386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балығы жоқ Қайыңды көлі аруақтар мекеніне теңестірілген

  • 301
  • UPD: 13:03, 15.08.2019

Қазір қоғамда дау тудырып, жан-жақты талқыланып жатқан мәселенің бірі оқулықтағы олқылықтар. Әсіресе әлеуметтік желілерде ата-аналардың жанайқайы анық білініп жатыр.

Қыркүйек жақындаған сайын өзектілігі арта түсетін бұл тақырыпқа бас басылым да мақала арнады. Оған «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының жұмысына айтлған сын себеп болған.  

«Ең қызығы, көрсетілген қателіктерді «Оқулық» орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова өрескел олқылыққа емес, техникалық ақауға жатқызып ақталды. «Өздеріңіз куә болған қателер көбіне техникалық жағынан кеткен. Ал енді ағылшыннан бұрыс аударылған сөздерді алдымен көруіміз керек. Сонан соң баспалардан кітапқа дұрыс аударманың қосымшасын беруді талап етеміз», дейді. Онсыз да кітап, жұмыс дәптері, сөздік дәптер, жазу дәптерін арқалайтын балаға енді мына қосымша жүк болатынын айтпағанда, миын ашытып жіберетіні сөзсіз». 

Қазақ жерінде көркіне көз тоймайтын көрікті мекен өте көп. Солардың бірі Көлсай көлдері. Айқын газетінің кезекті санында жарық көрген мақаланың бірі осы бір туристік нысанға арналыпты.  

 «Иә, Көлсай үшеу – Жоғарғы Көлсай, Орта Көлсай, Төменгі Көлсай. Төменгі Көлсайдың жолы жеңілдеу, сондықтан туристердің негізгі бөлігі осы жерден тоқтайды. Шыдамдылары Ортаңғы Көлсайға дейін жетеді, қайтпас қайсарлары Жоғарғы суды да көріп, тамашалап, таңдайын қағып қайтады. Теңіз деңгейінен 1 818 метр биікте жатқан көлдің суы тұщы, тағы бір ерекшелігі, әркез тас бұлақтың суындай мұп-мұздай. Алақаныңа мөп-мөлдір тамшыны іліп алып, ерніңе тигізсең, шекеңнен бір-ақ шығады. Бірақ мұздай бола тұра, суы балдай»

Мақалада Көлсайға қатысты деректер өте көп. Тіпті оның маңайындағы елді мекендер мен олардың инфрақұрылымына қатысты ақпарат та бар. Сондай-ақ автор Қайыңдыға қатысты айтылатын аңыздарды да баяндайды.

«Рас-өтірігі белгісіз, бұл жерді аруақтар мекеніне теңегендер бар. Көл бетінен сойдиып-сойдиып шығып тұрған қарағайдың қуарған сабағына қарап, бұл маңдағы тіршілік тоқтап қалған-ақ екен дерсіз. Алайда анықтап көз жіберсең, ағаштың су астындағы бөлігінің жайқалып тұрғанын аңғарасыз. Демек, су асты тіршілігі өз жолымен жанданып, жайқалып-ақ тұр. 1910  жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда  болған Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1 867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр. Аруақтар мекені аталуының сырына келсек, мұнда балық жоқ, сондықтан тіршілік тоқтап қалғандай көрінеді. Бірақ сәл анықтап қарасаңыз, көл астында тербелген ағаш жапырағы тіршілік жоқ деген сөзіңізге қайшы келіп, мұндағы тіршілік басқа өмір, басқа әлем екенін ұғындыратындай».

Шолуымызды әрі қарай Қостанай таңы газетімен жалғастырамыз. Бұл басылымда жарық көрген көп мақаланың бірі Жұлдыз жарықшағы деп аталады. Онда аймақтағы метеорит құлаған жер туралы айтылады. АВтор осыған қатысты деректерді салыстырып, оқиғаның рас-өтірігін ажыратуға тырысады.

«Зерттеушілер геологиялық, палеоботаникалық, аэрофототүсірілім материалдарының бір-бірімен байланысына және ғылымдағы басқа да гипотезаға сүйеніп, бұл мекен аспан денесі құлаған орын деген байламға тоқтапты. Олигоцен-миоцен (палеоген дәуірінің соңғы – неоген дәуірінің алғашқы кезеңі) дәуірінде метеор сынығы жерге келіп соғылған кезде диаметрі бір шақырым шұңқыр болып үңірейіп қалады. Уақыт өте келе іші топыраққа толып, тегістеліп қалады. Кезінде кеңестік ғалымдар тартылып қалған көл орнын 138 метрге дейін қазып, тереңдете отырып топырақ қабаттарының сынамаларын алған ғой, сонда одан миллиондаған жылдар бұрын жер бетінде өсіп, кейін көміліп қалған өсімдіктің не бір түрі табылыпты. Сол 138 метрден кейін қазу жұмысы тоқтатылған. Бәлкім қаза берсе, ежелгі жабайы аңдардың қаңқалары табылып қалар ма еді, кім білсін?»

Хабар 24 телеарнасы