Президент Шымкенттегі сапарында экономикалық даму мен тұрақтылықты басты назарға алды
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық тарифтерге арналған салықты көтеруге 90 күн мораторий жариялау туралы шешімін құптайды. Бұл жөнінде Президент Шымкентке қала жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы қазіргі сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасын сақтап қалу маңызды екеніне тоқталып, ол үшін салмақты шешімдер қабылдау қажеттігін атады. Жалпы шырайлы Шымкентке жасаған сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен танысты.
Риат Шони, тілші:
- Тарих пен тағдыр тоғысқан, шежірелі өлкенің шырайы – Шымкент. Бұл шаһар көне ғасырлардың үніндей болып, Тұран даласының түкпірінен бүгінге жеткен бабалар аманаты іспетті. Бүгінде Шымкент – республикалық маңызы бар қала, еліміздің үшінші мегаполисі. Дамудың даңғыл жолына түсіп, күннен күнге құлпырып келеді.
Шырайлы Шымқаланың қазіргі даму жайын көріп, кезінде берілген тапсырмалардың орындау барысын бағалау үшін Мемлекет басшысы шаһарға арнайы келді. Нөмір бірінші борт Шымкент әуежайына түске таман қонды.
Ел аумағында халықаралық әуе хабын құру үшін 6 әуежай бекітілген болатын. Солардың қатарында Шымкент әуе айлағы да бар. Бұл бағытта ілкімді істер атқарылған. Былтыр жаңа терминал пайдалануға берілді. Ол сағатына 2 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру үшін отандық әуе компания 24 млрд теңге инвестиция құйған. Қазір Шымкент әуежайы 7 ішкі және 10 халықаралық бағыт бойынша рейстер қабылдайды.
Шымкент әуежайының инфрақұрылымын дамыту жоспары ауқымды. Алда атқарылатын жұмыстардың барысымен бүгін Мемлекет басшысын отандық әуе компанияның жетекшісі таныстырды. Келешекте мұнда жүк тасымалдайтын ұшақтарға қызмет көрсететін терминал салу жоспарланған.
Дәулет Хамзин, Шымкент халықаралық терминалы директорының орынбасары:
- Жаңа терминалдың ашылуымен біз халықаралық бағыттар бойынша ауқымды жұмыстарды бастадық. Биылдың өзінде 8 жаңа маршрут пайда болды. Оның ішінде Сиань, Шанхай, Үрімші де бар. Сондай-ақ алдағы уақытта Сеул, Каир, Мюнхен, Будапешт бағыттары ашылатын болады.
Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымкент Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстанмен шекараға өте жақын орналасқан. Бұл оның халықаралық сауда мен транзиттік тасымал үшін маңызды орынды иеленуіне ықпал етеді. Бүгінде Шым қала Орталық Азия өңірінің әлеуетті көліктік-логистикалық хабы ретінде қалыптасып келеді. Мұнда аумағы 92 гектар болатын сауда-логистикалық орталығы құрылған. Ол жерде негізінен азық-түлік сақтайтын қоймалар жайғасқан.
Риат Шони, тілші:
- Бұл – Шымкенттегі заманауи көкөніс қоймасы. 90 мың тонна өнім сақтауға қауқарлы кешен Knight Frank халықаралық классификациясы бойынша ең жоғары А+ санатына ие. Яғни, мұнда заманауи салқындату, қауіпсіздік, тиеу-түсіру жүйелері орнатылған. Айта кетерлігі, өнім қоймада ұзақ сақталмай, бірден жүк көлігіне тиеліп, жолға шығады. Географиялық орналасуы да тиімді – кешен әуежайға жақын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы мен теміржолдың дәл жанында орналасқан. Осының бәрі өнімнің балғын күйінде тез жеткізілуіне, логистиканың оңтайлануына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті кәсіпкер 15 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсаған. Соның арқасында бүгінде 207 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Айжан Наимбекова, компания құрылтайшысы:
- Ақпан, наурыз айларында картоптың бағасы өседі. Маусым бітейін деп жатқан кезде. Бұл айда қоймаға қойып, 6-7 айдан кейін сол тұрған күйінде сақтап, сатуға болады.
Блиц 1:
- Біз өзіміз негізі маңызы бар азық-түліктің көбісін өзіміз өндіреміз. Ол ұн, макарон, пісте май, қойдың май, ірі қараның еті, картоп, сәбіз, пияз осылардың барлығын біз өзіміз өндіріп, өсіреміз. Осылардың бәрін біз осы қоймада сақтай аламыз.
Блиц 2:
- Біз Ақтөбеден және Алматыдан осындай қойма ашайық деп отырмыз.
Қойма аумағында Президент ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін аралады. Мемлекет басшысының назарына негізінен жеміс-жидек пен көкөніс, сүт өнімдері, өсімдік майы сынды тауарлар ұсынылды. Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкентте өнімді қайта өңдеу бағытына көп көңіл бөлініп келеді. Бүгінде бұл істі 50-ге жуық кәсіпорын меңгерген. Былтыр олар 168,5 млрд теңгенің өнімін қайта өңдеген.
Сондай-ақ Президент Шымкенттегі Кока-коланың жаңа зауытына да барып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өз өндірісінде заманауи технологияларды қолданады. Барлық процесс автоматтандырылған. Бұл – әлемдік алпауыттың Қазақстандағы үшінші зауыты. Жалпы компания ел экономикасына 106 млрд теңгеден астам инвестиция құйған. Айта кету керек, жаңа зауытта халықаралық стандарттарға сай келетін экологиялық таза технологиялар мен қалдықтарды басқару жүйесі енгізілген.
Бүгінде Шымкент күннен қуат алған қала ғана емес, табиғатпен үйлесім тапқан жасыл мекенге айналып келеді. Соның жарқын дәлелі – Shymkent City шағын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа саябақ. Бұл жоба табиғатты аялау мен қала экологиясын жақсартуға бағытталған. 30 гектарға жуық аумақты қамтитын саябақта балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық аймақтар мен веложолдар салынған. Абаттандыру жұмыстарымен танысқан Мемлекет басшысы мұнда ағаш отырғызды.
Бұдан соң Президент саябақ маңында бой көтерген қаланың жаңа мәдени нышаны – Tulip Hall кешеніне бет алды. Қызғалдақ пішінінде салынған заманауи ғимарат үш қабаттан тұрады. 2066 орынға арналған. 190 адамдық конференция залы да бар. Мұнда концерт және мәдени шаралардан бөлек халықаралық жиындарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Бұл нысанда Мемлекет басшысы қаланың белсенді азаматтарымен кездесіп, мегаполисте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты.
Тағы Мемлекет басшысы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Орайлы сәтті пайдаланған қала ақсақалдары ғимараттың атауына қатысты өзгеріс енгізу ұсынысын да айтты.
Кенжехан Төлебаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Біз ардагерлер қауымы Tulip hall деген сөзді түсіне бермейміз. Оны әртүрлі мағынада тулип па, тұрып па деген әңгімелер әзілдесіп айтып жүретін едік. Қазақша аударғанда қызғалдақ деген мағынаны береді екен. Неге қызғалдақ немесе жауқазын деп қоя салмаймыз.
Президент ақсақалдардың бұл ұсынысына қолдау білдірді. Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы шырайлы шаһардың қазіргі даму қарқынына көңілі толатындығын жеткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Тағы қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар екенін атап, шымкенттіктерге өз ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Президенті Тоқаев, Қазақстан Республикасының Презизденті:
- Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды Tulip Hall деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты да пікір білдірді. Жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүниежүзінде күрделі ахуал қалыптасып келе жатқанын еске салды.
Қасым-Жомарт Президенті Тоқаев, Қазақстан Республикасының Презизденті:
- Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді.
Қазіргі сын-қатерлерге қарамастан ел экономикасын сақтап қалу маңызды. Сондықтан әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау қажет. Осы ретте Президент Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанатындығын жеткізді.
Қасым-Жомарт Президенті Тоқаев, Қазақстан Республикасының Презизденті:
- Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз.
Бұдан бөлек, Президент салық реформасы жайында да пікір пілдірді. Мемлекет басшысының сөзінше бастапқыда салық жеңілдігі бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген. Бірақ кей кәсіпкерлер ақша төлеуден жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастаған. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Енді бұл құжат тиісті төлемдерді дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс.
Қасым-Жомарт Президенті Тоқаев, Қазақстан Республикасының Презизденті:
- Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды.
Президент «Таза Қазақстан» акциясына да ерекше тоқталып, бұл жоба аз уақыт ішінде жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті. Оған шымкенттіктердің де қосқан үлесі зор. Былтыр қалада 200-ден астам аула мен қоғамдық орын тазартылды, 200 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Осы ретте Президент бұл акция сенбілікке шығумен шектелмейді. Оның ауқымы және мағынасы өте кең екенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы: «елде заң мен тәртіп біржола үстемдік құруға тиіс», - деді. «Өйткені ол – тұрақтылық пен дамудың кепілі. Заңды бұзған әркім жауапқа тартылуы тиіс. Сонда ғана әділетті, қауіпсіз және қуатты мемлекет құра аламыз», - деді Президент.
Ал кездесу соңында Мемлекет басшысы жұртшылықтың Шымкент қаласында Мәдениет және өнер университетін ашу жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл жөнінде Президент қала әкімі мен Мәдениет және ақпарат министріне тиісті тапсырманы да берді.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов. ПТРК.