368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халқымыздың Салбурын салты қайта жаңғырды

  • 603
  • UPD: 12:00, 09.11.2018

Аңшылардың бірнеше күн бойы аңға шығуы қазақта салбурын деп аталады. Ертеректе Қасым ханның өзі де мыңдаған салт атты нөкері мен жүздеген тазы итін  ертіп, Салбурынға шығып, айлап тау-даланы кезіп, аң-құс аулаған  екен.

Салбурын дәстүрінің тамаша көріністері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да қызықты баяндалады деп жазады өңірлік Дидар газеті. 

Салбурын – аңшылардың ерлігі мен ептілігін, мәрттігі мен жомарттығын сынайтын ежелгі дәстүр. Кеңестік кезеңде бұл дәстүрдің аты аталмай, ат мініп, тазы ертіп, аң-құсқа шығу еріккеннің ермегі деп есептелінген. Сөйткен Салбурын аңшылық дәстүрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырып, таяуда «Адал жол» эстафетасының өкілдерімен бірге Абай еліне де келіп жетті. Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Көкпекті аудандарынан бастау алған «Салбурын-18» шарасы  Орда бауырында, Рысай көлінің жағасында жалғасқан. Айтулы шараға Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласынан, сондай-ақ Абай елінің Архат, Көкбай, Қарауыл, Қасқабұлақ, Құндызды ауылдарынан 60-қа жуық аңшы,  қасқыр, түлкі алып жүрген 40-қа таяу тазы иті қатысты. 

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova:

- Жиналғандар Салбурын дәстүрі туралы ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөліскен. Ел ішінде ұсақ аңмен қатар тазыны қасқырға салатын аңшылар да баршылық. Мақалада келешекте «Тазы асыраушылар» клубын ашып, Салбурынды насихаттау жағы сөз болған. Тағы бір қызықты ақпаратқа кезек берсек. Төрт түліктің төресі, қазақтың түйелері шетел асты. qazaly.kz газеті жазғандай  Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы «Жеңіс» шаруа қожалығының   түйелері  Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттала бастаған.  Қожалық басшысы Есет Серімовтың айтуынша, Араб түбегінен келген қонақтардың көзі қазақтың айыр өркешті түйесі түркімендердің түйесімен будандастыру арқылы алынған «Бір туған нар» деп аталатын түйе тұқымына бірден түскен.  

Пірмұхаммед Сыздықов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Олар бірінші кезекте 45 ойсылқара тұқымын сатып алды. Сол мақсатта арнайы ұшақ та жалдаған. Жыл соңына дейін тағы 100 түйе әуе кемесі арқылы Араб түбегіне жол тартады. Сондай-ақ олар Сыр өңірінен 1000 бас қойды да ала кетпек.

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova:

- Расында табиғаты қатал Біріккен Араб Әмірлігінде  ойсылқара тұқымына сұраныс жоғары. Жазы аптап ыстық, айналаны сусыз шөл дала қоршағандықтан жергілікті тұрғындар өзге жануарларға қарағанда түйе түлігін өсіргенді қолайлы көреді. Ал табиғатында ұқсастық бар біздің өлкеден алған түйелер араб кәсіпкерлерінің оң жамбасына келетіні анық.

Сондықтан да олар шаруа қожалығынан 20 бас және тағы бірқатар кәсіпкерлерден 9 бас түйе сатып алған екен. Жыл соңына дейін тағы бір қайтара соғып, әлі де саудаласуды жоспарлап отыр делінген мақалада. 

Есет Серімов,  шаруа қожалығының бас­шысы:

- Одан бөлек, аудан орталығындағы базарда шұбат, қымыз сататын дүкендер жұмыс істейді. Алдағы уақытта шаруа қожалығына қарасты заманауи кешен пайдалануға беріледі.Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен аумағы 1,8 гектар болатын бұл кешенде түйе, жылқы сауатын орын, мал бордақылайтын алаң, мал соятын қасапхана болады. Түйе, жылқы сауатын аппараттарды алып қойдық. Амандық болса, бәрі жаңа технологиямен жабдықталып, жұмыс өнімділігі арттырылады. Мал шаруашылығы өнімдерін молайтуға бағытталған ауқымды жоспарлар бар. Соның бірі шұбатты пластикалық құтыларға құйып, сауда қа­тарларына шығару. Бұл әрине көп еңбекті, қаражатты қажет етеді.

Осы категория бойынша: « Павлодар облысында үйлер түрлі түске боялуы мүмкін Теңге мен фунт стерлингтің қадір-қасиеті қандай? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы