Алматы облысында «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының іріктеу кезеңі аяқталды
Білімді ұрпақ әрқашан озады.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында оқушылар арасындағы «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының іріктеу кезеңі аяқталды. Сайысқа ауданда үздік деп танылған 70 оқушы қатысты. Ойынның облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған 5 оқушы республикалық сайыста өз өңірінің намысын қорғайды.
Сайыс қорытындысы бойынша Шалтай Смағұлов атындағы физика-математика бағытында білім беретін мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Толғанай Мүсірхан бірінші орынға ие болды. Қарасай ауданынан Нұрәлі Алдаберген, Аяна Зауыт, Талғар ауданынан Әділет Ержанұлы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мейрамбек Исамұхамбетов те интеллектуалдық ойынның бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Еліміздің мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсеткен жоба «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Республикалық сайыстың үш жеңімпазы отандық жоғары оқу орындарына берілетін білім грантына ие болады.
Толғанай Мүсірхан, Ш. Смағұлов атындағы мамандандырылған физика-математика лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:
- Жалпы осы сайысқа мен өзімнің бағымды сынау үшін келдім. «XXI ғасыр көшбасшысы» деген доданың болмағанына біраз жыл болыпты және осы жылы, биыл «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына байланысты қайтадан өткізіліп отыр екен. Сол себепті өзімнің бағымды сынап көргім келді және күткендей бірінші орын алдым.