365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Байқоңыр халқының экологияға алаңдайтын жөні бар

  • 306
  • UPD: 11:13, 31.10.2018

Байқоңыр - ұлт байлығы. Бұл «Айқында» жарық көрген мақаланың тақырыбы. Журналист Нұртөре Жүсіп қазір Байқоңырда «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын жазған.

Байқоңырдағы балаларды Қазақстан стандарттары бойынша оқыту мен тәрбиелеу керектігіне де тоқталып, мектеп мұғалімдерінің, сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын өсіру де мақалаға арқау болыпты. Осының бәрін жаза келе Нұртөре Жүсіп Байқоңырда "Халықты алаңдататын басты мәселе – экология" екендігін жеткізіпті.  

«Ресей тарапынан көбінесе «жергілікті тұрғындар денсаулығына байланысты шағымданып жатқан жоқ» деген сөз айтылады. Экологиялық тұрғыдан келетін зиян мен зардапты толық тексеріп, зерттеу нысанасына айналдырып отырған кім бар? Өкінішке орай, жергілікті азаматтар да бұл мәселеге аса көп бас ауырта бермейді. Семей мен Қызылорда өңіріндегі экологиялық зардап бір-екі жылда жоғала қоймайды. Ауа мен су, жер мен топырақ – бір. Осы өңірлерді мекендеп жатқан халықтың өз денсаулығына алаңдайтын жөні бар. «Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет»

Дипломаттар неге жанжалға іліге береді? Бұл Астана Ақшамында жарық көрген мақаланың тақырыбы. Мазмұны мынадай. Бірер күн бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюро Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың аса ірі көлемде бюджет ақшасын ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлады. Елімізге 140 миллион теңгеден аса зиян келген. Сәл кейінірек Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров «Өтембаевтың ісі» аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевтің тұтқындалуымен байланысты екенін мәлімдеді. Осыдан соң Астана Ақшамының тілшісі басы дауға қалған қазақстандық дипломаттарды тізбектеп шыққан. 

«Едіреңдеген елшіліктегілер жанжалдардан рекорд жасаған жылы - 2011. Наурыз айында Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің үшінші хатшысы Рахат Тұрлыхановты елге қайтарды. Ол Лондонда бірнеше мәрте жол жүру, автокөлікті тұраққа қою ережелерін бұзып, айыппұл төледі. Сол айда Қазақстанның Берлиндегі елшілігінің атташесі Данияр Атанов таксишімен төбелесті. Сәуір айында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілінің кеңесшісі Валерий Толмачев Парижден Римге ұшаққа мініп, әуе кемесін Ливия астанасына қондыруды талап етті. 2013 жылы Германияда бас консулымыз Ахат Алпысбаев пен оның көмекшісі Қайрат Адыров тұтқындалды. 2014 жылы Норвегиядағы Қазақстанның консулы Қуаныш Ағайдаровқа алкоголь өнімдері мен қызметтік құжаттарды ұрлады деген айып тағылды. 2016 жылы Қазақстанның Үндістандағы экс-консулы Рәшид Рахымбеков 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылып, 26 миллион теңге айыппұл төледі»

Шығыс Қазақстанда көмір бағасы құбылып тұр. Дұрысы, қара отынды тасымалдаушылар жүгенсіз кеткен. Оларды жөне салуға жергілкіт билік өкілдерінің шамасы жетпеуде. Мұны облыстық Дидар газетінің тілшісі жазған екен. 

«Биыл облыс орталығында бір тонна көмірдің бағасы 8800 теңгеден бекітілген, бұл баға жылыту маусымы бойында өзгермейді. Алайда билік өкілдері кен орнынан қалаға вагондап жеткізілетін қатты отынды қойма басынан үйге дейін жеткізіп берушілер қойып отырған бағаны реттеуге қауқарсыз болып шықты. Мысалы, қазір қала ішінде көмірді жеткізу бағасы 15-20 мың теңге болса, қала іргесіндегі ауылдарға апару үшін отыз мың теңгеге дейін сұрайды екен көлік иелері» 

- Сонда жергілікті орган өкілдері бағаны реттеуге құлықсыз ба? Әлде құзыреттері жоқ па? 

- Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бұқатовтың айтуынша қаланың, елдімекеннің ішінде көмірді тарату, тасымалдау, бағасына бақылау жасау әлгі басқарманың құзырында емес екен. Жекеменшік көмір тасымалдаушылар да шағын және орта бизнес өкілдері болғандықтан, бағаны өздері белгілейді, олардың шаруасына араласпаймыз депті Асхат Бұқатов. Сонда қара отынды тасымалдаушыларды  жөнге кім салады? Бағаны реттеуге ешкімнің шамасы жетпеген бе?

Осы категория бойынша: « Еліміздің Қытаймен шектесетін елді мекендерінде мектептер жабылып жатыр Еліміздегі әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-ден асқан »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы