Сирияға аттанған бітімгерлер жасағының алғашқы легі елге оралды

Бүгін Голан жоталарына аттанған қазақстандық бітімгерлер жасағының алғашқы легі елге оралды, деп хабарлайды 24KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясында бір жыл бойы елден жырақта жүрген сарбаздарды Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері мен әріптестері қарсы алды.

Астанадағы әскери әуе базасында қазақстандық бітімгерлердің алғашқы жасағын бүгін салтанатты түрде қарсы алды. Бір жылдық миссия барысында олар Сирияда әскери қақтығысты тоқтату режимін қамтамасыз етуге қатысып, бақылау бекеттерін күзеткен. Сондай-ақ БҰҰ қызметкерлеріне бас көз болып, жарылғыш заттарды да залалсыздандырған. 

Ұлттық бітімгерлік контингент командирі, подполковник Жігер Айыпов қазақстандық сарбаздардың Фауар базасында бір жыл ішінде 600-ден астам тапсырманы орындағанын атап өтті. Бітімгерлер аумақты бақылап, гуманитарлық жүктерді жеткізу, эвакуациялау жұмыстарын атқарып, 400-ден астам жарылғыш затты жойған.

Жігер Айыпов, Ұлттық бітімгерлік контингент командирі:

- 2024 жылдың 14 наурызы күні біздің бірінші бітімгершілік контингент 139 адам құрамында Сирия Республикасына Голан биіктіктеріне БҰҰ-ның ажыратуды бақылау күштерінің құрамына миссия атқаруға аттанған болатын. Осы таңда жеке құрам түгелдей аман-есен миссиясын аяқтады. Қазір 99 адам елімізге оралып отыр. Қалған жеке құрам бір аптадан кейін оралады. Өйткені лауазымдары мен істерді тапсыру керек екінші контингентке және де жауапты аймақтағы маршруттарды және БҰҰ-ның базаларына қалай барып, қалай өз міндеттерін атқару керек екенін түсіндіру үшін сол жақта қалды.

Контингент құрамын нәзік жанды әскери қызметшілер де толықтырды. Олардың қатарында медицина қызметкері, аспаз, тіпті мерген де бар.

Ардақ Гумранқызы, медициналық қызмет сержанты:

- Миссия барысында мен гендерлік сұрақтар бойынша рота командирінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқардым. Бір жыл ішінде біздің рота жоғары жетістікке қол жеткізді. Жергілікті тұрғындар да жылы қарсы алды. Екінші жасақ та өздерін жақсы көрсетеді деген үміттемін.

Бітімгерлік миссия физикалық дайындықты ғана емес, жоғары тәртіп пен күйзеліске төзімділікті де талап етеді. Талапқа сай болу үшін отандық жауынгерлер қақтығыс аймағына аттанбас бұрын ұзақ уақыт арнайы дайындықтан өткен.

Жанарыс Маратұлы, аға сержант:

- Алматы қаласындағы Шелеккемер деген ауылға барып, сол жерде Қазақстан батальонының «миротворцких», сонда жаттық. Іріктеу болды. Неше түрлі дайындықтардан өттік. Тексерді бізді. Дене дайындығы. Кәсіпқойлығымызды бәрін тексеріп, содан сүрінбей өтіп шықтым.

Қызметін мінсыз атқарған қазақстандық бітімгерлердің жеке құрамы миссия басшылығы мен БҰҰ хатшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл Қазақстанның бітімгерлік тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына жол ашты.

Авторлары: Томирис Біләл, Назым Қайрат, Мұрат Әріпханов