SWAT Challenge: ел намысын қорғаған жауынгерлерді қошеметпен қарсы алды

Әлемге атой салып келген қазақстандық арнайы жасақ сарбаздарын Астанада салтанатпен қарсы алды. SWAT Challenge сайысына қатысқан жауынгерлер отырған ұшақ елорда әуежайына түнде қонды.

Айта кету керек, арнайы жасақтар арасында өткен әлемдік жарыста «Сұңқар» командасы жүлделі екінші орынды иеленген. Бұл жолы ел намысын 12 команда қорғады. Соның дені алғашқы ондықтан көрінді. Сарбаздарды қарсы алу рәсімі ерекше құрметпен өтті.

Арнайы жасақтардың олимпиадасына баланған SWAT Challenge жарысы. 6 құрлықтан ат терлетіп келген 46 мемлекеттің арасында біздің де сарбаздар өз бағын сынады. Осы жолы Қазақстан бұл додаға 12 команда жіберген болатын.

Мергендер, атқыштар. Ел намысын қорғаған сарбаздар үмітті ақтады. «Сұңқар» жасағы 105 команданың ішінде екінші орынды иеленсе, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұланның жауынгерлері үздік ондықтан көрінді.

Қайсарлық, төзімділік, мықтылық қасиеттерін бойына сіңірген сарбаздарды елорда әуежайында жақындары мен жоғары басшылықтары зор қошеметпен қарсы алды.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Сіздерге қарап, біз бір күш, бір жұдырық екенімізге тағы да көзіміз жетті. Қай құрылымда қызмет етпесек те, міндетіміз ортақ. Ол – елдің қорғаны болып, қауіпсіздікті сақтап, заң мен тәртіпті нығайтуға күш құралдарымызды салу. Жастар сіздерге қарап бой түзеді, антқа берік болды, соны көрсеттіңіздер. Құрметті жауынгерлер, біз сіздермен мақтанамыз. Әрқашан да әр сайыста тек қана жеңіс болсын. Алға, Қазақстан!

Баласы бәйгеде шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады. Дубай төрінде әлемнің ең мықты жауынгерлерімен иық тірестіріп келген сарбаздарды қарсы алған жақындары қуанышын жасырмай, көз жасына да ерік берді.

Айта кету керек, бұл жарыста алғаш рет қазақтың қайсар қыздары да өнер көрсетті. Кешегі Әлия мен Мәншүктің ізін жалғаған өжет бұрымдылар ерлермен қатар күш сынасты. Әлем жұртын тәнті еткен жауынгерлер қыздар арасында екінші орыннан көрінді.

Құралай Қабырайқызы, «Томирис» командасының мүшесі:

- Ерлермен бірге өнер көрсеттік. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Біз барымызды салып, дайындалып бардық. Сол еңбегімізге қарай қыздар арасында екінші орынды алдық. Ұлдардың өздері өте алмай жатқан жаттығуларды біз бір қарқынмен өтіп шықтық деп айта аламын.

Қайсарлық, төзімділік, мықтылық. Бұл жай ғана жалаң ұран емес. Қазақ сарбазының нағыз болмысы! Мықтылығын біздің жауынгерлер темірдей тәртіптің, қажымас ерік-жігердің мен жеңіске деген ұмтылыстың арқасында әлемге дәлелдеп берді. SWAT Challenge сайысында арнайы жасақтарымыз тек өзінің кәсіби шеберлігін ғана емес, бүкіл ұлттың намысын арқалап, ел рухын асқақтатты деп толық сеніммен айтуға болады.

ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы жасағының сарбазы:

- Ауызбіршілік, қазақ халқының қалай жұмыс жасап жатқанын осы ІІМ басқа да органдардың деңгейін көрсетеді. Жұмысқа деген жігерлерін оятады. Жастарға намыс, тәрбие деп ойлаймын.

ҚР ҰҚК арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің сарбазы:

- Қазаққа қиын ештеңе жоқ. «Жігітті намыс өлтіреді» дейді. Біз сол намысқа тырысып, қазағым үшін, елім үшін, біздің қызметтеріміз үшін, осы жерде отбасыларымыз, туған-туыстарымыз үшін барынша тырыстық. Алланың қалауымен осындай жетістікке жетіп жатырмыз.

ҚР МКҚ «Сардар» жасағының сарбазы:

- Көрдіңіздер ғой, күндегі жаттығуда барлық бестікке қазақтың командалары кіріп отырды. Ол дегеніміз қазақ арнайы мақсат сарбаздарының шеберлігі, мықтылығы, намысы бар, өте сондай мықты жігіттер.

Арнайы жасақтар арасындағы бұндай жаһандық жарыс – тек әскери шеберлікті шыңдайтын алаң ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ерліктің мектебі. Әрбір кедергі – төзімділіктің, әрбір сынақ – шын батырлықтың көрсеткіші. Бұл додада жеңіс физикалық күшпен ғана емес, рухани қуатпен, отансүйгіш жүрекпен келеді. Ал қазақ жауынгерлерінің жарқын жеңісі өскелең ұрпақты да жігерлендіріп қоймайтыны анық.

Гүлден Ермекова:

- Менің жолдасым қатысты. Үйде тақымды қысып, жанкүйер болып отырдық бала-шағамен. Әкесін көріп, керемет мақтанып, сондай сезімдеміз. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бүгінгі таңда біз өз сарбаздарымызға қарап, батыр бабалардың асқақ рухын сезінеміз. Олардың әрбір қадамы, әрбір жеңісі болашақ жауынгерлерге, Отан үшін от кешуге дайын ұландарға жігер сыйлайтыны сөзсіз.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Асхат Қарақойшиев.