387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық БАҚ: СҚО-да мектептерді жөндеуге мұғалімдер жегілген

  • 507
  • UPD: 10:36, 23.08.2019

Су қоймалары суға тәуелділікті шеше ала ма? деген сұрақтың жауабын «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі іздеп көрді.

Отандық басылымда басылған мақалада «Жамбыл облысында бүгінде су тапшылығын жою, сол арқылы суармалы алқаптың көлемін арттыру мәселесі өзекті» делінген. Бірінші кезекте көрші Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасынан келетін суға тәуелділікті болдырмау үшін өңірде бірқатар жұмыс қолға алынған. Әйтпесе Алатаудың арғы бетін жайлаған айыр қалпақты ағайындардың кейде суды бекітіп, кейде суды мөлшерден көп жіберіп жататыны бар. Тіпті кейде шіліңгір шілдеде, еңбек нағыз қызған уақытта бөгендерді бекітеміз деп өңір диқандарын әбігерге салатыны да болады. Өңірде «Киров» су қоймасына тәуелділіктен арылу мақсатында салынып жатқан су қоймаларының саны артуда. Биыл олардың саны 107-ге жеткен.

«Жамбыл су қоймалары» мекемесінің бөлім басшысы Мақсат Жұматовтың айтуынша, облыста су қоймаларының техникалық жағдайы 10-15 пайыз қанағаттанарлық болғанымен, оған 50-60 пайыз ғана су толтыруға болады екен. Ал жүз пайызға дейін шығуына әлі біраз уақыт керек. Өңірде көбейіп келе жатқан су қоймалары келешекте «Киров» су қоймасына деген тәуелділікті жоя ала ма, жоқ па, ол да уақыттың еншісінде».

СҚО-да мектептерді жөндеуге мұғалімдер жегілген, деп жазады «Егемен Қазақстан». Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанына қарамастан, мектептерді жөндеумен айналысатын құрылыс ұйымдарының жайбасарлығы қарын аштырады. Оны БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова да айтады. Оның айтуынша, 5 мектепте құрылыс жұмыстарының кешеуілдеп отырғанын айтады. Әсіресе, апаттық деп танылған Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебінде жағдай әлі дабыл қағарлық. Тендер жыл басында өткізіліп, қазынадан 98 млн теңге бөлінгеніне қарамастан, «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорны өз міндетін жұмыс күші, кәсіби мамандары жетіспейтін қосалқы мердігерге арта салғаны байқалады. Ата-аналардың шағымы бойынша осында болғанымызда құрылысшылардан гөрі мұғалімдердің көптігі, мердігердің сылбыр қимылы салдарынан ұстаздар қауымының қолбала құсап жұмысқа тартылғанын байқадық, деп жазады отандық басылым.

«Таң атқаннан кеш батқанға дейін еден жуу, жиһаз тасу, басқа да ұсақ-түйек шаруаларға «жегілуіне» қарағанда әдет болып кеткен сықылды. Әлде Президенттің Тамыз кеңесінде жүктеген талаптарының өңірге қатысы жоқ па? Мемлекет басшысы өз сөзінде ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға тартатын тұлға, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс екенін қадап айтқан болатын. Қолдарына қалақ ұстап, қабырға сыламаса да, құрылысшылардан бір мысқал қалыспай жүрген ұстаздар жөндеу жұмыстары шатқаяқтап жатқан басқа мектептерде де аз емес».

«Егемен Қазақстан» газеті қазақстандық Стив Джобстарды іздеп жатыр. Осы орайда отандық басылым жас өнертапқыштар мен олардың өнер табыстары туралы жазған. Қалың топтан дараланып, көзге түскендердің арасында Нұрлан Қаржаубаев бар. Жас инноватор – Smart Detector идеясының авторы. Ақылды жүйеге негізделген стартап тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алуға арналған. Басқарушы блоктан тұратын смарт детектор адам жоқ кезде үйдегі электр қондырғыларын автономды түрде сөндіреді. Өндірістік құжатты ресімдеуде әжептәуір бюрократиялық қиындықтарға тап болған Сәбит Бакиров  Ai-Legal онлайн кеңесшіні ойлап тапты. Бұл – түрлі дау-дамайды заңға сүйеніп шешуге, сондай-ақ сот тәуекелдерін фемида өкілдеріне жүгінбей-ақ реттеуге септесетін онлайн кеңесші. Жасанды интеллект негізіндегі өнім кез келген өндірістік құжатқа байланысты жауапты қысқа уақытта алуға жәрдемдеседі. Astyq – тағы бір талапшыл жас Әділет Мүсәлімовтің ойлап тапқан өнертабысы. Аталған ақылды жүйе диқандарға шығын көлемін әрбір мың гектардан 2 млн теңгеге дейін қысқартып, 8 сағаттан 60 сағатқа дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Қазақстандағы креативті жастардың жайы қалай? Отандық бизнес жас өнертапқыштарды қолдауға дайын ба? Сандарды сөйлетсек, ресми статистика көңіл көншітпейді. Соңғы жеті жылда Қазақстаннан 300 мыңнан аса адам басқа елге қоныс аударыпты. Олардың 70% еңбекке қабілетті азаматтар. Оның ішінде жоғары білімді қазақстандықтардың қатары аз емес. Статистика комитетінің есебі бойынша, былтыр жоғары білімді 12 360 және орта кәсіптік білімі бар 10 306 адам шетелге кеткен. Десек те, ауызды құр шөппен сүрте беруге тағы болмайды. Мемлекет өз тарапынан білікті кадрлардың сыртқа ағылу үрдісін мейлінше азайтудың қам-қарекетін ойластырып-ақ жатыр. Әсіресе ел экономикасының локомотивін қалыптастыратын жас дарындарды қолдауға бағытталған бағдарламалар жеткілікті».

Хабар 24 телеарнасы