Біздің елде ем алуға ниетті шетелдіктер жыл сайын көбеюде, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Дегенмен өзге елден жанына дауа іздеген отандастарымыздың саны одан ондаған есе көп екен.
Egemen Qazaqstan
Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр Қазақстанға 2 мыңнан аса шетелдік емделуші келіп кеткен екен. Алайда өзге елдің дәрігерлеріне жүгінген отандастарымыздың саны 50 мыңға жуықтап, ішкі нарықта теріс сальдо байқалған. Мұның басты себебі неде? Елдегі медициналық туризмді өркендету үшін қайтпек керек? Бұл сауалдарға «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Медициналық туризм: сырттан келетіндерден сыртта емделетіндер көп» тақырыбындағы мақаладан жауап таба аласыз.
Ғалымжан Сейсенбек, денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының медициналық туризмді дамыту бөлімінің басшысы:
- Қазақстан – медициналық туризмді дамытуға қолайлы ел. Әлемдегі экономикалық үдерістерді ескерсек, біздегі басты артықшылық – медициналық қызметтердің қолжетімділігі. Адамдар қазір тиімді өмір сүруге тырысады, бұрынғыдай ақшаны оңды-солды шашпайды. Осы ретте еліміз шетелдік емделушілерге ыңғайлы болып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, үкіметтің қолдауымен қазір көптеген мекемелер соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақталып жатыр. Әсіресе отандық стоматологияға шеттен қызығушылар көп. Мысалы, біздегі стоматологиялық қызмет Еуропа елдеріне қарағанда 10-15 есеге арзан. Мұндай деректі Қазақстан стоматологтар қауымдастығы ұсынып отыр. Бұл қызмет түрін шетелдіктер кеңінен пайдаланып жүр. Сонымен қатар трансплантология саласы да біртіндеп жолға қойылуда. АҚШ-та ағза мүшелерін ауыстыру шамамен 100 мың долларға шықса, біздегі бұл қызмет түрі едәуір арзан. Отаның сапасы да еш кем емес.
Авторы: Нұрлан Жақыпбеков