай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Егемен Қазақстан» газетінің соңғы шығарылымында Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктер сапасы туралы жазылған. Мақалаға «Ескі автобус, дөрекі кондуктор» деген ат қойылыпты. Нақтырақ айтсақ, авторы шаһарда № 19 автобустың жұмысын сынға алған. Яғни вокзалдан мінген жолаушы діттеген жеріне жеткенше, өз көзімен көргенін қағаз бетіне түсіріпті. 

Қайрат Әбілда, мақала авторы:

– Келесі аялдама – қаладағы ірі базарлардың бірі «Алтын Арба». Осы жерге келгенде, автобус манағы «өнерін» асқан шеберлікпен тағы қайталады. Бір мезетте, вокзалдан мінген екі жігіттің бірі шыдай алмады білем, «Неге тұрмыз, неге жүрмейміз?», – деп күңк ете қалған. Солақ екен, кондуктор жігіт автобустың ортасына дейін жұлқынып келді де, «Қайсың, ей?», дегендей артқы жаққа екі көзі ежірейе қарады. Арт жақтағы жігіт жым болды. Əлгі кондуктор тісін шықырлатып, жаңағы дауысы шыққан жанды тауып алса, етін тірідей жейтіндей, адырайып-ақ тұр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Қарағанды қаласында тамыз айында кондуктор жолаушыны ондырмай соққыға жыққан болатын. Бұл жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Автор мақалада бұл оқиғаны тағы да еске салған екен. Мұнымен қоса, автор аталған қоғамдық көлікте санитарлық талаптардың сақталмайтын мысалға келтіріп, кей аялдамаларда ұзақ тұратынын айтқан.

Қайрат Әбілда, мақала авторы:

– «Майлы» аялдамаға келгенде жіпсіз байланады да қалады. Тек бұл жолы автобус жүргізушісі музыка қосып қойған екен. Онсыз да дарылдаған автобустың дауысына дарақылау əн қосылып, көлік іші азан-қазан болды да кетті. Іші сатпақ-сатпақ, орындықтарының тысы кірқожалақ көліктің ішіндегі жұрттың қабағы қатулы, жақтырмай-ақ келеді, бірақ біреуі «лəм-мим» деп ауыз ашпады. Жолда «Алтын Арба» базарына қарама-қарсы тұрған «Таир» сауда қалашығының аялдамасында ыңыранып бес минуттай тұрған кезде əріге шыдай алмай, əлгі автобустан түсіп қалуға тура келді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Қарағанды қаласының әкімі электрондық жүйені енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Шағыс Қазақстанның Өскемен мен Семей қалаларында автобустар электрондық жүйеге көшкен. Облыстық «Дидар» газетінде «Электронды билеттің ерекшелігі неде?» деген мақала жарияланды. Бұл көлеңкелі бизнестің жолын кесуге септігін тигізбек. Ал жүйенің қалай жұмыс істейтіні мен тұрғындарға пайдалануды үйретуде еш қиындық туындамайды дейді жауаптылар. 

Ернар Мұстафин, Өскемен қаласы жолаушы тасымалын басқару орталығының директоры:

– Бізде жоғарыда аталған мәселелер туындамайды деген ойдамыз, өйткені жүйені кіріктірудегі Беларусьтің және еліміздің өзге қалаларының тәжірибелерін басшылыққа алдық. Олардың қателіктерін қайталамаудың жолы қарастырылды. Ерте ме, кеш пе, біз электронды билеттеуге көшетін едік. Біріншіден, бұл – заман талабы. Екіншіден, біз көліктер мен жолаушылар мониторингін жасау арқылы ғана қай бағытқа қанша қоғамдық көлік керегін анықтай аламыз. Бұл да жолаушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жаңа жүйе енгізілсе, құптарлық іс. Жауаптылар болса еш алаңдамауды ескертеді. Яғни бұрынғы жеңілдіктер сол күйінде сақталатын болады. 

Ернар Мұстафин, Өскемен қаласы жолаушы тасымалын басқару орталығының директоры:

– Оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер, соғыс ардагерлері үшін жеңілдіктер сол күйінде қалады. Олардың картасы өзгешелеу болады. Оған жеке басын куәландыратын мәліметтер енгізіледі. Ал қала қонақтары үшін бір реттік төлем карталарын жасау да жоспарда бар.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жоба 2019-2020 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бағытталмақ. Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік қазақстан облысында орақ науқаны аяқталды. Өңір диқандары биыл 5,3 миллион тонна сары алтын жинады. Гектар берекелілігі 187 центнерден айналды.

Қуандық Шақұбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Маңызды науқан барысында агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен жанар-жағармай берілді. Техника паркін жаңарту мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген несие ұсынды. Үстіміздегі жылы облысымыздағы егіс алқабы 4,2 млн гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәндібұршақты дақылдар 2,8 млн. гектар, майлы дақылдар бір миллион гектар, ал жемазықтық дақылдар 414,7 мың гектар жерге егілді. Ауа райының қолайсыздығынан дақылдарға шалғы кеш түсті. Соған қарамастан, Ақжар, Аққайың, Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың диқандары орақ науқанын уақытылы аяқтады.

Осы категория бойынша: « Сығанақ туристерді шақырады СҚО-да қырыққа жуық ауыл жойылуы мүмкін »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы