378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екібастұз жылу-электр орталығындағы қайғылы оқиғаға кім кінәлі?

  • 1079
  • UPD: 11:17, 08.02.2019

Павлодар облыстық газеті жақында Екібастұз жылу-электр орталығында болған қайғылы оқиғаға қатысты «Кінә кімнен» деген мақаланы жарыққа шығарды.

Қаңтардың 26 күні №8 қазандық құбыры жарылып, осы цех ауысымының басшысы Ержан Жақсыбаев есімді азамат қайнап тұрған судың астында қалды. Денесінің 90 пайызын термиялық күйік шалып, соның салдарынан опат болды. Бұдан кейін кәсіпорын қызметкерлері өмірлеріне алаңдап, жасырын хат жазған екен. Оны олар әлеуметтік желілерде таратқан. Хатта өндірістің еңбек қауіпсіздігі жағдайы мүшкіл екені айтылған. Сонымен бірге кәсіпорын басшылары бұл оқиғаға жәбірленушінің өзін кінәлап қоймаса дейді жұмысшылар. «Өйткені бұған дейін де ескерусіз қалған жазатайым жағдайлар болған екен. Мәселен, Гарбузов есімді азаматты бульдозер қысып қалған. Кеудесіне жарақат алған оған басшысы ешкімге тіс жармауын өтінген көрінеді», – деп жазады мақала авторы. Тағы бір азамат биіктіктен құлап, мертігіп қалған. Сонымен қатар қазандық бітеліп қалса да, құбырлары тесік болса да, тоқтатпай, жұмысын жалғастыратыны жайында да хатта жазылыпты. Бірақ мұндай жағдайларды өндіріс басшылығы жоққа шығарып отыр.

«Әлбетте, құзырлы органдар қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болған жағдайды және кінәнің кімнен кеткенін анықтар. Жазасын да берер Өкініштісі, бақилық болған азамат ортамызға оралмайды. Енді осындай жазатайым жағдайлардан сабақ алып, қауіпті саналатын өндіріс ошақтарында мұндай оқиғалардың қайталанбауына қарекет күшейсе, болғаны».

Хабар 24 телеарнасы