377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баспасөзге шолу. Ал сіз бата бере аласыз ба?

  • 951
  • UPD: 15:17, 14.12.2018

Дана халқымызда «батамен­ ел көгерер, жаңбырмен жер кө­герер» деген аталы сөз­ бар.

Egemen Qazaqstan gazeti. «Бата бере білеміз бе?»

Әрине, іс­теген ісіңе, жағым­ды қылығыңа орай аузы уәлі үлкендердің батасын алған бір ғанибет екендігі дау­сыз. «Алайд­а сол батаны бере білетін адам көп пе?» деп сауал тастайтын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Байқал Байәділ. Қараша халық әдетте қариялардан даналық ой мен ғибратты сөз күтеді. «Алайда кейбір ақсақалдар мен қариялардың бата мен тілекті шатастырып алатындығын көңіл қынжылтады», – дейді автор.

https://egemen.kz/article/179204-bata-bere-bilemiz-be

«Ілкіден жалғасып келе жатқан ізет­­ті дәстүрдің сабақтастығына сәл селкеу түскенін де көріп жүрміз. Әсі­ресе жиын-тойда бата бергеннің жөні осы екен деп, ұзын-сонар әңгіме айтып кететіндер арагідік болса да кездеседі. Тіпті мазмұнсыз, мағынасыз сөз сөйлеп, соңында ескі дағдымен «алып қояйық» деп жаңылысқандарды да көргенбіз.

«Жас Алаш». «Водовоз күткен ауыл»

Тораңғылықтар неліктен торықты? Өйткені Балқаш көлі жағасындағы ауылда ауызсу жоқ. Бұл мәселе «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Жалпы, ауылда мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша көшелерге орталықтандырылған су құбырын жүргізу ісі басталған. Алайда ол толық аяқталмай қалды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары суды шалғайдан тасуға мәжбүр.

https://zhasalash.kz/20930/

«60-70 үйі бар Тораңғыда үш жүзден аса адам тұрады. Көбі зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар. Олар тәулігіне бір рет келетін водовозды асыға күтеді. Судың бір литріне 2 теңге төлейді. Кейде су тасығыш көлік сынып қалып, халық 20-30 шақырым жердегі Балқаш қаласынан су тасуға мәжбүр болады екен. Ол тек көлігі барлары. Ал ат-көлігі жоқтар сусыз отырады».

Didar. «Жасанды түсік жарға жығады»

Осындай тақырыппен Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде мақала жарияланды. Авторы – Мейрамтай Иманғали. Әріптесеміз «Денсаулық сақтау министрлігінің «16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде түсік жасатуға рұқсат беру» туралы ұсынысының қызу талқыға түсіп жатқанын жазады. «Қызды қырық үйден тыйған» ұлт болған соң ба, министрліктің ұсынысы қазақ қоғамының қатты наразылығын тудырып жатқаны шындық. Мақалада мамандар мен ата-аналар пікірі беріледі. Бұл ұсыныстың арты ұлттық қасіретке алып келетіндігін ескертеді.

http://didar-gazeti.kz/8862-zhasandy-tsk-zhara-zhyady.html

«Ақиқатында бұл дегеніңіз қыз тәрбиесін әбден қолдан шығарып алғанымыздың айқын айғағы болса керек. Қолдан келер шара жоқ. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қызды тәрбиелеуге педагогикамыздың өзі де дәрменсіз болып тұрғаны ғой. Олай болмаса министрлік мұндай ұсыныс жасамас еді. Кейбір деректерге қарағанда, елімізде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 20 мың жасөспірім жүкті болып, оның 10 мыңға жуығы түсік жасататын көрінеді».

«Түркістан» газеті. «Көліктің аты жеңіл, құны қымбат»

Көлік көп, бірақ бағасы тым қымбат. Автөкөлік нарқындағы баға қашан қарапайым халықтың қалтасы көтерерліктей болады? Бұл жөнінде халықаралық «Түркістан» газетінен оқи аласыздар. Мақала авторы еліміздегі автокөлік статистикасын келтіреді. Мысалы, еліміздегі барық көліктердің 38 пайызы ескі көліктер саналады. Ал жаңаларының 24 пайыздан әрең асады. «Жұрт темір тұлпардың жаңасын мінгісі келеді, әрине. Алайда бағасы қымбат», – дейді әріптесіміз.

https://turkystan.kz/article/73774-k-likti-aty-zhe-il-ny-ymbat

«Әркім-ақ қолжетімді әрі сапалы машина мінгісі келеді. Бірақ оған жағдайы көтермесе қайтсін, шыққан жылы ескі болса да арзан шетелдік жеңіл көлікті көрші елдерден сатып әкелуге мәжбүр болады. Ал елімізде су жаңа шетелдік жеңіл көліктердің бағасы қымбат. Тіпті елімізде құрастырылатын көліктердің де бағасы аспандап тұр. Қалай да өзге елден тасығанша, көлікті өзімізде өндірмей, өндіргенде де елге қолжетімді қылмай, халықтың ақшасы өзгенің ескі-құсқысына жұмсала беретіні анық».

Авторы: Алмас Садуақас

Хабар 24 телеарнасы