386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу. Қару қатаң бақылауда болады

  • 346
  • UPD: 11:43, 09.08.2019

Азаматтардың қару ұстауы қатаң қадағаланады. Ішкі істер министрлігі азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылауды күшейту іс-шараларын тұрақты жүргізіп келеді.

Осы мақсатта биыл бірқатар ведомстволық бұйрық шықты, деп жазады «Егемен Қазақстан». Азаматтық және қызметтік қарудың ұрлануының алдын алу үшін қару мен оқдәріні орталықтандырылған орында сақтау қарастырылған. Бұрыннан заңды тұлғаларға қаруды күзет ұйымдарының қару-жарақ бөлмелерінде сақтауға рұқсат етілген. Енді мұндай мүмкіндік жеке тұлғаларға да берілді. Бірақ азаматтарға қаруын үйде немесе белгіленген орында сақтауды таңдауға еркі бар. Қару иелерінің салғырттығынан, сақтау талаптарын орындамауынан ұрлыққа жол беріледі. Сондықтан осындай шаралар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ жаңа ережелер негізінде ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қаруларды сату тәртібі реттелді. Бұған пневматикалық, сигналдық қарулар және газ бүріккіштері жатады. Мұндай қаруды сатып алғысы келетіндер кәмелеттік жасқа толғанын растап, дүкенге сотталмағандығы, медициналық теріс көрсеткіштерінің жоқтығы және қару ұстаудың қауіпсіздік ережелері бойынша біліктілік тексеруден өткендігі туралы анықтама беру керек. Бұл қадамға полицияның рұқсатынсыз сатылған қарулармен жасалған қылмыстық оқиғалардың тіркелуі себеп болған. Мысалы, осы санаттағы қарулармен 2017 жылдан бері 157 қылмыс жасалыпты. Оның 33-і қарақшылық, 88-і бұзақылық болса үшеуі өлімге әкеп соқтырған. 2018 жылы Қазақстанға 4 мыңнан аса сигналдық қару әкелініпті, дейді ІІД Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.

«Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымдағы 3,5 мыңнан аса атыс қаруы тәркіленді. Оның басым көпшілігін азаматтар өз еріктерімен тапсырған. Жыл сайын азаматтардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқдәріні және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп келеді. Қазіргі таңда полицияға 1,3 мыңнан аса азамат жүгініп, 107 млн теңгеден аса соманы құраған 2 мыңнан аса атыс қаруын, 185 мың патрон, 16 кг жарылғыш зат тапсырылған. Қаруды сатып алу акциясы өз тиімділігін көрсетіп, бес жылда атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың 42,2%-ға төмендеуіне ықпал етті».

Елімізде өндіріс апатынан болатын кісі өлімі мен жарақат алу оқиғалары азаймай тұр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде мақала шықты. Мәселен, жыл сайын 1,5 мың азамат жазатайым оқиғаға ұшырап, 200-дей адам көз жұмады екен. Ел аумағында қауіпті өндіріспен 1800 кәсіпорын және ұйым айналысады. Соңғы 12 жылда Қазақстанда 2,5 мың өндірістік апат орын алған. Соның салдарынан 1680 адам зардап шегіп, 3018-і қаза тапқан. Жыл сайын жұмыс орнындағы апаттың кесірінен 260-тан аса адам түрлі деңгейде жарақат алады. Бас шаһарда биыл 28 өндірістік жарақат тіркеліп, 26 қызметкер жапа шеккен. 7 жағдай адам өлімімен аяқталды. Мұндай оқыс оқиғаларға көбіне жұмыс берушілер кінәлі. Өйткені жұмыс орындарында қызметкерлерге дұрыс жағдай қарастырылмаған. Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды және бұл туралы жөнді түсіндірілмейді, дейді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев беріп отыр. 

«Заңға өзгеріс енгізу қажет. Біз ұсыныс жасап жатырмыз. Жыл басынан бері салалық кәсіподақтармен бірлесіп, 100-ден аса кездесу өткіздік. Жұмысшылардың талаптарына қанықтық. Көп жерлерде жұмыс берушілер қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Әлбетте үлкен ұйымдарда ол сақталған. Алайда қосалқы мердігерлік компанияларда бұл талап ескерілмей жатады. Жазатайым жағдайға ұшырағандардың дені мердігер ұйымдардың жұмысшылары. Осыны ескеріп, астанада арнайы оқу курсын өткіздік. Шамамен 4 мыңдай адам қамтылды».

Хабар 24 телеарнасы