Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады
Былтыр аудиторлық тексерістің нәтижесінде бюджетке 135 млрд теңге қайтарылды. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.
Бұл жайында бүгін президент қабылдауында болған Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Оның сөзінше былтыр, 214 нысанда құны шамамен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталды. Көбіне олқылықтар құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде үнемі байқалады. Енді биыл 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланған. Президент тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі.
Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.