371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Президентінің тұңғыш фотографы кім?

  • 742
  • UPD: 14:02, 29.11.2018

Қазақ киносының қарымы қандай? Президенттің тұңғыш фотографы кім болды?

«Егемен Қазақстан» газеті. Жетісу өңірінің табиғи ерекшелігі баламалы энергия көзін өндіруге мүмкіндік береді

Бұл өлкеде арынды өзен суынан қуат алу үрдісі дәстүрге айналған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Мұнан бөлек облыста жел мен күн энергиясын игеріп, қалыпқа келетін қуат көзін өндіру бағытында Қапшағай қаласының маңында күн электр стансасы салынып жатыр. Өңірдегі игі өзгерістер туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазды.

https://egemen.kz/article/178450-zhetisu-oenhirininh-tabighi-ereksheligi-balamaly-energiya-koezin-oendiruge-mumkindik-beredi

Баламалы энергия көзін жинайтын стансаның алғашқы кезеңі жыл соңына дейін пайдалауға берілмек. Мамандар салынып жатқан күн электр стансасының қуат өндіру күші келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін 100 МВт энергия беруге жететінін айтуда. Стансаның толық іске қосылуымен бұл көрсеткіш тағы да 50 МВт энергияға көбеймек. Өндірілген қуат көзі аймақтағы электр энергиясына деген сұра­нысты қамтамасыз етуге бағыт­талмақшы.

Өңірде «жасыл» энергия бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2025 жыл­ға дейін баламалы қуат көзін өн­діретін 25 нысан салынып, пайдалануға беріледі екен. Бұл – Жеті­су өлкесіндегі энер­гетикалық сұранысты өтеуге әрі табиғатты қор­ғауға бағытталған маңызды қадам.

«Айқын» газеті. Қазақ киносының қарымы қандай?

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қоғам мен руханиятқа тікелей қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Соның бірі – кино. «Халықтың санасында фильм­дердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойы­лымдық фильмдердің, телевизиялық сериал­дар мен толықметражды көркем кар­ти­налардың арнайы циклын өндіріске енгізу керек» деген болатын мемлекет басшысы. «Айқын» газеті, руханияттың тынысын кеңейтетін бастама қалай жүзеге асуы тиіс деген сауалды жетекші кинотанушы мамандарға қойды.

https://aikyn.kz/2018/11/28/74543.html

Әсия Бағдәулетқызы, мәдениеттанушы:

- Тарихи тұлғаларды насихаттай­мыз деп оларды мінсіз періште етіп көр­се­туге тырысып, татымсыз дүниелерге жол беруі­міз де ықтимал. Елбасы да сөз болып отырған мақаласында айтты емес пе, ақ пен қараның арасында да небір бояулар бар. Арыстандай батырдың да тырнақ­тай кемшілігі болатынына дайын болуы­мыз керек, соны шеберлікпен жеткізе алуымыз керек және «қаһар­ман­да­­рымыз­дың» кемшілігін кешіре алуы­мыз керек. Бұл – киносценарий­дің алтын заңы, керек десеңіз, айнаға қарағандай, өзіңе, ұлтыңа реалистік көзқараспен қарай алудың бір белгісі.

«Тарихи тақырыпқа келгенде, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Әбіш Кекілбаевтың «Елең алаңы», Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың ора­луы», басқа да экранға сұранып тұрған тамаша туындылар аз емес», – дейді мамандар.

«Егемен Қазақстан» газеті. ТМД елдеріндегі алғашқы геобақ Маңғыстауда құрылады

ТМД-да алғаш рет Маңғыстау облысында «Геобақ» құрылады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Ауқымды жоба Маңғыстаудың кереметтерін бүкіл әлемге танытып, елімізге келетін саяхаттаушылардың санын арттыруға мүмкіндік бермек. Қайталанбас табиғат пен тарихи ескерткіштері бар геобақ Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағын қамтиды. Себебі осы аумақта табиғи және мәдени көрікті жерлер көп және автомобиль жолдарының желісі дамыған.

https://egemen.kz/article/tmd-elderindegi-alghashqy-geobaq-manhghystauda-qurylady

Өркен Бисақаев, Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау мекені – ашық аспан астында жатқан мұражай. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі осы өңірде орналасқан. 13 мың ескерткіш бар. Соның жиырмаға жуығы «Геобақ» арқылы отандық және шетелдік саяхаттаушыларға таныстырылмақ. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады. Қазіргі таңда әлемнің 38 елінде 140 жаһандық геобақ бар.

«Жетісу» газеті. Президенттің тұңғыш фотографы кім?

Мемлекет басшысының алғашқы жеке фотографы кім болғанын білесіз бе? Ол – Иосиф Будневич. Егемен елдің фотоөнерінің бастауында тұрған тұлға 1992 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жеке фотографы қызметін атқарды. Ол ерен еңбегі үшін халықаралық көрмелердің лауреаты, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі атақтарын алды.

http://zhetysu-gazeti.kz/news/cat-19/3685/

Иосиф Будневич Президенттің жеке фотографы болу арқылы көптеген елге сапарға шықты және шет мемлекеттегілер Қазақстан туралы ақпарат білгісі келсе, Будневичтің фотоларына жүгінетін. Сол арқылы таныды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек оның бағалы фотоларының ішінде Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметов, Никита Хрущев, Леонид Брежнев сынды қайраткерлердің бейнесін кездестіруге болады. 

Айналаға ерекше көзқараспен қарап, оның әр сәтін суретке түсіріп алуға құмар жан 2007 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Еліміздің егемендік алып, еңсе тіктеген тұсын көргіңіз келсе, Будневичтің фотоларын бір қарап шығыңыз.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Осы категория бойынша: « Баспасөзге шолу. 28 қараша Арал зауыттары шетелге тонналап балық экспорттады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы