Қазақстан фристайл-акробатикадан Азиадада екінші күміс жүлдесін жеңді
Қазақстан құрамасы фристайл-акробатикадан аралас командалар арасындағы сайыста Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Команда құрамында Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Асылхан Асан өнер көрсетті. Қазақстан қысқы Азия ойындарында жалпы командалық есепте 4-ші орында тұр. Қоржында 1 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль бар.
Шорт-трекшілер Азия ойындарының тарихи алтынына қол жеткізді
Қазақстандық шорт-трекшілер Азия ойындарының тарихи алтынына қол жеткізді. Ерлеріміз ерлеп, 5 мың метр қашықтықта топ жарды. Эстафеталық сында ел атынан Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен және Денис Никиша мен Глеб Ивченко өнер көрсетіп, көк туымызды желбіретті. Бұл жүлде байрақты додада қоржынға түскен алғашқы алтын.
Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен қысқы Азия ойындарының жеңімпазы:
- Қуан, қазақ елі! Алтын медаль алдық. Бүгін барша қазақстандық қуанды деп ойлаймын. Өйткені кешегі күміс медаль тарихи болды, бүгінгі алтын да тарихи медаль болды. Өйткені жаңағы финалда біз Олимпиада және әлем чемпиондарын ұттық. Бұз біздің шорт-тректің деңгейінің өскенін және алып мемлекеттермен бәсекелес бола алатынымызды білдіреді. Қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын.
Ал шорт-тректен Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Олар 3 мың метрлік эстафеталық сайыста Қытайға жол беріп, екінші орынды місе тұтты. Ал 3-ші орын Жапонияға бұйырды. Финалда ел атынан мұзайдынға Малика Ермек пен Ольга Тихонова және Алина Әжіғалиева мен Яна Хан шығып, сәтті өнер көрсетті.
Конькимен жүгірушілер үздік үштіктен көрінді
Конькишілер де қысқы Азия ойындарында үздік үштіктен көрінді. Қола жүлдені Қазақстан әйелдер құрамасы яғни Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина үштігі сыйлады. Олар спринттік бәсекені 1 минут 30 секундта аяқтады. Бұл сында Оңтүстік Корея топ жарса, Қытай екінші орынға табан тіреді.
Қазақстан жалпы есепте 4-ші орында
Дәл қазір қысқы Азия ойындарының жалпы командалық кестесінде Қытай 15 алтынмен көш бастап тұр. Екінші орында Оңтүстік Корея болса, үздік үштікте Жапония құрамасы. Ал Қазақстан 1 алтын, 4 күміс және 2 қола медальмен төртінші сатыға жайғасқан.
Ербол Хамитов парабиатлоннан әлем чемпионы атанды
Словенияның Поклюка қаласында өтіп жатқан бәсекеде жерлесіміз 12,5 шақырым қашықтықты 35 минут 29 секундта жүріп өтті. Осылайша қарсыластарын шаң қаптырып, алтыннан алқа тақты. Екінші орынды канадалық Дерек Заплатонский алса, үздік үштікті америкалық Аарон Пайк түйіндеді. Жарыстың бірінші күні тағы бір қазақстандық пара спортшы спринттік бәсекеде қола медаль еншілеген еді.
Ербол Хамитов, парабиатлоннан әлем чемпионы:
- Бәріне көп-көп рақмет. Отбасыма, бапкерлеріме рақмет. Әлі алда парашаңғыдан әлем чемпионаты болады. Соған дайындаламыз. Алға, Қазақстан!
Павел Колмаков әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері
Фристайл-могулдан ел үздігі Павел Колмаков әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды. Ол АҚШ-та өтіп жатқан жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Отандасымыз қола медаль үшін болған бәсекеде оңтүстіккореялық Чон Дае Юнды жеңді. Бұл сында алтын медаль жапондық Икума Хоришимаға бұйырса, күмісті канадалық спортшы Микаэль Кингсбери иеленді.