Астанада еліміздің ұлттық этникалық театрларының республикалық фестивалі басталды. Шара барысында алты тілде қойылым көрсетіліп, оны халықаралық театр сыншылары бағалайды. EXPO-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған байқау елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың салт-дәстүрінен сыр шертеді. Оның мақсаты – этносаралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамыту. Еліміздің әр өңірінен келген этникалық театр майталмандары қалыптасқан дәстүр бойынша қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Тілі басқа болса да, тілегі бір өнер иелері бұл жолғы фестивалге ерекше дайындықпен келіпті. Олардың арасында құрылғанына небары 14 жыл болған Оңтүстік Қазақстан облыстық Өзбек драма театры да бар. Жас ұжым әлем классиктерімен қатар қазақ драматургтерінің шығармаларын сахналап жүр. Икрам Хашимжанов, ОҚО өзбек драма театрының директоры: – Осыдан 14 жыл бұрын Елбасы оңтүстікке арнайы атбасын бұрып, жарты миллионға жуық өзбек ұлтының өкілдеріне осы облыстық драма театрды ашып берген болатын. Бұл бүгінгі таңда Елбасымыздың сарабдал саясатын еліміздегі өзбек этностарына деген құрмет деп білеміз. Осымен төртінші жыл қатарынан өтіп отырған байқауға Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов бастаған бір топ өнер иелері қазылық етеді. Сондай-ақ халықаралық театр сыншыларының да сүзгісінен өтетін болады. Талғат Теменов, қазылар алқасының төрағасы: – Біз қай ұлтқа да өзіміздің бауырмашылық, туысқандық құрметімізді көрсетіп келеміз. Мына фестиваль соның дәлелі. Осы ұлттық театрлардың ішіндегі үздік актер, үздік режиссер, үздік суретші секілді номинациялар бар. Бұл байқаудың олар өз жерлеріне, театрларына қайтқан кезде жігерленіп, үлкен бір мақсат, жоспарлар қойып қайтсын деген мақсаты бар. Фестиваль бүгін Ақмола облыстық орыс драма театрының «Жасаусыз қалыңдық» қойылымымен ашылды. 12 шілдеге дейін Астанадағы оқушылар сарайының сахнасында қазақ, ұйғыр, өзбек, корей, орыс, француз тілдерінде қойылымдар сахналанатын болады. Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Бахтияр Ырзаев