387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көмір бағасын қалта көтере ме?

  • 411
  • UPD: 12:35, 25.10.2019

«Елордадағы ұзаққа созылған құрылыс кешені қалай аяқталады?». Бұл – Егемен Қазақстанда жарық көрген мақаланың тақырыбы.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Баспана Көктал» тұрғын үй кешеніне тағы барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл үй төрт жыл бұрын проблемалы болып танылған. Ондағы үлескерлер саны 500-ден асады. Тұрғын үй кешенін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Елорда құрылыс компаниясы» салып бітіретін болады. «Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады» деп жазған екен «Егемен Қазақстанның» тілшісі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов қыс түскенге дейін барлық есіктері мен терезелерін жауып, үй төбесінің жабынын бекіту керектігін айтты. Тапсыру мерзімі – 2020 жыл. Қалада осы күні жалпы құрылысы аяқталмаған 51 нысан бар.

«Көмір бағасын қалта көтере ме?» Бұл мақала «Орталық Қазақстан» газетінде шыққан екен. Күн суытып, қыс ызғары сезіле бастағалы ауыл халқы әбігерге түсті. Қыстың қамы ғой баяғы. Басты уайым – көмір. Делдалдар аспандағы бағаны сұрайды. Ал ауылда қырып ақша табатын жұмыс жоқ. Зейнетақы мен ұстаздардың айлығына, қорадағы төрт түліктің бетіне қарап, «шықпа жаным, шықпамен» отырған елге бұл айтарлықтай салмақ салуда» деген екен газет тілшісі.

Осы орайда тілші көмір тасымалдаушымен сұхбаттасқан екен. Әлгі азамат былай депті. «Шұбаркөлге» бір күнде барып-келуге болады. Бірақ ол жақта кезек көп. Жан-жақтан келеді. Кейде екі-үш күнге дейін сол жерде бөгеліп қаламыз. Қонатын жер жоқ, көлікте түнейміз. Осындай бейнеттен соң көмірдің бағасы да қымбат болады.

Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен тілдескенде бір байқағанымыз, көмір бағасына жердің шалғайлығы мен жанар-жағармай құны әсер етеді екен. Президент бағаны реттеуге қатысты кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Алыпсатарларды қанша айыптасақ та, дәл қазіргі сәтте шалғай ауылдарды көмірмен қамтамасыз етіп отырған солар. Бәлкім, жергілікті әкімдік көмір тасымалдаушылар үшін жанар-жағармай бағасын арзандату шараларын қабылдау керек шығар. «Тасымалдау шығыны азайса, баға да арзандар еді» деп тілші мақаласын түйіндепті.

Мұның алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге көмір бағасын қолдан өсіріп отырған делдалдарға жол берілмеу керектігі жайлы тапсырма берген.

Қазақстанның қай өңірлерінде көмір бағасы арзан екендігі туралы мақаламен таныс болыңыз.

Атырауда перинаталдық орталықтың 28 дәрігерін жұмыстан кім босатты? Мұны «Айқыннан» оқыдым. «Өз еркімен жұмыстан босау туралы 31 дәрігер өтініш білдірген. Үш дәрігер өз өтінішін қайтарып алды. 28 адамның жұмыстан босауы туралы бұйрыққа қол қойылды. Бірақ олар 7 қарашаға дейін жұмыс істейтін болады», - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Танбаева.

Атап өтерлігі, Атырау облыстық перинаталдық орталығының қызметкерлері, яғни бас дәрігер мен акушер жаңа туған сәбиді өлтірді деген күдікке ілінгенін де тілші жазып кеткен екен.

Хабар 24 телеарнасы