Президент: біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз

Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Иә, Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, һәм дінене қатысты кемшіту болмаған, болашақта да бұған жол берілмейді. Бұл жайлы да мемлекет басшысы баса айтты. Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды.