376,06 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде дәстүрлі өнердің насихаты неліктен кем?

  • 1211
  • UPD: 11:19, 24.12.2018

Дәстүрлі өнердің насихаты неге кемшін? «Айқын» газеті дәстүрлі әншілер мен әндердің неліктен қадірі кетіп қалғаны туралы жазды. Мақала былай басталады: «Әбдіжаппардың әні мен Төреғалидің тентектігі дегенде ұлардай шулап кететін ағайын, неге дәстүрлі әншілердің шығармашылығына үңілмейді?»

Бұған себеп көп. Соның бірі - заманның тынысы, адам санасының жеңіл дүниеге бой үйретуі, жоғары шенділер арасында жанашырлық пен турашылдықтың жоғалуы, деп жазады республикалық басылым. Осы мәселеге қатысты мақала авторы дәстүрлі өнер үшін шыр-пыры шығып, еңбек етіп жүрген екі азаматтан сұқбат алған екен. Соның бірі – дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай. Ол кісі былай дейді. Дәстүрлі әншілердің қоғамдағы қадірі тым төмендеп кетті. Ескіден қалған маңызды мұраны арқалап, домбырасын асынып жүгіріп жүрген санаулы-ақ өнерпаз бар. Себебі, киелі өнер дегеннің өзі кез келген адамға қона бермейді ғой. Қазір қоғам сол өнерпаздарға құл секілді қарайды. Түрлі мемлекеттік деңгейдегі концерт, мерекелік шараларға шақырылмайды. Шықса тек жаттанды екі-үш әнші ғана шығады, налиды Төлеутай мырза.

«Телеарналарды жаулап алған продюсерлер қолына домбыра ұстаған қазақ баласын жандарына жолатпайды. Елбасының пәрменінен кейін ғана орындарынан қозғалғандай болады, соның өзінде бірде-бір әншіге олар қаламақы төлемейді. Мәселен, бір жерге шақырылсақ, арып-ашып өз ақшамызды жұмсап барамыз. Өнерпаз қошемет көрмесе, қаржылай қолдауды сезінбесе, өнер қайтіп дамиды? Тобырлық мәдениеттің «өнерпаздарында» өнердің киесі деген биік ұғым, ән-күйдің құдіреті деген асқақ сезім болмайды. Олар үшін өнер – бар болғаны пұл табудың көзі. Бар ынтасы фонограмманың күшімен ақша табудың жолына түскен псевдоөнерпаздар ештеңеден тайынбайды және арланбайды»

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жер тиімді пайдалануы тиіс» деген мақала жарыққа шықты. Басылымның алғашқы бетінде жарияланған бұл материалда Ақмола облысында 1 млн 110 мың 300 гектар жер пайдаланылмай бос жатқандығы жазылған. Бүгінде ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жер телімдерін бөлуде осы өңірде заң бұзушылықтар жиі кездеседі екен. Мәселен, меншік құқығын бұзу, жерді бүлдіру, уақытша иеленіп отырған жерді одан əрі мақсатына сай пайдаланбай, жарамсыз күйге түсіру сияқты заңбұзушылықтар орын алады. Қазіргі күні облыс бойынша 100 гектар жер бүгінгі иелерінен мәжбүрлеп қайтарып алудың алдында тұр, деп отандық басылымға Ақмола облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының жетекшісі Талғат Мұхаметжанов сұқбат берген. 

«Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізінде заңды жəне жеке тұлғаларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жері бес жыл ішінде өзінің бастапқы мақсатына екі жыл қатарынан пайдаланылмаса, онда үшінші жылы сот шешімі арқылы мемлекетке қайтарылып алынады. Шынтуайтында, бес жыл тым ұзақ əрі тиімсіз. Сондықтан Жер ресурстары комитетіне бұл мезгілді қыс қарту жөнінде ұсыныс енгізіліпті. Бір жыл егін егіліп, келер жылы əлдебір себептермен егілмей қалса, ол жерді қайтарып алуға құқықтары жоқ. Жер пайдаланушылар осылайша ұзын сонарға салып, жерді тиімсіз пайдалана берулері де мүмкін» 

Еліміздегі кейбір құс фабрикаларының жұмысы тоқтап қалды. Өйткені оларға сәуір айынан бері субсидия берілмеген, деп жазады «Түркістан» газеті. Ал еліміздің 5 аймағында құс шаруашылығына мемлекеттік қаржылай қолдау кешігуде. Жыл соңына жақындаған тұста Алматы, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының шаруалары мемлекеттен берілетін қаржылай көмекке мұқтаж болып отыр. Алматы облысы - елімізде құс өнімдері бойынша алда келе жатқан өңір. Аймақ кәсіпорындары құс етінен республикадағы сұраныстың 45 пайызын, жұмыртқа бойынша 35 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ облыстағы құс фабрикалары сәуір айынан бері мемлекеттің қаржылық қолдауынан қағылған. Алматы облысында құс шаруашылығын дөңгелеткен ірі 8 компания бар. Оның 5-і ет, қалған 3-і жұмыртқа өндіреді. Алайда барлығы банкроттың алдында тұр. Себебі олар 2018 жылдың сәуір айынан бері тиісті субсидиялық қаражаттарды алмапты.

«Құс өсірушілерге бөлінетін субсидияға қатысты мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Сала мамандары бұл түйткілмен 4-5 жыл бойы алысып келеді. Бұрын субсидия бөлу құзыры Ауыл шаруашылығы министрлігінің еншісінде еді. Ал қазір облыс әкімдіктеріне басымдық берілген. Яғни, құс шаруашылығына қаншалықты субсидия бөлінетінін әкімдер шешеді. Негізінен, тауықтың әр келісіне 80 теңгеден субсидия қарастырылуы қажет. Алайда бұған назар салып, қадағалап отырған ешкім жоқ. Мәселен, елімізде құс етін өндіруден көш бастайтын Алматы облысындағы шаруалар субсидияның 20-30 пайызын ғана иеленіп отыр. Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Алматы облысында құс өсіру саласы экономиканың басымдық беріп отырған саласы емес деп шешіп, бөлінген қаржының тек 20 пайызын ғана құс шаруашылығын дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдаған».

Хабар 24 телеарнасы