429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелден жұмыс күшін тарту азая ма – отандық БАҚ

  • 885
  • UPD: 19:38, 27.12.2019

Жылдың соңына қарай республикалық және облыстық басылымдарда өзекті сараптамалық материалдар жиі жариялана бастады, хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, көші-қон саласындағы кедергілер, көшедегі қайыршылардың көбеюі және шетелден жұмысшы тартуға қатысты мәселелер көтеріліпті.

Арман болған азаматтық. Түркістан газетінің кезекті санында көші-қон саласындағы өзекті мәселелер көтерілген. Елімізге оралған қандастардың алдынан шығатын ең бірінші кедергі – құжат рәсімдеп, әуелі тұрақты тұру ықтиярхатын, содан соң Қазақстанның азаматы екенін растайтын төлқұжатқа қол жеткізу. Көшіп келушілердің кейбірі қажетті құжатты уақытылы жинап үлгермегендіктен, оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетеді. Салдарынан жатжұртқа қайта қоныс аударуға мәжбүр болғандар бар.

Ал «Айқын» газеті қайыршылар мен қаңғыбастар мәселесін тереңірек зерттеп, тығырықтан шығудың жолдарын табуға тырысады. «Қайырымды қаланың қайыршысы көп» деп аталатын материалда Шымкентте жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесі жарияланған. 998 адамға әкімшілік хаттама толтырылса, 47 адамға қайыршылықпен қайтадан айналысқаны үшін айыппұл салынған. Тіпті бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынғандар да бар. Сонымен қатар тіленшілікті кәсіп еткен 32 шетел азаматы анықталған. Осыларды тізбелеп келген автор мәселені жүйелі шешу керектігін алға тарады.

Материал авторы кейбір Еуропа елдері сияқты қайыршылық үшін жазаны қатаңдатуды ұсынады. Бірақ бұл оларды мүлде қамқорлықсыз қалдыру керек дегенді білдірмейді. Мақаланың толық нұсқасы «Айқын» газетінің сайтына да жарияланған. Тағы бір өзекті ақпарат – елімізде экологиялық құқық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұл 10 есеге көбейеді. Жаңа кодекстің ерекшеліктері «Егемен Қазақстанда» жарияланған. Газет шолушысы Үкіметте қаралған құжатқа егжей-тегжейлі тоқталып, оны қарапайым тілде түсіндіріп береді.

«Шетелден жұмыс күшін тарту азая ма?» Дәл осындай атаумен «Орал өңірі» газетінде ауқымды материал жарияланды. Ол жерде Мемлекет басшысының мұнай-газ саласы үшін біліктілігі жоғары кадрлар даярлауды тапсырғаны айтылып, оның аймақтағы орындалу барысы сарапталған. Өйткені, батыс өңірлер үшін мұнай-кен орындарын игеру саласына отандық жұмысшы күшін көбірек тарту мәселесі өте өзекті.

Хабар 24 телеарнасы