389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартпақ

  • 1235
  • UPD: 12:17, 13.03.2019

Шенеуніктер неге «комфорт-аумақтан» шыққысы келмейді? Қар еріп жатыр. Су тасқынынан сақ болайық! Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартпақшы.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Шенеуніктер неге «комфорт-аумақтан» шыққысы келмейді? Бұл – Егемен Қазақстанда жырық көрген мақаланың тақырыбы. Авторы Қалмаханбет Мұқаметқалидің жазуынша, қоғамда шенеуніктердің бұқара халықпен жұмыс істеуіне қатысты сын көп айтылатыны жасырын емес. Сол келеңсіздіктің қатарында шенеуніктердің жұмыс кабинетін жасақтауға қатысты уəж бар. Жəне ол негізсіз емес екен. Жақында Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік мекемелерге арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Нəтижесінде мемлекеттік қызмет көрс етілетін орындарға қатысты бірталай жайт анықталды.

«Мəселен, ақ жағалылардың дені атшаптырым кабинеттерде отыруды ұнатады екен. Жайлы кабинеттегі жұмсақ жиһаз бен жағымды атмосфера бұл жерге алғаш келген адамды мемлекет адамының қызмет орны емес, жеке кəсіп иесінің демалыс бөлмесіне кіргендей əсерге бөлейді. Қызметтік тексеру аймақтағы сегіз жүзден астам мемлекеттік мекемелерді қамтыған. Нəтижесінде қызметтік ғимараттарды пайдалануға қатысты заң бұзушылық орын алғаны анықталып, 50 000 шаршы метр аумақ тиімсіз қолданыста болғаны дəлелденді»

«Мысалы Талдықорған қаласы əкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы осыған дейін жалпы алаңы 206 шаршы метр ғимаратты жалға алып, оған əр жыл сайын 7 млн 380 мың теңге ақы төлеп отырған», – дейді Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков. Тексеруден кейін бұл мекеме Талдықорған қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратына көшіп, жалға берілетін қаражат үнемделді. Жалпы мемлекеттік қызметкерлердің бюджет қаржысы есебінен үлкен кеңсе жалдап, «комфорт аумақтарда» жұмыс істеуге деген құмарлығы заң аясында шектелуі тиіс. Сонда бұл келеңсіз үрдістің жолы кесіліп, басшылардың да елге бет бұруына жол ашылмақ, деп автор мақаласын түйіндеген екен.

Қар еріп жатыр. Су тасқынынан сақ болайық! Бұл – Ақмола облыстық «Арқа Ажары» газетінде жарық көрген мақаланың тақырыбы. Авторы Көкшетау қалалық төтенше жағдай басқармасының аға инженері Азамат Жақсыбаевтың жазуынша, Ақмола аймағында күннің көзі арқан бойы көтеріліп, қардың беті ери бастады. Су айдындарындағы мұз қатты болып көрінгенмен, ол да жұқара бастады. Кез келген су айдыны қар тез ери бастағанда, су тасқыны қаупін тудырады.

«Биылғы қыс айлары қарлы болды. Апта сайынғы гидрологиялық болжамға сәйкес, Есіл өзеніндегі ылғал қорының көлемі 18 пайызды, Шағалалы өзенінде 51 пайыз, Сілеті 10 пайызды құрады. Жабай мен Қалқұтан өзендеріндегі ылғал қоры нормадан асқан жоқ. Өткен жылғы күзде жауын мол жауды. Соның салдарынан жер терең қатты. Бұл өзен суының арнасынан шығуына ықпал етеді. Жабай өзенін зерттеудің қорытындысы бойынша ылғал қоры өткен жылғы көрсеткіштен 36 пайыз, қардың қалыңдығы 33 пайызға артық».

Ақмола облысында наурыз-сәуір айларында циклондар мен антициклондар жиі ауысып, ауа райын тез өзгертіп отырады. Ауа температурасының көтерілуі және жауын-шашынның түсуі қарды тез ерітеді, мұзды жұқартады, өзен суын арнасынан шығарады. Жазықтықтағы өзендер суы наурыз бен сәуір айларының үшінші онкүндігі аралығында арнасынан шығады.

«Жиналған ылғал қорының көлемі, қатқан топырақ тереңдігі және су қоймаларының толуы талданды. Осыған сәйкес, көктемде облыстағы Есіл, Сілеті, Қалқұтан, Жабай, Шағалалы өзендерінің жағалауында орналасқан бірқатар елді мекенді, өнеркәсіп нысандары мен инфрақұрылымдарды су алып қалуы мүмкін. Осы орайда су тасқыны тәуекелдігінің алдын алу мақсатында өкілетті органдарға су қоймаларындағы суды ағызып жіберуді ұсынамыз».

«Су айдынындағы қайғылы оқиғаларға көбіне балалар душар болады. Олар өзеннің мұзында сырғанағанды жақсы көреді. Бұл мәселеде де абай болу керек», – деп автор мақаласын түйіндепті.

Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартып, тың басқармашылық тәжірибеге көшпекші. Мұндай мақала Қазақ үнінде жарық көріпті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, онда әкімдіктің бес басқармасында менеджмент амалын өзгертуді тапсырды.

Данат Жумин, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Біріншіден қала әкімінің орынбасары, яғни мен және бес басқарма кабинеттік жүйеден ашық кеңселік кеңістікке өтеміз. Біздің арамызда қабырғалар мен қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнектен тұратын болады. Алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. Екіншіден біз халыққа жақындай түсеміз. Есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Мейлі кәсіпкер, инвестор, қарапайым азамат болсын ешқандай тексерусіз азаматтарды қабылдайтын боламыз.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «ашық» кеңседе барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері жиналады. «Заманға сай амал-әдістер жергілікті атқарушы органда қаншалықты тиімді болады? Тәжірибе сәуір айында басталып, жыл соңында аяқталады. «Кейін қорытындысын шығарып, халыққа міндетті түрде хабарлайтын боламыз», – деп әкімнің орынбасары өз ойын түйіндепті.

Хабар 24 телеарнасы