Қ. Тоқаев пен Г. Бердімұхамедов өнеркәсіп көрмесін аралады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов SPK Turkistan индустриалды паркіне барып, өнеркәсіп көрмесін аралады.
Мұнда құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, тракторлар, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар және тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған. Алдағы уақытта паркты ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салынып, сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жоба іске қосылады. Одан бөлек, аралау барысында ғарыш, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы сынды бағыттағы қазақстандық өндірушілердің көрмесі таныстырылды. Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.