Президент аруларды көктем мерекесімен құттықтады

Akorda.kz

«Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ал Ана – тіршілік пен берекенің бастауы».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Президент түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекті Ақордаға шақырып, оларға жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды. Биыл мерекелік мезіретке бөленген еңбек адамдары көп.

Бүгін Ақордада мерекелік көңіл-күй. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аруларды халықаралық арулар күнімен құттықтайды. Қазір салтанат залында дайындық қызу. Мұнда әртүрлі саланы ұршықша иірген 70-ке жуық ару жиналған. Олардың қатарында дәстүрлі мамандықтардан бөлек, күштік құрылым өкілдері, құтқарушылар, тіпті құрылысшылар да бар. Иә, биыл жұмысшы мамандарға көбірек көңіл бөлінгені байқалады. Ақордадағы құрметті төрге қарапайым инженер, дәнекерлеуші және тролейбус тізгіндеген нәзікжандар шықты. Мерекелік шарада өнер мен өндіріс өкілдері бір қатарда тұрып, депутат пен мал дәрігері иық тіресе отырды. Бұл еңбек адамдарына берілген лайықты баға. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін құттықтаумен бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қымбатты ханымдар, аяулы арулар! Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді.

«Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы». Бұл Президенттің аруларға таққан айдары. Мемлекет басшысы «Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі – ең алдымен, аналардың арқасы», - деді. Нәзікжандарды өмірдің мәніне, тіршіліктің сәніне теңеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын!

Әйелмен әлем әдемі. Бұл сөздің астарында мол мағына бар. Есімі тарихта таспен қашалған аналарымыз аз емес. Президент Тұмар мен Бопай ханымдарды, Домалақ, Зере мен Ұлпан ана және Әлия, Мәншүк сынды батырларды еске салды. Олардың тағылымды жолын қазіргі арулар да жалғап жүр. Соның бірі – Қарлығаш  Бәкірова. Ол Астанадан Мәскеуге бағыт алған ұшақта 85 жастағы жолаушының өмірін аман алып қалды. Қысылтаяң тұста қайсарлық көрсеткен қаракөз бүгін Ерең еңбегі үшін медалімен марапатталды.

Қарлығаш Бәкірова, дәрігер:

- Дәрігер деген бір сөз өте терең мағынаға ие. Мен ол ұшақта кездейсоқ болған шығармын. Мұндай жағдайға тап болу кез келген дәрігер үшін ауыр сынақ. Әсіресе, реанимация бөлімінде жұмыс істемейтіндер үшін, өйткені олар күнделікті мұндайды кездестірмейді. Сол оқиғадан бір апта бұрын реанимациялық шараларды есіме түсіру үшін студент кезімнен қалған барлық қағаздарды қарап шыққан едім. Оның бәрі бекер болмаған екен.

Шаңыраққа жылылық пен жайлылық, ал тіршілікке сұлулық пен үйлесім сыйлаған бұрымдыларды қорғау – парыз. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев «Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді» деп жеткізді және нәзікжандарды қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Болашағын ойлаған ел, ең алдымен әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды. Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді.

Әйел – ана ғана емес, білікті маман да бола алады. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы – қыздар қауымы. Олар Төтенше жағдайлар мен күштік құрылым қатарында да аз емес. Ер азаматтармен үзеңгілес болып, ауыр жұмысты абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – Анаргүл Аманжолқызы. Ол Төтенше жағдайлар министрлігінде департамент басқарады. Мереке қарсаңында Бауыржан Момышұлы атындағы ІI дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Анаргүл Әбуева, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің департамент бастығы:

- Марапат алатынымды естігенде таңғалдым. Қатты толқып тұрмын. Еліміз үшін, біздің еңбегімізді Мемлекет басшысының бағалағаны үшін мақтаныш сезімі кеудемді кернейді.

Биыл алғаш рет Қазақстанның Еңбек сіңірген құрылысшысы және Өнеркәсіп қайраткері құрметті атақтары табысталды. Бұл медаль әрине аруларға бұйырды. Президент: «жұмысшы мамандарға құрмет көрсетіліп, дәріптеу керек», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл елімізде – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады.

Тарихи марапат алып, өндіріс озаты атанған Майра Ерманова қуанып та, қобалжып та тұр. Оның мамандығы инженер технолог. 40 жылдан бері мыс байытумен айналысады.

Майра Ерманова, инженер-технолог, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері: 

- Өте қиын сала деп айтсам да болады. Бұл – ер мінезді, өзін көрсете алатын, әйел азаматы істейтін сала. Кез келген әйел затының шыдамы жетпейді. Сезімімді айтып жеткізу мүмкін болмай тұр. Президентімізді жақыннан көріп, осыншама марапаттап жатқанына қуаныштымын. Аз ғана еңбегімді жоғары бағалап, осыншама құрметтеп жатқанына өте қуаныштымын.

Ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен үлгілі қазақ әйелі көп. Олар үшін «Қауіпті жұмыс ер адамға ғана арналған» деген түсінік – таптаурын. Кез келген кәсіпті игеруге бейім, жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамайды. Соның бірі – Баянгүл Қожабергенқызы. Ол дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. 20 жылдан аса уақыт өндіріс ортасында, металмен еңбек етеді.

Баянгүл Қамбарова, электрмен дәнекерлеуші, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені иегері:

- Өте толқыдым. Еңбегімізді бағалап, Астанаға шақырып, марапат алғаныма қуаныштымын. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Енді осылай әр жұмыскердің еңбегі бағаланғаны дұрыс ғой деп ойлаймын. 

Ал Мақпал Қожамсейітова троллейбус тізгіндеген ару. Еңбек өтілі 13 жыл болды. Салаға қызығушылықпен келген ол алдымен трамвай басқаруды армандады. Алайда заман ағыммен көлік ауыстырды, «қызметіммен мақтанамын», - дейді ол. 

Мақпал Қожамсейітова, троллейбус жүргізушісі:

- Өте керемет сезім. Бұл сезімді тіпті айтып жеткізе алмаймын. Менің бірінші марапатым. Бізді елеп-ескеріп, тасадан қалдырмай марапаттап жатқанына қуаныштымын, бақыттымын. 

Бүгін Ақорда – арулардың құшағын гүлге, келбетін күлкіге толтырды. Жауапты жұмыста жүрсе де, нәзік болмысынан ажырамаған олардың көңілі тоқ, мәре-сәре. Міне, әйелмен әлем әдемі деген сөздің бар мәнін осы қаракөздердің күлкісінен қарап көруге болады.