Қ. Тоқаев Самарқандтағы саммитте экотехнологияларды дамытуға үндеді

Орталық Азия – жер шарындағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі.

Сондықтан опық жеп қалмас үшін осы бастан ортақ іске жұмылу керек. Самарқандта өткен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясында Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиналғандарды экологиялық таза технологияларды дамытуға үндеді. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін бір-бірімізге жан-жақты қолдау керегін жеткізді.  

Жаһанда бір жұтым суға зар боп отырған жұрт бар. Ал жаһандық жылыну жайлағалы тіршілік нәрінің тапшылығы жаппай айтыла бастады. «Ауруын жасырған өледі», демекші, бұл расында өзекті мәселе. Орталық Азия үшін де өткір тұр. 

Саммитте сөз алған Президент салмақты соған салды. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтылу 30 пайызға кеміген. Ал, аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз.

Жаһандық жылыну проблемасымен әлем әбігер. Әйтсе де, Орталық Азияда ол құбылыс екі есе жылдам жүріп жатыр. Мұздықтар тұздай еріп, дала қуарып, айдындар суалып жатқаны соның айғағы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осындай күрделі жағдайда аймақ елдерінің күш-жігерін бір мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. Сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары елдеріміздің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Біз экономикалық өсім мен климаттық саясат арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтауымыз керек. 

Яғни экономиканы өсіру үшін экология өшпеуі тиіс. Бәріне де үйлесім керек. Жалғыз жол – жасылдандыру. Жаңартылатын энергия көздері – елдің стратегиялық міндетіне айналды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Уран өндірісінің 40 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Жер бетіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығы атом электр стансаларында өндірілетінін ескерсек, оның салмағы арта түседі. Қазіргі кезде еліміз зиянды шығарындыларды азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін алғашқы атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр.

«Көміртекті егіншілік». Бұл өсімдік арқылы топыраққа көміртекті сіңіріп, оны ұзақ сақтау технологиясы. Елдің ендігі межесі осы. Негізі экожүйені қалыптау үшін сирек кездесетін элементтерді игеру керек. Президент ондай минералдардың қоры барын және оны өңдеуге де әлеует жеткілікті, деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаһан елдерінің «жасыл» дамуға бет бұруы ең жақсы, таза, қауіпсіз және өркендеген әлемнің негізін қалауға керемет мүмкіндік екені күмәнсіз. Алайда ол үшін климаттың өзгеруіне бағытталған мемлекеттік және жекеменшік қаржыландыру көлемі де соған сай болу керек. Әйтпесе көміртек бейтараптығына қол жеткізу қиынға соғады. Оның алдын алу үшін бізге күш-жігерімізді еселеп, серіктестік аясын кеңейту керек. Мұндай күрделі сынақты бірде бір ел жалғыз өзі еңсере алмайды.

Жаппай ағаш егу де жақсы үрдіс. Осы ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы баянды болды. Мұрат – экологиялық сана қалыптастырып, ұрпақты табиғатты аялауға үндеу. Бұдан бөлек Өзбекстанмен бірге атқарылып жатқан Аралдың табанына жасыл желек егу жұмыстары да жүйелі. Елден хабардар еткен Президент бәріне ортақ оймен сөзін түйіндеді. 

Биоалуантүрлілік. Орталық Азиядағы бірегей және жойылу қаупі бар жануарлар мен өсімдік түрлерін сақтауға шақырды. Жауапты істен жалтармау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Нысаналы Ығыл, Ділмұрат Сейдаханов