369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Балаларымыз неліктен отандық мультфильмге қызықпайды?

  • 360
  • UPD: 10:53, 06.12.2018

Еңбекті қорғау ережесі мен тәртібін сақтауға бірқатар құрылыс орындары жеткілікті мән бермей отыр. Құрылысқа жауапты адамдар бірінші кезекте жұмыс ауқымын тезірек бітіруге жанталасып жүріп, еңбек қауіпсіздігі шараларын екінші кезекке ысыра салады. Жыл басынан бері 126 тексеру жүргізіліп, нәтижесі осындай болып шықты.

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадиярованың сұхбаты шығып, онда кәсіподақ өкілі өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарындағы қайғылы жағдайлардың орын алуының себебін түсіндірді. Оның айтуынша, құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігіне қатысты ереже мен тәртіпті сақтамау көбірек байқалады. Сонымен бірге жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне байланысты оқыту мен дайындауға да жете назар аударылмайды. Тексеру барысында арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етуге мән бермейтін құрылыс орындарының да бар екені анықталды. 

«Елордадағы құрылыс орындары қауіпті болып тұр. Оның бірқатар себептерін жоғарыда айттым. Биылғы жылдың 9 айындағы дерекке сәйкес, Астананың өндірістерінде 42 адам зардап шеккен. Оның 16-сы құрылыс саласында жұмыс істеген. Өкінішке орай, биыл құрылыс басында 8 адамның қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Бірақ бұған бәрібір көңіліміз көншімейді. Өйткені адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан жұмыс берушілер адам өмірін сақтауға, еңбектің қауіпсіз болуы үшін жағдай жасауға мүдделі». 

 «Түркістан» газеті бала тәрибесіне алаңдаулы. Бүгінгі қазақ балаларын ата-ана емес, теледидар мен смартфондар тәрбиелеп жатыр, деп жазады басылым. «Қазақ тәрбиесіне жат өнеге» деген атаумен шыққан мақаланың авторы Ресейдің «Маша мен аюы» балдырғандарға қандай тәрбие беретінін зерттеп көрді. Сөйтсе, бұл мультфильмнің басты кейіпкері Машаның бұзықтығын көріп өскен бала «бүлдіруді» қалыпты құбылыс деп қабылдайды екен. Тіпті туынды көрермендеріне «ойыңа келгенді істе, оның еш айыбы жоқ» деген ой тастайтындай көрінеді, деп жазады автор. Чикагоның ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысы «Спандж Боб» мультфильмінің баланың ойлау қабілетін төмендететінін көрсеткен екендігі де басылымда жазылды. Олар зерттеуге төрт жастағы 60 баланы тартып, олардың 30-ына сурет салдырған, екінші жартысына «Спанч Бобты» көрсетумен болған. Біраз уақыттан кейін 60 баланы психологиялық тестілеуден өткізген. Сонда мультфильм көрген балалардың тест қорытындысы сурет салған балалардан төмен болып шығыпты. 

«Қазақ баласы қашанғы шетелдік мультфильмдерді тамашалап, соларға еліктеп өспек? Бүлдіршіндерімізге үлгі болатын кейіпкерлер бізде жоқ па? Неге қазақ ертегілері мен аңыз-әңгімелеріндегі, батырлар жырындағы кейіпкерлерді ұтымды пайдаланбаймыз? Бұл сауалдардың талай жылдардан бері көтеріліп келе жатқаны сіз бен бізге аян. Бірақ көңілді көншітер жауап беріліп, көзді қуантар туынды әлі де ұсынылмады. «Қазақ мультфильмдері мүлдем жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Алайда отандық анимациялық туындылардың шетелдікімен бәсекелес бола алмай отырғаны шындық».

Батыстың арзанқол дүниелерінің бала санасын жаулап алғаны соншалық, қазақстандық мультипликаторлар жасаған дүниелерді мүлде қарамайтын сияқты, көруге деген ынталары төмендеп кеткен. Соның нәтижесінде, отандық мультфильмдер заман көшіне ілесе алмай, артта қалып қойғандай әсер қалдырады, делінген «Түркістанның» мақаласында. Бірақ сапалы отандық туындылар жоқ деуге аузымыз бармайды. «Алдар Көсе», «Аңқау қасқыр», «Қанатты Барыс», «Қошқар мен Теке», «Ер төстік және Айдаһар» секілді жақсы мультфилмдер бар. Алайда олардың көрсетілуі сирек, насихаты кемшін. Отандық туындылардың бәсекеге қабілетсіз екенін де сондықтан.

«Алпамыс, Қобыланды батырлар жайында мультфильмдер болмаған соң, ұрпағымыз орыстың Алеша Попович, Добрыня Никитич және Илья Муромец туралы мультфильмдерін қарамағанда қайтсін?! Егер қазақ батырлары мен ертегі кейіпкерлері туралы дүние ұсынылса, балдырғандардың қызығушылығын оятары сөзсіз. Тіпті қазақ балалары үшін олар шетелдік мультфильмдердегі кейіпкерлерден де қызығырақ болар ма еді?! Тек соны мамандар көрсете әрі жеткізе білсе болғаны!» 

Қызылордада сатушысыз дүкен ашылды. «Адалдық дүкені» деп аталатын сауда орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университет қабырғасынан бой көтерді. Сыр өңіріндегі серпінді жоба өз-өзіне қызмет көрсету жүйесіне негізделген. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауардың ақшасын арнайы жәшікке қалдырады. Дүкенде ешкім сатып алушыларды бақыламайды және тауардың ақшасын төлемей алып кетуіне кедергі жасамайды. Мұнда бейнебақылау камералары, тіпті күзет те жоқ. Барлығы сенім мен адалдыққа бағытталған. 

«Бұл тәжірбие әлемнің кейбір мемлекеттерінде жүзеге асуда. Пайдасы шаш етектен болмаса да, болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі тиімді шарттардың бірі екендігі сөзсіз. Әзірге тек бір білім ұясында орналасқан дүкенді алдағы уақытта Сырдың бас шаһарындағы барлық оқу орындарына енгізу жоспарда бар. Мұндай дүкендерді енгізу Сыр жастарының жағымды моральдық қасиеттерін дамытып, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. Яғни бұл факторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға тікелей әсер етеді».

Осы категория бойынша: « «Айқын»: Кең-байтақ жеріміздің мақтасын матаға айналдыра алмай отырмыз Оңтүстікқазақстандық мақташыларға енді субсидия берілмейтін болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы