378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шенеуніктің «тәбеті» қандай?

  • 1370
  • UPD: 12:41, 25.12.2018

«Астана ақшамы» газеті шенеуніктердің «зор тәбеті» туралы мақала шығарды.

Елордалық басылым өткен аптада 50 млн теңге қазынаның қаражатына үй сатып алған павлодарлық атқамінердің былығын тағы еске алды. «Ішегіңізді тартпай көріңіз, ауданы 230 шаршы метр үйді 50 млн теңгеге алғанымен қоймай, жалпы құны 226 млн теңгеге ерекше жайлы 5 пәтерді рәсімдеген», деп журналист Төлен Тілеубай ашынған халықтың наразылығын білдіргендей жазды. Жуырда Парламент қабырғасында сөз болған БҚО Ақсай қаласында аудан әкімінің «сарайын» жөндеу жұмыстарына бюджеттен 24 млн теңге бөлінгенін де әріптесім жадымызға салды. Төлен ағамыз жазғандай, ашқарақ шенеуніктердің тәбетіне қатысты осындай мысалдар жетерлік екен.

«Мемлекет басшысы бюджеттің ақшасын үнемдеу жөнінде үнемі айтып жүр. Бірақ «…қолда барда, қонышынан басып», «Мерседес», «Тойотаның» ең қымбатын «ерттеп» мініп, хан сарайындай үйлерде тұратын ұлықтар мен шенеуніктердің Елбасының сөзіне құлақ аспағаны ма? «Нұр Отан» партиясы осындай ысырапшыл әкімдердің рейтингін жасап, неге жұрттың алдында әшкерелемейді деген ойға қаласың. Ал әзірше біздің шенеуніктердің «тәбеті» ерекше болып тұр».

http://www.astana-akshamy.kz/

 

«Қазақ үні». 16 жастан түсік жасатуға рұқсат беру – болашағымызға балта шабумен бірдей

https://qazaquni.kz/wp-content/uploads/2018/12/2018122205511555.pdf

Ұлтымыздың ары саналатын қыздарға он алты жастан түсік жасатуға рұқсат беру – болашағымызға балта шабумен бірдей. «Қазақ үні» бетінде жарияланған мақалалардың бірінде жастайынан аборт жасату мәселесі тағы көтерілді. Әлі оң-солын танымаған, психикасы жетілмеген жас қыздарға «білгеніңді істе» дегендей, түсік жасатуға рұқсат беру – мектеп жасында жыныстық қатынас жасауға рұқсат берумен тең әрекет, - деп жазады журналист.

«Жыныстық қатынасқа түскен жас қыздар жасанды түсік жасата берсе, медицина тілімен айтқанда, олар болашақта ана болу бақытынан айырылады екен. Медицинада төрт түсіктің біреуі ғана қауіпсіз дейді. Сонымен бірге отбасы құндылығы да бұзылады. Елді бүйтіп шулатқанша, жасөспірімдерді мектеп табалдырығынан бастап отбасы институтына тәрбиелейтін ұлттық идеологияны қолға алу керек деп ойлаймын», - деп жазған әріптесім Ділдәгүл Нұрмаханбет тағы мынадай ұсыныстар айтып отыр.

«Жүкті болып қалған жас қыздар балаларын ата-аналарына айтуға ұялып, көшеде туып тастап кетпеуі үшін Үкімет олардың репродуктивті денсаулығын қадағалаумен, сауықтырумен айналысатын кешенді жасөспірімдер орталығын әр қалада, әр ауданда, әр аймақта міндетті түрде ашып, түбегейлі жұмыс жүргізуі керек. Алланың қалауымен пайда болған шарананы түсікпен өлтіргенше, бөбектер үйін көбірек ашу қажет. Кешенді жасөспірімдер орталығы міндетті түрде мектептегі жасөспірімдермен және отбасы институттарымен, бөбектер үйімен тығыз байланыста жұмыс жүргізуі үшін олардың қызметін арнайы үйлестіретін заң қабылдануы керек».

 

«Егемен Қазақстан». Басшы білмегенді қосшы қайдан біледі?

https://pdf.egemen.kz/pdfs/2018/12/24122018.pdf

«Басшы білмегенді қосшы қайдан біледі?» деп «Егемен Қазақстан» Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының директорын бір сөгіп алды. Республикалық басылымның алғашқы бетіне жарыққа шыққан мақаланың мәні мынада. Жақында Жамбыл облысына барған Үкімет басшысына жұмыспен қамту орталығында 4 мыңнан аса азаматтың жұмысшы мамандықтары бойынша білім алғаны баяндалды. Премьер-министр осы 4 мыңнан астам адамның қаншасы жұмыспен қамтылғаны туралы орталық директоры Елдос Кеңесбековтен сұрағанында, ол ештеңе айта алмаған. «Орталық басшысы бұл мəселеден бейхабар екен. Тек сырғытпа жауаппен, яғни 45% жұмыспен қамтылды деген сөзбен де құтыла алмады. Үкімет басшысы нақтылап қайта сұрап еді, сол күйі үнсіз қалған», деп жазады журналист Хамит Есаман.

«Тым болмаса осындай жауапты кезеңде дайындалуына болады ғой. Басшының міндеті цифр жаттау болмаса да, өзі атқарып отырған жұмысты өзі білмейтіні қай ақылға сыяды. Сонда көбісінің жұмысы тек қызметтік орнына барып-қайту ғана болғаны ма? Əлде тек бұйрық беру істі ілгерілете ме? Ал тиісті мекеме басшылары өздерінің жұмысын осылай білмей жатқанда, өзгелерден не сұрауға болады. Басшы білмегенді қосшы қайдан біледі. Көпшілік сеніп отырған басшылардың болмашы нəрсені білмеуі қоғамға пайда əкелмесі анық».

Хабар 24 телеарнасы