384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу. Бектемір сопы кесенесін кім біледі

  • 854
  • UPD: 12:30, 19.06.2019

«Ана тілі» газеті ҚР Мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері Серік Тілеубаевтің шағымын жариялаған.

Оның мәні мынада. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Бектемір сопы кесенесін кеңінен танымал ету. Мақалада бұл кісі 1710-1790 жылдары өмір сүріп, Керуен жолының бойында керуен басы болған тұлға. Бектемір сопы Ұлытаудың Басқамыр қаласындағы мыс қорытатын пештерден алтын, күміс заттарды Қытай, Үнді, Иранға апарып, бағалы бұйымдарға айырбастаған. Содан қайтадан Оңтүстік арқылы Басқамырға соғып, әрі қарай Атбасар, Бурабай, Қызылжар арқылы Ресей қалаларына дейін барып, бағалы аң терілерін алып қайтқан. Соғыс жүріп жатса да сауда керуендерін сақтап, межелі жеріне барып отырған. Бірнеше тіл білгенге ұқсайды, деп жазылған. Серік Тілеубаев осы Жібек жолының бойымен неге туризмді дамытпасқа, деп Мәдениет және спорт министрлігіне сауал жолдап жатыр.

«Министрлік Ұлытау ауданында жылда этно-ауыл мәдениетін көрсетеміз деп миллиондаған қаржыны далада тойлап қайтуға жұмсағанша, өздерінің меншігіндегі тарихи орындарды халықаралық туризм саласын дамытуға неге көңіл бөлмейді? Егер осылай болғанда туризм өтетін жерлер дұрыс дайындалып, халықаралық талап деңгейінде көркейер еді. Осы мәселе баршамызды ойландырады»

«Кәсіпкерлер құқығы аяққа басылмасын» деген бизнесмендердің құқығын қорғау мәселесін көтерген мақала кеше «Егемен Қазақстан» газетіне шықты. Мұнда «мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің заңды талабын орындауға құлықсыз» делінген. Осылай деп жазған республикалық басылым дерек дәйекті болу үшін нақты дәлел келтірген. Қызылжарлық Ерік Әзеновтің СҚО әкімдігімен үш жыл алысып жүргені туралы жазылған. Дәлірек айтқанда, қос тарап 2016 жылы жер қойнауын пайдалану жөнінде арнайы келісімшартқа отырған. Сол бойынша кен орнында 6 млн АҚШ долларына ас тұзын өндіретін зауыт ашып, 100 адамды жұмыспен қамту көзделген еді. Алайда теріскейдегі әкім-қаралар тиісті жер телімін бермей, шаруаны жүргізуге кедергі келтіруде, дейді кәсіпкер. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатиров мұндай фактілерден кейін кейбір мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік пайда болуы ықтимал екендігін жасырмады. 

«Кезінде «Семей Инжиниринг» АҚ мен Қорғаныс министрлігі арасында осыған ұқсас жағдай тіркелген еді. Зауыт министрліктің тапсырысын толық көлемде орындап шықты. Әйтсе де жауапты ведомство атқарылған іске қаражатты аудармай әлек қылды. Салдарынан ақшаны сот арқылы алуға тура келді». 

Ақтөбе облысында баспанаға аса мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі, деп жазады «Егемен Қазақстан». Ол үшін жергілікті әкімдік баспанаға аса мұқтаж жандарды қолдаудың байыпты бағдарламасын бекітті. Бүгінде оның нақты тетіктері жасалып, бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге аса бастапты. Оның басты ерекшелігі қандай? Біріншіден, баспанаға аса мұқтаж отбасылар мен жандар үшін алғашқы жарналарын төлеудің тиімді жолдары іздестірілуде. Өңірде «Бақытты отбасы» деген бағдарлама іске асып жатыр. Оның аясында қайырымы мол, табысы жоғары азаматтар мен компаниялар көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасыларға тұрғын үймен көмек көрсетіп келеді. Мәселен, «Қол­ғанат-Ақтө­бе» қо­ғамдық қоры­ биыл «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұр­ғын үй бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 37 отбасының бастапқы жарнасын төлепті. Ал Қоғамдық құрылымдағы қаржы көздері кәсіп­орындар мен қа­йырымы мол жан­дардың кө­мегі есебінен толығып отырады. Мысалы, биыл Марат Ите­ғұлов деген азамат оған 20 миллион теңге кө­лемінде қаражат аударса, бұдан «Берекет» ЖШС жетек­шілері де қалыспапты. Мұндай мысалдар жеткілікті, деп жазылған республикалық газетте.

«Тұтастай алғанда, биыл облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 1600 пәтер пайдалануға берілмек. 2019 жылдың басында облыс орталығында xалықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын тұрғын үймен қамту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам тұрғынды қабылдаған екен. Соның ішінде баспанаға аса мұқтаж отбасылар анықталып, олардың өтініштері оң шешімін тауыпты».

Хабар 24 телеарнасы