365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекеттік сыйлықтың қадірі қалды ма?

  • 385
  • UPD: 12:37, 02.11.2018
Мемлекеттік сыйлықтың қадірі қалды ма?

Мерзімді басылым беттеріне жарияланған маңызды мақалаларға шолу.

«Қазақ үні». «Қадірі кеткен Мемлекеттік сыйлық».

Бұл жайындағы мақала «Қазақ үнінде» жарық көрген екен. Автордың жазуынша, өркениетті елдерде осы мемлекеттік сыйлықты алушы ақын немесе жазушы өмірбақи шығармашылықпен айналысып, сол саланың шыңына шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сарапталып, сұрыпталып, майдан қыл суырғандай етіп барып береді. Ал біздің елде, керісінше, кімде-кім жағымпазданса, шындықты жасырып, өз азаматтық көзқарасын білдіре алмаса, солар нағыз керемет саналады да, марапатқа ие болады. Мақаладан үзінді.

«Тәуелсіздік алғалы 27 жыл аясында қаншама ақын-жазушылар мемлекеттік сыйлық алып үлгерді. Мемлекеттік сыйлықты алмақшы болып додаға түскендердің сұрқия сұмдықтарға баратынын былайғы жұрт білмеуі мүмкін. Арасында жүргендіктен қарапайым пендешіліктен бастап адам айтса нанғысыз жағдайлар болып тұрады. Олар мемлекеттік сыйлықты алып алған соң, қоғамдағы қордаланған мәселелерге қатысты жұмған аузын ашпайды. «Есек лайдан өтті, қу кетті» дегенге саяды. Мемлекеттік сыйлыққа тағайындаған 50 000 АҚШ долларды қалтаға салды, іс бітті».

«Осылайша кім көрінген алып жатқан Мемлекеттік сыйлықтың қадірі қалмады-ау деп ойлаймыз» деп автор мақаласын түйіндеген екен.

«Дидар». «Қатерлі дерттің алдын алу мүмкін бе?»

Осындай тақырыппен Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде мақала жарық көрген екен. Автор келтірген деректі оқысаңыз, статистика елең еткізбей қоймайды. Сенесіз бе, елімізде жыл сайын 27 мың науқас осы обырдан көз жұмады екен. Мақаладан үзінді.

«Фактілерге жүгінсек, әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде алғашқы орында тұрған омырау безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққан 35 мыңнан астам науқас анықталған, ал онкологиялық ауруларға щалдыққан адамдар саны – 176 мың. Жыл сайын 27 мың науқас рактан көз жұмады. Соңғы он жыл көлемінде еліміз бойынша қатерлі ісікпен ауыратындар 9,5 пайызға өскен».

Мақалада тері, сүт безі, өкпе, асқазан обыры ушығып барады барады деген дерек бар.

Генетикаға келетін болсақ, обырдың тұқым қуалауына бейімділік факторы болуы мүмкін. Дегенмен обырдың тұқым қуалайтын түрлері де бар. Қатерлі ісіктің 7-10 пайызға дейінгі жағдайлары тұқымқуалаушылыққа байланысты.

Мақалада дерекке сүйенсек, дұрыс тамақтану, темегі шегуден, алкогольден бас тарту, салмақты қалпына келтіру, артық күн әсерін азайту және тұрақты дене белсенділігі қатерлі ісіктен жазылуға сеп болмақ. Әрине, егер обыр бастапқы сатыда болса. 

«Айқын». «Шымкентте үш ауысымды мектеп азайып емес, көбейіп барады»

Бұл – «Айқында» жарияланған материал. Автордың жазуынша, тұрғындарының санын миллионға жеткізу жолында жақын аудандардағы елді мекендердің барлығын өзіне қосып, қарқынды жұмыс істеген Шымкент қаласының әкімдігі кейбір маңызды мәселелерді кейінге шегергенге ұқсайды. Әдетінше науқаншылдыққа бой алдырғандар қала тұрғындарының саны өскен сайын оның қылтиып шығатын проблемаларының да көп болатынына оншалықты мән бермесе керек-ті. Мәселен, Шым­кент қаласында бүгінде 1200 орын­ды мектепте 4400 оқушының білім алып жүргенін ерекше атап өткіміз келеді деген екен автор.

