365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің Қытаймен шектесетін елді мекендерінде мектептер жабылып жатыр

  • 452
  • UPD: 13:46, 30.10.2018
Еліміздің Қытаймен шектесетін елді мекендерінде мектептер жабылып жатыр

Шекара маңында шешілмеген мәселе көп. Мектептер жабылып жатыр. Kundelik.kz-те техникалық ақаулар орын алуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Егемен Қазақстан»

«Шекара маңында шешілмеген мәселе көп». Осындай тақырыппен «Егемен Қазақстанға» Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин мақала жазған екен. Автор келтірген дәрекке сәйкес, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының шекара маңында орналасқан Күршім жəне Қатонқарағай аудандарындағы елді мекендерде мектептер жабылып жатыр.

«Ресеймен 245, Қытай Халық Республикасымен 45 шақырым бойы шектесетін Катонқарағай ауданы халқының саны соңғы 20 жылда 29 мыңға азайған, 6 ауыл елдімекен мəртебесінен айырылған, 48 елді мекеннің 17-сінде ұялы телефон байланысы жоқ, сапалы интернет желісі тек аудан орталығында ғана жұмыс істеуде. Осы мерзім ішінде оқушы саны 9261-ден 3518 балаға дейін азайып, 15 мектеп жабылған. Қытаймен 300 шақырымдай шектесетін Күршім ауданындағы жағдай да осыған қарайлас. Шекара маңын иесіз мекенге айналдыруды тоқтату шараларын жеделдету, елді мекендерді нығайтып, көптеп қоныстандыру стратегиялық маңызы бар мəселе болып отыр».

Басылымда жазылғандай, бұл бағытта ШҚО басшылығы арнайы жоспар жасап, Үкіметке бірқатар ұсынысын жолдаған. Ал парламенттегілер Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан білім беру ұйымдары желісінің нормативіне негізгі жəне орта мектептердің қызмет етуі үшін норманы төмендетуге қатысты өзгерістер енгізуді, жалпы мектептерді қолдау, олардың жабылуын тоқтатуға бағытталған шаралар қарастырылып, оңтайлы шешімдер қабылдануын ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған. Яғни бұл мәселе әлі уақыт еншісінде.

«Айқын»

Еліміздің жоғары оқу орындарында оқулық жазатын арнайы маман дайындалуы керек және авторлық ұжым білімді, білікті, ең интеллектуалды тұлғалардан жасақталғаны жөн. Бұл жайында «Айқында» жазылған екен. Оқулықтардың сапасыздығын, тиісті мамандардың жоқтығыны депутат та айтып алаң.

«Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Елімізде оқулық жаза алатын білікті мамандар аз, ал оқулықтану ғылымы тіпті дамымаған. ЖОО-ның кәсіптер реестрінде мұндай кәсіп мүлдем қарастырылмаған. Оқулықтарды осы сала бойынша арнайы білімі жоқ мамандар жазып жүр. Авторлық ұжымдардың бір-бірімен байланыс орнатуы да кемшін екені көрініп тұрады. Түрлі пәндердің оқулықтарында бір оқиғалар, фактілер мен олардың болған уақыттары әртүрлі болып көрсетіледі».

Оқулықты жаза алатын кімдер деген сұрауға оралсақ, әрине, тәжірибелі оқытушылар. Ол нені айтуы, жазуы керек екенін, оқушы санасына не сіңетінін жақсы біледі. «Сондықтан оқулық жазуда мұғалімдерді де араластырған жөн» деп автор мақаласын түйіндеген екен.

«Орал өңірі»

Биылғы жылдың соңына дейін ұялы телефонды тіркету керектігі жөнінде айтылып жүр. Тіркелмеген телефондар 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап бұғатталатындығы да мәлімденді. Жалпы, телефонды тіркетудің тиімді тұстары қандай? Құрылғыны тіркету үшін не істеу керек? Тіркеткен күнде не өзгереді? Мұны «Орал өңірі» облыстық қоғамдық саяси газеттің тілшісі жазған екен.

