Президент әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты жиын өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің және басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен жиын өткізді.

Онда әлемдік нарықтағы тарифтік қаҚтығыстардың салдарынан ел экономикасында қалыптасқан ахуал қаралды. Әсіресе энергетика ресурстары және негізгі тауарлар бағасының құлдырауы алаңдатады. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұл жұмыс қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде өсімді және тартылатын инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі аса қолайсыз жағдайға қарамастан елдің экономикалық дамуы бойынша өзі жариялаған басымдықтар, соның ішінде ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика саласын жаңғырту бастамалары толық жүзеге асырылатынын айтты. Президент келесі аптада осы мәселеге орай арнайы кеңес өткізуді жоспарлап отыр.