386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық БАҚ: Қазақстанда 2021 жылы бұрын-соңды болмаған антирекорд орнатылмақ

  • 372
  • UPD: 12:04, 14.08.2019

Бүгінгі шолуымызды «Егемен Қазақстан» газетінен бастаймыз.

Бұл басылымның кезекті санында жарық көрген мақаланың бірі «Қазақ қабілеті» деп аталады. Тақырыбы айтып тұрғандай, автор ұлтымыздың бойындағы қасиеттерді түгендейді. Әсіресе, әр кезеңде өмір сүрген ұлы тұлғаларымыздың мінезін, болмысын көз алдымызға әкеліп, сол арқылы қазақтың кезінде қандай болғанын көрсетеді.

«Алаш арыстарының қабілет қарымының шет-шегіне екінің бірінің өресі жете алмаса керек. Елдік іс, ұлт тілі, ұрпақ болашағы – олар қозғамаған тақырып кемде-кем. Қозғап қана қоймай, шамалары жеткенше іске асырғандары да аз емес. Іске аспағанын қағаз бетінде қалдырып кеткен. Олардың кемелдіктері – білім-біліктері таныған, түсінген адамға таптырмас құрал, адастырмас бағыт. Елім, жұртым дегенде бір саламен шектеліп қалмай, әлемнің мықтыларымен ой қағыстыра келіп, иықтасып тұра қалғанда еңселері биік көрінеді».

Шолуымызды әрі қарай Қызылорда облыстық Сыр бойы газетімен жалғастырамыз. Бұл басылымда жарық көрген мақаланың бірі сөз құдіретіне арналыпты. Автор әуелі xалқымыздың ежелден сөзге ерекше мән бергенін атап өтіп, бүгінгі аxуалға да тоқталады.

«Атақты Бұқар жыраудың «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Айтайын дегені, көпшіліктің алдында сөз сөйлеудің жауапкершілігін білдірсе керек. Себебі сөз – кие, сөз – қару, сөз – саясат, сөз – құдірет, қасиет. Мәселе сөзді қалай пайдалануда. Себебі сөз досқа пір, дұшпанға зіл, шат көңілге шабыт, қам көңілге демеу. Қазіргі осы сөзге мән беріп жүрміз бе, оны қадірлейміз бе? Бабаларымыздан қалған асыл қасиеттеріміздің бірі мәртебелі сөз құндылықтарын осы кезге жеткізе алдық па? Кейінгі ұрпақтарға – інілер мен балаларымызға жалғастыра, үйрете алдық па деген сұрақтар көңілді мазалайды. Ауыз толтырып айту қиын. Бұл өзекті мәселе, мүмкін көп кінәрат үлкендер бізде жатқан шығар».

Мақалада сөздерді орынсыз қолдану мәселесі де көтеріледі. Автор солардың бірнешеуін мысал ретінде көрсетеді.

«Ақыл» деген сөзді оңды-солды қолдана беруге болмайды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, он мың адамның біреуі ақылды екен. «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр», – дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы, «Кім ақылды болса, сол бақытты» (Пайғамбар хадистерінен). «Ақыл – жаратушының сыйы», – дейді тағы бір данышпанымыз. Осының бәрі бізге еліктеуден, басқа халықтардан, әсіресе орыс тілінен ешбір ойланбай, байыбына бармай нақпа-нақ тікелей аудара салған сөздер. Әлде, уақыт пен кеңістік ауысып, мына жанталасқан, алмағайып заманның талабына сай айтылған сөз бе?».

Қазақстанда 2021 жылы бұрын-соңды болмаған антирекорд орнатылмақ: жастардың саны шамамен миллионға азайғалы тұр. «Айқын» газетіндегі жастарға арналған мақала осылай басталады. Автордың айтуынша, бұл жағдай еліміздегі еңбек нарығына да ықпал ететін көрінеді. Әрі сөзін дәйекті ету үшін, статистикалық мәліметтер ұсынады.

«2021 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде еңбек нарығына 22 жастағы білікті жұмыс күшінің қосылуы тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі деңгейге дейін құлдырайды. Бұған 1997-2002 жылдар аралығында елімізде бала туу көрсеткішінің аз болуы ықпал етпек. Өйткені 1990 жылдардың соңындағы қолайсыз экономикалық жағдайларға байланысты республика халқының саны айтарлықтай қыс¬қарды. Мәселен, егер 1992 жылдың басында Қазақстанда 16 миллион 452 мың адам тұрса, ал 2002 жылдың басында елде небәрі 14 миллион 851 мың адам ғана қалды».

Хабар 24 телеарнасы