Президент Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді

Су тапшылығы мәселесі, жылу желілері мен сақалды құрылыстар. Білім берудегі түйткілдер. Мемлекет басшысы өңірде әлі де назар аударатын мәселелерге мән берді, деп хабарлайды 24kz.

Президент төрағалығымен өткен Маңғыстаудың әлеуметтік экономикалық дамуы жөніндегі жиында қандай мәселелер көтерілді?

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Сапар барысында Президент өзінің төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Әуелгі сөзінде өңірдің экономикалық даму көрсеткіштерінің өсіп келе жатқанына тоқталды. Өткен жылдың 9 айының өзінде өңірдің жалпы өнімі 3.7 трлн теңгеге жеткен. Осы ретте инвестиция мәселесін тілге тиек ете кетсек.

Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы

Негізгі капиталға инвестиция (2024 ж) 1 трлн. 79 млрд тг

Шетелдік тікелей инвестиция (2024 ж) – 1,1 млрд $

Инвестициялық пул – 55 жоба – 5,7 трлн тг

Жұмыс орны ашылады – 6.1 мың

Былтыр негізгі капиталға 1,79 трлн теңге инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,1 млрд АҚШ доллларынан асты. Қазіргі таңда 5,7 трлн теңгеге 55 инвестициялық жоба пулы жасақталды. Бұл жобалар 6,1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы аймақ тұрғындарының өсіп келе жатқанын атап өтті. Қазірдің өзінде 800 мың, алдағы уақытта миллионға жетеді. Бұл экономикаға, әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ. Әсіресе, ауызсу мәселесін шешу өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен, әсіресе, жаз айларында ауызсу тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауызсу белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек.

Су тапшылығы мәселесінің шұғыл шешімі «Самрұқ Қазына» мен Үкіметтің еншісі десек жылу мен тұрғын-үй түйткілдерін әкімдік реттеуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардағы үлескерлік қаржыға салынған сақалды құрылыстарға дейін біледі екен. Ал 77 мың шағын және орта бизнес нысаны 150 адамға жұмыс беріп отыр. Биыл оларды қолдауға мемлекет 16 млрд теңге бөлетінін айтты Президент. «Mangystau Business» бағдарламасы аясында да кәсіпкерлер 1,5 млрд теңгенің көмегіне иек арта алады. Маңғыстау өлкесінің стратегиялық артықшылықтарының бірі – Еуразия құрлығының транзиттік хабы ретіндегі мүмкіндігі. Молайту керек. Өңірдегі білім сапасы да Қасым-Жомарт Кемелұлының назарында екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37%-інің білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20%-і оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі.

Мемлекет басшысы медицина саласына да біраз сын айтып, нәресте өлімінің көптігі мен жедел жәрдем бригадаларының жетіспеушілігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қандай жағдай болмасын әлеуметтік міндеттемелердің барлығын орындайтынын айтты. Бірақ өз тарапынан да үш талабы бар екен. Адал жұмыс, озық ойлауға ұмтылу және жастарға дұрыс білім. Қорыта айтқанда Маңғыстау өңірінің даму әлеуті зор, тек соны пайдаланбақ керек.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Еділ Ермекбаев, Бақытбек Нұртаев, ПТРК көмегімен