384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу. Елімізде дәрігер тапшы, бірақ оларды дайындайтын оқу орны көп

  • 474
  • UPD: 12:01, 18.10.2019

Университет қаптаған, қайда маман мақтаған? «Айқын» газеті «білікті мамандарды кім дайындайды, қайда даярлайды» деген сұрақтың жауабын іздеді.

Осы тақырыпқа арналған ауқымды мақалада белгілі хирург, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің сұхбатын жариялаған. Онда ол былай дейді: «Елімізде алты медициналық университет бар. Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Семей, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында. Бұл – білікті мамандарды дайындайтын бірден-бір оқу орындары. Медицина университеті бола тұра, жекеменшік оқу орнында медицина факультетін ашудың қажеті жоқ. Бізде мықты алты университет болса, сол елімізге жеткілікті. Дәрігер дайындаймыз деп, академия, университеттерді қаптата беруге болмайды. Өйткені оның сапасы ертең сын көтере алмайтын жағдайға жетеміз».

Иә, дәрігер тапшы. Есесіне, дәрігерлерді дайындайтын оқу орны көп. Онда статистика неге екі түрлі? Кадр тапшылығын жоюдың жалғыз жолы медицина факультеттерін көбейту ме? Білім берудің сапасы жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай дейді: «Бізде мамандар институт бітіреді, сосын қайда барады? Негізінен фармацевтикалық бизнесте, жеке ұйымдарда қызмет атқарады. Неге? Кім «бір тиын» үшін жұмыс істегісі келеді? Бұл дұрыс та шығар. Алайда тек ақшаны ойлайтын адамнан жақсы дәрігер шыға ма? Жақсы дәрігер болуы үшін жақсы адам болуы тиіс. Сондықтан біз жақсы адамдарды, яғни зиялы, білімді, парасатты әрі өз кәсібін сүйетін жандарды тәрбиелеуіміз керек. Сол себепті де тарихи атауы бар университеттер ғана қалып, қал­ғанын жапқан дұрыс», - дейді Байжүнісов.

Цитата: «Бізге білікті кадр, білімді маман керек. Ал бір дәрігердің қателігі бүкіл Қазақстан медицинасының атына кір келтіруі мүмкін. Сол себепті де адам тағдырын сеніп тапсыратын жандардың парасатымен қатар дәрігерлік сауаты да жоғары болғаны маңызды. Сондықтан адам өмірінің арашасысы, денсаулық ісінің дәнекері саналатын кәсіби білікті дәрігерлерді тек қана арнайы бағдарланған жоғары оқу орындарында оқыту қажет деп білеміз».

Хабар 24 телеарнасы