Мемлекетке қайтарылған мүлік ақпанда аукционға қойылады
Былтыр жалпы құны 89 млрд теңгені құрайтын 260 мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Оның 14-і аукцион арқылы сатылды. Ең арзаны Біріккен Араб Әмірлігінен қайтарылған 30 млн теңге тұратын темір тұлпар. Ал ең қымбатының құны 6 жарым миллиард теңге. Дәл осындай бағадағы аукционға қатысқан азаматтың бірі коммерциялық ғимаратты сатып алған. Қайтарылған мүліктің иесі сіз де бола аласыз. Саудаға салынған активтерді сатып алушылар үшін арнайы сайт та ашылған.
Гауһартастармен көмкерілген 85 миллион теңгелік әшекейлер жиынтығы. 1 жарым млрд теңге тұратын жер телімі. 3 млрд 700 миллионға бағаланған жылжымайтын мүлік. Бұл жымқырылған ақша мен иемденген дүниелерінің әзірге аукционға шығарылғаны.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Талай жанның баспанаға деп жылдар бойы жинай алмай жүрген қаржысын бір ғана адам білегінде ұстаған. Біздің жемқорлардың бірі таққан швейцариялық мына сағаттың құны 29 млн теңге тұрады. Ал келесі брендтің бағасына не келетінін өзіңіз есептеп көріңіз. Юлис Наадин Классик деп аталады. Бұрынғы иесі бұйымды қалық қаржысын қалтаға басып, сатып алған. Ал сіз адал адал жолмен, аукцион арқылы қолыма тағамын десеңіз кемі 214 млн теңгеңізді сарп етесіз.
Kuva.kz сайтында әзірге 24 мүлік тұр. Аукцион тек E-qazyna порталында онлайн ойнатылады. Сайтқа тіркеліп, жеке басын растаған кез келген адам байқауға қатыса алады. Басты талап шотыңызда саудаға салынған мүлік бағасының 15 проценті болуы керек.
Медет Битабаров, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Басқарма басшысы:
- Біздің балансымызда 2024 жылы 260 мүлік қабылданды. Оның ішінде 196-сы зергерлік бұйымдар. 64 мүлік жер телімдері немесе коммерциялық нысандар, тұрғын үй 2025-те мүлік әлі келген жоқ бізге.
Осы уақытқа дейін сатылған активтердің жалпы құны 15,9 млрд теңге. Оның 4 жарым миллиарды шетелдегі мүліктер. Біріккен Араб Әмірліктерінде 2 автокөлік, Түркияда 3 жылжымайтын мүліктің саудасы жүрген. Ал өз елімізде халық арасында танымал болса да саудасы тұралап тұрған нысандар баршылық.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Бас қаладағы мына Думан қонақүй кешенің қожайыны да халық қаржысына талай жыл думандағаны белгілі болды. Заңсыз иеленген ғимарат жарты жыл бұрын мемлекет меншігіне қайтарылды. Бірақ содан бері кей бизнес нысандар секілді сатылып кете қоймады. Сол жағалаудағы 18 қабаттан тұратын ғимарат аукционға қойылып, бастапқы бағасы 41 млрд теңге деп бекітілген болатын.
Келесі аукцион ақпан айының 5-іне белгіленген. Ол күні Алматы облысындағы 6 жер учаскесі, 2 бірдей серіктестің үлесі және 1 ғимарат пен 1 коммерциялық нысан сатылымға шығарылады. Айта кетер ақпар, аукционға қатысушы азаматтар өзінен бөлек тағы қанша қатысушы барын біле алмайды. Жеңімпаздың есімі жарияланбайды.
Шерхан Абзалұлы