«Қалта телефоныңызды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне барудың қажеті жоқ. Бар болғаны  телефоныңызды онлайн режімде немесе SMS \ұялы байланыс операторларының интернет-ресурсыжәне SMS, USSD, т.б.\ арқылы тіркей аласыз. Ол үшін қолданыстағы телефонның IMEI кодын \телефон қорапшасында жазылып тұратын\ және жеке куәлігіңіздің нөмірін \ЖСН\ білсеңіз болғаны. Әрбір адам осы жылдың аяғына дейін өз құрылғыларын тіркеп үлгеруі керек. Себебі, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді».

Материалда полиция қызметкерінің де пікірі қамтылған. Тәртіп сақшысының айтуынша, ұялы телефондарды ЖСН арқылы тіркеу оң нәтиже береді. «Осылайша «телефондық терроризм» фактісі азаяды деген сенім бар» деп автор сөзін түйіндеген екен.

«Сарыарқа самалы»

«Күнделік» сыр берді...» Бұл – «Сарыарқа самалында» жарық көрген мақаланың тақырыбы. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсаны да аяқталды. Мұғалімдер екі айдың есебін жасап, ата-аналар баласының тоқсандық бағасын білмекке «Күнделік.кз» жүйесіне жаппай жүгінуде. Бірақ олардың көбі «күнделіктің» «мұқабасынан» әрі аса алмауда. Ішіндегі «сырын» да білмей дал. «Себебі сервердің қолжетімсіз екенін меңзеп бір белгі көз алдыңызға көлденеңінен шыға береді. Күнделікке кіре алмай қиналып қалдық. Дәл керек кезінде күнделігіміз ашылмаса, оның қажеті қанша?» деп ата-аналар наразы. Ал олқылықты «Күнделік.кз» порталының өкілдері де біліп отырған көрінеді.

«Қазір «Күнделік.кз-те» техникалық ақаулар орын алуда. Қолданушылар қатары көбейді. Тоқсан соңында мұғалімдер есебін жазуға, ата-аналар баласының бағасын білуге порталға бір мезетте жаппай кіріп отыр. Бұл жүктемені жүйе көтере алмауда. Бірақ біздің мамандарымыз кемшілікті жою әрекетін жасауда. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін жүйе жетілдірілуде, – деді «Күнделік.кз» порталының бөлім операторы – Әйгерім Мұхамадиева».

Әлбетте, жаңа енгізілген жүйеде әрдайым жаңылыс болады. Жасырын емес, ондайға үйреніп те алдық. «Көш жүре түзелер» деген үмітті сөзіміз тағы бар» деп автор мақаласын түйіндеген екен.

«Қазақ үні»

«Әннің де сәні кетті ме?!» Осындай атаумен «Қазақ үнінде» мақала шыққан екен. «Әннің мазмұны өзгерді. Әнші мен тыңдаушының талғамы да өзгерді. Қазақ музыкасының қоржыны сананы жоятын жылаңқы әндер мен сөзі жұтаң мән-мағынасы жоқ биге арналған әндер қаптады. Бәлки «бұл әндердің ғұмыры қысқа, уайымдайтын ешнәрсе жоқ» деген де пікір туар. Керісінше, жоғарыда келтірілген мәселелер қазақ өнерінің трагедиясы десем, артық айтқаным емес шығар» деген екен автор.

«Әнші көп, ән де көп. Бірақ нақышына келтіріп айта алмай келеміз. Нақышына келтіремін деп, артық мелизмдер мен әнді артық созу арқылы әннің сәнін кетіріп жатқан жайы тағы бар. Әншілерде талғам кетті. Жаңашылдыққа бет бұрамын деп кейбірі өшіп жатыр. Енді бірі жаңашылдықтан ретро бұрынғы әндерді орындаймын деп неше түрлі боямалар қосып, «т­ыртық» қылып жатыр».

«Әншілер сахнада жүрген соң, халықтың көзайымы болған соң, үлкен жауапкершілікті сезінгендері жөн. Халықтан алып жатқан соң, оларға не беріп жатқанына есеп бергендері абзал» деп автор мақаласын түйіндеген екен.

Авторы: Қорған Төреқожа

Осы категория бойынша: « СҚО-да қырыққа жуық ауыл жойылуы мүмкін Байқоңыр халқының экологияға алаңдайтын жөні бар »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы