Елімізде жыл басынан бері 3882 интернет-алаяқтық тіркелді
Қазір интернет алаяқтар азаматтарды алдау тәсілдерін көбейтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша жыл басынан бері елде 3882 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның ең көбі, яғни, 700-ден астамы жалған қызмет немесе тауар ұсыну. Екінші орында банк қызметкерлерінің атынан қоңырау соғып, жеке деректерге қол сұғу тұр. Ондай жағдай жыл басынан 600-ден асады. Сол секілді азаматтардың ақшасын көбейтіп береміз деп хабарласқан 300-ден астам қоңырау анықталды. Ал онлайн несие рәсімдеу дерегі 200-ден асады. Жалпы алаяқтардың мұндай құрығына егде жастағы, яғни, 50-ден асқан азаматтар көп түседі. «Сондай-ақ адамдардың алданып қалуының басты себебі – алаяқтар санаулы ғана уақытта, тез әрекет етіп, өз құрбанын тығырыққа тіреп қояды», - дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Әлібек Оразалы.
Әлібек Оразалы, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы, полиция полковнигі:
- Азаматтардың ойлануына уақыт бермейді. Тез шешім қабылдауға шақырады. Азаматтарға банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы олардан қандай да бір ақпарат сұрамайды. Егер де қажет болса, өздері шақырып, жағдайды шешеді. Ал телефон арқылы ешқандай ақпарат сұралмайды.