389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу: Министрлер айыппұл төлеуі тиіс

  • 270
  • UPD: 10:44, 04.10.2019

Министрлер айыппұл төлеуі тиіс. Бұл – «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақаланың тақырыбы.

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі сөз алған. Өз кезегінде Руслан Дәленов былай депті. «Біз 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін жүзеге асқан 10 мемлекеттік бағдарламаға талдау жүргіздік. Олар бойынша жалпы алғанда шамамен 9 триллион теңге игерілді. Бірақ біздің ойымызша, бюджеттің 608 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалды. Атап айтқанда, кіріс көбеймеген, жұмыс орындары ашылмаған. Сондықтан мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені үшін жауапкершілік белгілеу қажет деп санаймыз». Ал бұл ұсынысты Дариға Назарбаева қолдады.

Қазіргі кезде Сенат депутаттары Есеп комитетімен бірлесе отырып, аталған бағытта айыппұлдар белгілеп, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізу мәселесін пысықтауда.

Израиль премьері Нетаньяху жемқорлық жасады деп айыпталды: тергеу жүруде. Бұл жайында Euronewsке сілтеме жасап «Айқын» жазған екен. Басылымның мәліметінше, Израильде премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың жемқорлыққа барды деп айыпталғанына қатысты сот тыңдауы басталды.

Алайда үкімет басшысының тоғыз адвокатының біреуі премьер-министрдің аталған істерге қатысының жоқтығына дәлел ұсынамын деп отыр. Қатарынан төрт күн өтетін сот тыңдауына Нетаньяхудың өзі қатыспайды. Сот шешімі желтоқсанның ортасына дейін шығады.

Сапарбаев атлеттер мен балуандардың әлем чемпионатындағы нәтижесін сынады. Мұны «Жас Алаш» жариялаған екен. Тілшінің мәліметінше, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 3 қазанда Нұр-Сұлтанда бокс, күрес және ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатының қорытындысына арналған жиналыста спортшылардың нәтижесін сынға алған.

Премьер-министрдің орынбасары ұлттық құрамаға спортшыларды таңдағанда «тамыр-таныстыққа жол бермеу керегін» ескерткен екен.

Хабар 24 телеарнасы