377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баспасөзге шолу. Мал бағасының өсуі кімге тиімді

  • 835
  • UPD: 12:09, 11.12.2018

Төл бренд қалыптастырудың кәсіпорындарға пайдасы қандай?

Ал мал бағасының қымбаттауы кімге тиімді? Бұрымды бойжеткендер қай спортқа бейім?

«Оңтүстік Қазақстан» газеті. «Төл бренд қалыптаспай, импортқа тәуелдiлiк кемiмейдi»

Төл бренд қалыптаспай, импортқа тәуелдiлiк кемiмейдi. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген Ерболат Айнабековтің мақаласына еліміздегі жиһаз өндірісінің дамуы арқау болып отыр. Автор бұрын үй жиһаздары қожайынның ауқаттылығын көрсетсе, бүгінде олардың қарапайым халық арасында да қолжетімділігі артқан. «Әр адам өзінің талғамына, үйінің ыңғайына қарап жиһаз таңдап, сатып ала алады», – дейді мақала авторы.

http://okg.kz/article/?id=15042&slug=tol-brend-kalyptaspaj-importka-taueldilik-kemimejdi

«Осы тұста бір өкіндіретін жайт, Қазақстандағы жиһаз нарығының 70 пайызы импортқа тәуелді екен. Сапасы мен бағасына қарайтын азаматтар көбіне шетелдік өнімдерді таңдайды. Шетелден келетін тауарлардың еліміздің нарығына оңай енуі отандық жиһаз өндірушілерге қиын тиюде».

Автордың пікірінше, шетелдік өнімдердің көпшілігі Түркия мен Италия елдерінен импортталады. Жиһаз өндіруде үлкен жетістіктерге жеткен бұл мемлекеттердің тауары біздің нарықта ойып тұрып орын алуы да заңды құбылыс. Ал импортқа тәуелділіктен қалай арылуға болады? Мақала авторының пікірі мынадай.

http://okg.kz/article/?id=15042&slug=tol-brend-kalyptaspaj-importka-taueldilik-kemimejdi

«Дегенмен отандық өнімдердің сапасы олардан кем түсіп жатқан жоқ. Тек шетелдік тауар «сапалы әрі бренд» деген пікірді санамыздан арылтпай, импортқа тәуелділіктен жақын арада құтылуымыз екіталай. Тұтынушылардың талғамындағы осы таптаурын пікірдің жойылуы үшін де төл брендті қалыптастыру керек-ақ. Себебі, тұтынушы өзіне ыңғайлы, қалтасына салмақ салмайтын, сапалы жиһазды үйінің төрінен көргісі келеді. Жиһаз сапасына елдің сенімділігін арттыру үшін отандық брендтің алар орны ерекше».

Egemen Qazaqstan gazeti. «Мал бағасының қымбаттауы кімге тиімді?»

Мал бағасының қымбаттауы кімге тиімді? «Егемен Қазақстан» газетінде басылған Байқал Байәділдің мақаласы Ақмола облысындағы базар нарқы туралы баяндайды. Автор: «Елдегі ағайын нәпақасын сынық­сүйем арттыратын Арқадағы соғым маусымынан қаражат тауып қаламыз ба деп, екі қолын ысқылап дәмеленіп отыр», – дейді. Енді қайтсін, күндіз-түні мал соңында жүрген соң көл-көсір, қисапсыз бейнеттерінің зейнетін көруі керек-ақ. «Бағаның шарықтап тұрған жері – облыс орталығы» деп жазады автор.

https://egemen.kz/article/178978-mal-baghasynynh-qymbattauy-kimge-tiimdi

«Ел кезіп, қоңды, семіз әрі арзан малды іздеп тауып қалаға жеткізетін, содан соң сәтімен саудалайтын делдалдардың қойған бағасы жұмсартып айтқанда, күйіп тұр. Сере қазы шығатын бесті биелеріңіздің бағасы денесінің ірілігіне қарай 430-450 мың теңге төңірегінде. Әрине, кез келген адамның етке қанша аңсары ауып, тәбеті шауып тұрса да, мұндай жылқыны жалғыз өзі жығып ала алмайтыны белгілі».

Соғымнан бөлек жылқының өтімді тұсы – торқалы той, топырақты өлім. «Көкшетауда соңғы жылдары жаназаға екі, әйтпесе үш жылқы сою үрдісі етек алып кетіп еді, қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен жергілікті ардагерлер ұйымдарының, ел ағаларының атсалысуымен сап тыйылмаса да, біртіндеп икемге келе жатыр», – дейді мақала авторы. Мал бағасының қымбаттауына жем-шөп құнының өсуі де ықпал етіп отыр. Бұған қоса ортадағы делдалдарды қосыңыз. Ал төрт түлігін бағып-қаққан ауыл адамдары неліктер қалаға өздері келіп сауда жасай алмай отыруының себебін былай түсіндіреді.  

https://egemen.kz/article/178978-mal-baghasynynh-qymbattauy-kimge-tiimdi

«Біріншіден, шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары облыс немесе аудан орталығына мал өнімдерін әкеліп сата алмайды. Оның бірнеше себебі бар, алдымен құжат жинау машақаты, екіншісі – көліктің жайы. Бар қиындыққа бел буып келе қалса, базардан орын алудың өзі, оның тәртібін түсінудің жайы жүйкесін жүндей түтеді».

«Атырау» газеті. «Бойжеткендер қай спортқа бейім?»

«Атырау» газетіндегі әріптесіміз Мұратбек Жаңабай «қыр гүліндей құлпыра өсіп келе жатқан қыз баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар бауыр еті баласын спортқа берерде дұрыс таңдау жасаса» дейді. Мысалы, қыз балаға бұла күш пен асқан төзімділікті талап ететін ауыр атлетика, бокс, күрес, каратэ сияқты спорт түрлерімен шұғылдану олардың дене бітімінің дұрыс жетілуіне, ағзасының түзу қалыптасуына зиянын тигізуі әбден мүмкін. «Қайткенмен де бүгінгі бала ертеңгі ана емес пе? Сондықтан оның болашағының да жайын ойлап қойған жөн», – дейді автор. 

http://atr.kz/boyzhetkender-ay-sport-a-beyim/

«Осылай бола тұрса да соңғы жылдары елімізде бұрымдылардың осы спорт түрлеріне келу көрсеткіштері артқан екен. Тіпті, Рио олимпиадасында күрес түрлерінен еліміздің ерлер құрамына жүлде бұйырмай, есесіне еркін күрестен әйелдер құрамасы жоғары жетістікке жетті. Кілемге шыққан төрт нәзікжанды балуанымыздың үшеуі жүлделі орыннан көрінді. Сол Олимпиадада тұңғыш рет қазақ қызы ауыр атлетикадан күміспен күптелді. Дәл осы тәрізді әлем біріншіліктерінде де ерлер құралақан қайтып, әйелдер жасағы жүлдемен оралатын жағдай жиі орын алып жүр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай».

Автор аталған спорт түрлері мен қыз бала мүлдем бір-біріне сай емес, кереғар дүниелер дегенді айтқымыз келмейді, тек спортты серік етемін деуші арулар, олардың ата-аналары өздері үшін лайықтысын, залалсызын ғана таңдай білсе екен деген пікірін жазады.

Авторы: Ұлан Нарынбек

Хабар 24 телеарнасы