Англияда Қазақстан азаматтарының еңбек құқығы қорғалады
Ұлыбританияда маусымдық жұмыстарға тартылған Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтары қорғалады, деп хабарлайды 24KZ. Лондонда қос елдің тиісті ведомстволары экономика, инвестиция, энергетика және басқа да салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Өткен жылдың сәуір айында екі ел арасында стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны белгілі. Қазақ-британ стратегиялық диалогының 8-ші отырысында сол келісімді ратификациялау барысы талқыланды.
Стивен Даути, Ұлыбританияның Мемлекеттік сыртқы істер министрі:
- Біз сауда-саттық қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелеріне тоқталдық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбы да қозғалды. Әлемдік экологиялық байқауда жеңімпаз атанған қазақстандық жоба жайлы да пікір бөлістік. Алдағы уақытта әріптестігіміз нығая бермек.
Қос ел екіжақты стратегиялық диалог жүргізу бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Биыл Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 33 жыл.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Ұлыбритания — Қазақстан экономикасына қаржы құятын 6 ірі инвестордың бірі және маңызды сауда әріптесіміз. Елімізде британиялық үлесі бар 700-ден астам компания жұмыс істейді. Бүгін біз сирек металдар, көлік логистикасы, қаржы, білім, жасыл энергетка салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту перспективаларын белгіледік.
Соңғы уақытта Англияға 6 айға маусымдық жұмысқа келуші қазақстандықтар көбейді. Енді олар жергілікті биліктің қорғауында болады. Кездесу аясында Ұлыбритания фермаларында көкөніс, жеміс-жидек жинап жүрген отандастарымыздың құқықтарын қорғау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Англия мен Уэльсте жұмысшы еңбегін қанаушылармен күресетін агенттік пен еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біріге әрекет етуге келісті.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
- Медиада жарияланған бірнеше арыз-шағымды көзім шалып қалды. Бірақ біздің елшілікке арызданып ешкім келмеді. Британ агенттігімен жасалған меморандумда еңбек мигранттарының құқықтары туралы ашық айтылған. Біз сондай-ақ көші-қон бойынша халықаралық ұйымның жобасын қолдап жатырмыз. Олар Түркістан қаласында жаңа ақпараттық орталық ашты, еңбек мигранттарын алдын ала дайындықтан өткізеді.
Парламентаралық диалогты дамыту мүмкіндіктерін талқылау үшін қазақстандық тарап Ұлыбритания Қауымдар палатасы спикерінің бірінші орынбасары Нусрат Ганимен кездесті. Сондай-ақ Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтында сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен басқосу өткізіп, аймақта болып жатқан өзгерістерді және даму перспективаларын талқылады.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Білім саласы біздің елде индустрия ретінде қарқынды дамып келеді. Қос елдің университеттері іскерлік байланыстар орнатып, жасыратыны жоқ, кіріс келтірудің жолдарын қарастырып жатыр. Отандық қана емес, басқа елдерден де студенттер Қазақстанға келіп, сапалы әрі қолжетімді бағада білім алып жүр.
Елімізде әлеуеті әлі де толығымен ашыла қоймаған инновациялық, ауылшаруашылық, тау-кен, геологиялық барлау бойынша да ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктері көп. Ұлыбритания бұл бағытта өз білімімен және заманауи технологияларымен бөлісуге дайын.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.