386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде биыл 236 адам суға кеткен

  • 311
  • UPD: 12:19, 08.08.2019

Шомылу маусымы басталған күннен бері елімізде 236 адам суға кеткен, оның ішінде 81 бала бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ажал құшқандардың барлығы шомылуға тыйым салынған, шомылу құралдарымен жабдықталмаған және жедел құтқару жасағының құтқарушылары жоқ жерлерде суға түскен. Мұндай сұмдық статистиканы «Айқын» газеті жазып отыр. Осыған орай республикалық басылым былай деп ескертеді. «Мас күйде шомылуға болмайды. Суға түсуге жабдықталмаған және тыйым салынған орындарға түспеңіздер. Шомылу барысында камера, доп, ағаштарды пайдаланбаңыздар. Олар желмен тез ағып кетуі мүмкін. Жүргінші және көлік көпірінен суға сүңгімеңіздер. Белгісіз жерлерде шомылмаңыздар. Балаларыңызды тек жандарыңызда ұстаңыздар, болмаса көзден таса қылмаңыздар. Суға батып барамын деп жалған сигнал бермеңіздер. Шынымен суға батып жатсаңыз, сізге сенбеуі мүмкін! Мүмкін қарапайым ережелер шығар, бірақ адам өмірін сақтауға арналғанын естен шығармайық».

«Енді сексен бір ана баласын құшағына алып, шашынан иіскеп мейірленбейді. Қылықтарына қарап мәз болмайды. Енді олар «Анашым, балалармен ойнап келейінші?» деп сұранбайды. Ал енді осыны болдырмау өз қолымызда емес пе еді?! Неге біз қарапайым шарттарды орындамаймыз? Оны тайға таңба басқандай қылып төтенше қызмет өкілдері «Адамдар ажалының негізгі себебі шомылуға арналмаған жерде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру...» деп түсіндіріп те жүр, айта да бермек. Құлықсызбыз. Басымызға түскенде ғана шырылдаймыз».

Атырау облысында түйелердің қырылып жатқаны тіркелді. Теңіз мұнай-газ кен орны орналасқан Жылыой ауданының Аққызтоғай ауылында, Құлсары ауданы орталығындағы жеке шаруалардың біраз түйесі аяқ астынан өліп қалған, деп жазады «Айқын». Былтыр белгісіз індеттен Маңғыстау облысында әуелі түйе, сосын жылқы түлігі қырылған болатын. Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде бір жарым мың қой бір күнде жусап қалған еді. Төрт түлікке төтен тажал қайдан, неден келді?

Мұндай оқиға орын алғанда сарапшылар бірден сынама алады. Малдың неден қырылғанын анықтау үшін бірнеше ай өтеді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Жармыш ауылындағы түйе мен жылқының ажалы құтырған қасқырдан болған көрінеді. Осыны анықтағанша бір ай өткен. Алынған сынама ауданға, сосын облысқа, сосын астанаға жіберіледі. Түпкі қорытынды шыққанша ауру өршиді, мал қырылады. Осы жағдайдан кейін ғана карантин жарияланған.

«Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлі-метінше, 3 мен 28 шілде аралығында Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында және Құлсары қаласына қарасты Жадырасын ықшамауданында 11 бас түйе шығын болған. Шұғыл сараптама жасалған. Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулардың ешқандай белгілері жоқ. Ветеринарлар бұл цефалопиноз деген ауру деп қорытындыға келген. Жалпы, еліміз бойынша ветеринария басқармаларының жұмысын қайта құру қажет секілді. Жағдайға тез реакция жасау деген жоқ. Бір-біріне сілтеу көп. Мал мен малшылар өмірін сақтау тұрғысындағы шұғыл шаралар қабылдау ісінде үйлесімді әрекет жетіспейді».

Хабар 24 телеарнасы