384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысы мен заманауи тұлғасы

  • 760
  • UPD: 12:13, 13.08.2019

Қазақ сөзінің Қажымұқаны. Осындай тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде қазақтың қабырғалы қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлына арналған көлемді мақала жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Авторы - ақын, журналист Өтеген Оралбайұлы. Естелік жазушының туғанына 80 жыл толуына орай жарияланып отыр.

Цитата 1: «Әбіш аға – Әбіш Кекілбайұлы туралы ойлағанымда, ұлттық өркениеттің өркешіндей болып өресін көрсеткен, сол арқылы әлемдік руханияттың әлеуетіне ар қосқан, әл қосқан, әр қосқан абыздарымыз еске түседі. Ұлт мәдениетінде ұлағатты құрметпен әз есімдері әулиедей аталатын төрт абыз: Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қанекең – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Ахаң – Ахмет Қуанұлы Жұбанов, Әлекең – Әлкей Хақанұлы Марғұлан есімдері халықтық парламенттің бірауыздан даусын алып, заман дүрлері деп заңды түрде мойындалған. Зиялы қауым зайырлы ортада қазір осы тізімге Әбекеңді – Әбіш Кекілбайұлын да қосып, жалпыжұрттық пейілмен айта бастады. Халық танып айтады, ақиқатын анық айтады».

Автор қаламгер мен оның туып-өскен өңірі арасындағы байланыс жайын да баяндайды. Яғни оқырман қауым Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысына бойлау үшін әуелі Маңғыстаудың табиғаты мен тарихын тану керек деген ой айтады.

Цитата 2: «Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысы мен заманауи тұлғасын тереңірек тану үшін Маңғыстаудың табиғаты мен тарихын жете білген жөн дегенім бар-ды. Қаламгер қашанда туған топырағына тартады. Туған елінің тарихына тартады. Бала жастан көкірегіне сіңген шежіре мен өзі көріп, біліп өскен жайттарға етене ден қойғандықтан, оның дүниетану болмысы өзгеден оқшау, өзіндік ерекшелікке ие болатыны содан. Осы тұрғыдан келгенде, Кекілбаевты тану үшін Маңғыстауды тану керек, Маңғыстауды тану үшін Кекілбаевты түсіну керек. Дала философиясының дәні де, мәні де ұлы даламызда жатыр. Әбіш әлемі осынау тарихи аймақтың талайлы шежіресі мен талғамды танымын көрсететін көрнекі құрал секілді. Әбіш әлемі деген теңеуге орынды баға беру үшін әуелі ұлы даланың ұланғайыр тарихын көңілге қондыру керек. Осынау даланы тануға деген азаматтық ой көзі керек».

 

Хабар 24 телеарнасы