«Мегаполисте жағдайы дәл осын­дай 19 білім ордасы бар. Мәсе­лен, 1100 орынды №1 мектеп-гим­на­зияда 4238 оқушы сабақ оқып жүр. Биыл мұнда 591 бала мектеп та­балдырығын аттапты. Бір сынып­та 50-ге жуық бала отырады. Тіпті, бір мұғалімде 2 сыныптан бар. Шымшаһардағы №9, 16, 23, 38, 42, 45, 46, 47, 49, 53, 55, 56, 65, 72, 87 жә­не 92, 116 жалпы мектептердегі осын­дай өзекті мәселенің шешімі жуық арада шешіле қоймайды-ау. Басқарма мамандары бірқатарына қосымша ғимарат тұрғызу үшін әзірг­е жер телімі жоқ екенін тілге тие­к етеді. Үш ауысымда оқы­тып жүрген мектеп мұғалімдері 5 күн­­дік оқуға сыйғыза алмайтынын ай­тып қынжылады. Сондықтан ара­­кідік сенбі күндері де сабақ оқуға мәжбүр».

Осылайша үш ауысымды мек­тептердің қатары азайып емес, кө­бейіп барады. Ал білім басқар­ма­сының мамандары «бұл проблема 2020-2021 жылдары шешімін тауып қа­лар» деп отыр. «Дегенмен бұған да еш­кім кепіл бола алмайды» деп автор сөзін түйіндеген екен.

«Сарыарқа самалы»

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі енгізіп жатқан жаңашылдықтардың салдарынан педагогтардың жүктемесі геометриялық прогрессиямен өсуде. Ал жалақы деңгейі елімізде төмен сақталуда. Онымен қоса ұстаздардың жұмысы қағазбастылыққа толы. Бұл жайындағы мәлімет «Сарыарқа самалында» жарияланған екен. Мұғалімдердің құқығы көп қорғала бермейді. Меніңше, мемлекет тарапынан ұстаздарға деген психологиялық, материалдық, әдістемелік көмек зор болуы тиіс. Тек жалақы көтеру арқылы ұстаздың мәртебесі биіктемесі анық.

Гүлжан Әбішева, Екібастұз қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:

- Жалақы көтеру ұстаздың жұмысының тиімділігін арттырады. Алайда саладағы бар мәселені шеше алмайды. Біздің ойымызша, материалдық көмектен бөлек, заңгерлік және психологиялық қолдауды да қарастыру қажет. Алайда бұл да жеткіліксіз. Педагог мәртебесін көтеру үшін келесідей шаралар қамтылуы керек сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұстаздардың қызметін насихаттауды, білім беру тақырыбына қатысты әлеуметтік жарнамаларды көбейткен жөн. Бір мекемеде кем дегенде үзбей он жыл жұмыс істеген мұғалімдерге бір жыл көлемінде ұзақмерзімді еңбек демалысын беру, еңбек өтіліне қарай зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылуы керек. Сондай-ақ педагог мамандығы мемлекеттік қызмет дәрежесіне теңестірілуі ләзім.

«Егемен Қазақстан». «Көмір бағасы қолжетімді ме?»

Бұл – «Егемен Қазақстан» жарық көрген мақаланың тақырыбы. Автор бұл орайда еліміздің әр аймағында қара отын құны әртүрлі екендігін жазған.

Шығыс Қазақстанда көмір бағасы әзірге тұрақты. Қазір «Қаражырада» бір тонна көмір жекелеген адамдарға – 6500, Семейде – 7400, Өскеменде 8800 теңгеден сатылып жатыр. Көмірдің бағасы Тобыл-Торғай өңірінде қымбаттаған жоқ. Бірақ облыстың әр шалғайында бағасы әртүрлі. Мысалы, «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасы Арқалық тұйығында 13 мың 700 теңге болса, Қостанайда 14 мың 300 теңге. «Богатырь» көмірі ғана барлық аймақта 9 500-10 000 теңге тұрады. Ал теріскейде «Шұбаркөл» көмірінің әр тоннасын – 14 100, «Қаражыранікін» 14000 теңгеден саудалауда. Ең арзан көмір – Қарағандыда. Бұл өлкеде «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасы 11 000-11 100 теңге.

Бұл – облыс орталықтарындағы баға. Ал шалғай елді мекендерде көмір бағасы қара­пайым тұрғындар үшін қол­жетімді емес. Себебі қара отынды тасымалдаушыларға беретін ақшаңыз және бар. Олардың қызметі аспандап тұр. Орта және шағын бизнес өкілдері болғандықтан көмір тасымалдаушыларда бағаны өздері қоя береді. Осыны бір ретке келтірсе деген халықтың пікірімен сөзімді түйіндейін.

Авторы: Қорған Төреқожа

Осы категория бойынша: « Қырғызстанда ақ қалпақты қорлағандарға айыппұл салынады Әулиеатада иттер төрт түлікке шаба бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы